ШҚО-да алимент төлемеген 60-тан астам адам анықталды

23 ақпан 2022, 23:04

Шығыс Қазақстан облысында баласына алимент төлемеген 60-тан астам адам анықталды. Бұл туралы ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 
Департамент мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша жыл басынан бері баласына алимент төлемеген 60-тан астам азамат табылды.

«Мәселен, Үржар ауданында тәртіп сақшыларына алимент төлеуден жалтарып жүрген ер адамға іздеу жариялау туралы жеке сот орындаушысының қаулысы түсті. 34 жастағы ер адам кәмелетке толмаған жалғыз баласын асырауға алиментті бір жылдан астам уақыт бойы төлемеген. Көші-қон қызметі бөлімінің мамандары азаматты бір тәулік ішінде тапты. Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны Алматы қаласында жүрген», - делінген ақпаратта.
Ер адам өз сөзінде ресми жұмысқа орналаса алмай, кездейсоқ табыспен күнкөріп жүргендіктен, алимент төлей алмағанын айтты. Енді тәртіп бұзушыдан қарызды өндіріп алумен сот орындаушылары айналысады.