"Шымкент жастар лигасы" өз мәресіне жетті

02 маусым 2022, 13:25

Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған  "Шымкент жастар лигасы" өз мәресіне жетті. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің бастамасымен қолға алынған тартысты бәсеке бір тоқсан бойы жалғасты. 

“Президент тапсырмасымен жастарды салауатты өмір салтына баулу,  бұқаралық спортты дамыту мақсатында «Шымкент жастар лигасы» шаһарда биыл екінші рет ұйымдастырылды. Оқушылар тек спорта ғана емес, өздері білім алып отырған мектептің беделі мен абыройы үшін сайысқа түсті. Бүгін олар ол мектептерінің намысын қорғаса, ертеңгі күні елімізді танытуға атсалысып, отанымызға адал қызмет ететін азамат болады деген сенімдемін. Баршаңызды бүгінгі балалар мерекесімен құттықтай отырып, бүгінгі жеңістеріңіз өмір жолдарыңыздың үлкен бастауы болсын дегім келеді. ”, – деді Мұрат Әйтенов.

"Қажымұқан" орталық стадионында өткен финалда N65 мектеп командасы мен N90 мектеп командасының ойыны тартысты өтті. Футболдан өткен додада N65 мектеп шәкірттері қарсыластарын 3:1 есебімен жеңіп, футболдан биылғы Жастар Лигасының чемпионы атанды. Балалар күніне орайластырылған жобаның жабылу рәсіміне қатысқан шаһар басшысы чемпиондарды марапаттады.

Бұқаралық спортты дамыту және ҚР чемпионаттарына команда жасақтау үшін ұйымдастырылған жобаның биыл аясы кеңейді. Өткен жылы 140 мектеп қатысқан болса, биылғы біріншілікке спорттың төрт түрінен қаладағы 151 орта мектептен 6 мыңға жуық оқушы сайысқа түскен.

Жарыс спорттың футбол, волейбол, баскетбол, сонымен бірге интеллектуалдық шахмат ойындарынан өтті. Жалпы жүлде қоры – 80 млн теңге. Ал жеңімпаз командаларға 20 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды. Осылайша, чемпиондар өздері білім алатын білім ошақтарының материалдық базасын жаңалауға атсалысады.

"Демеушілер ұсынған қаражат мектептің қажеттілігіне жұмсалады. Ақшаның тиімді жаратылуы да қадағалауда болады. Мәселен, былтырғы чемпиондарға берілген 80 млн теңге мектептердің сынып бөлмелерін жасақтап, интерактивті тақта алуға жұмсалды",-  дейді қала әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан:

Айта кетейік, спорттық жарыстарға төрелік етуге және ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуге 400-ге жуық дене шынықтыру және спорт саласының маманы жұмылдырылған. 

Лига нәтижесінде шахматтан І-орын иеленген Ө.Жолдасбеков атындағы №9 IT мектеп-лицейінің жаттықтырушысы Болат Жақыповтың айтуынша, Жастар Лигасы қолға алынғалы мектептерде арнайы шахмат кабинеттері ашылып, балалардың зияткерлік ойынға қызығушылығы артқан. Жаттықтырушы шахматтың Жапония, Корея елдерінде пән ретінде оқытылады, себебі, бұл ойын түрінің жеткіншектердің өзге дәріс бағдарламаларын тез меңгеруіне септігі зор дейді. 

"Лиганы бірлесе ұйымдастыруға алматылықтар мен жамбылдықтар қызығушылық танытуда. Сондықтан да байрақты бәсекені алдағы уақытта өзге өңірлерде өткізу арқылы аясын арттыру жоспарлануда" - дейді жастар ресурстық орталығының директоры Мағжан Исақов.

Лига қорытындысы:

Шахмат

І-орын Ө.Жолдасбеков атындағы №9 IT мектеп-лицейі
ІІ-орын Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы
ІІІ-орын Т.Тажибаев атындағы №47 мектеп-гимназиясы

Баскетбол

І-орын - М.Х. Дулати атындағы №8 мектеп – гимназиясы
ІІ-орын - Әл-Фараби атындағы №113 жалпы орта білім беретін мектебі
ІІІ-орын - Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы

Волейбол

І-орын - Әл-Фараби атындағы №113 жалпы орта мектеп
ІІ-орын - Ахмет Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясы
ІІІ-орын - Ж.Аймауытов атындағы №64 мектеп-гимназиясы

Футбол
І -орын № 65 жалпы орта білім беретін мектебі
ІІ-орын № 90 мектеп-гимназиясы
ІІІ-Т.Тажибаев атындағы №47 мектеп-гимназиясы