Шымкент қаласында 1,5 мыңға тарта кәсіпкер салықтан жалтарды деп айыпталды

28 желтоқсан 2022, 23:32

Шымкент қаласында 1,5 мыңға тарта кәсіпкер салықтан жалтарды деп айыпталды. Құзырлы орган оларды мың айлық есептік көрсеткіштен аспайтын келісімшарттарды ұдайы жасап отырғаны үшін жауапкершілікке тартқан. Алайда кәсіпкерлер палатасы әкімшілік жазаға тартылған 242 бизнес нысанына айыппұл заңсыз салынған деп есептейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

 
Мысалы құрылыспен айналысатын компанияның бірі биыл 400 миллион теңгеден астам қаржыға әртүрлі заттарды сатып алған. Ол үшін тауар жеткізуші 16 мекемемен 178 келісімшарт жасасқан. Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері кәсіпкер төлемді әдейі бөліп, салықтан жалтармақ болды деп санайды. Сондықтан 20 миллион теңге айппұл төлеуге міндеттеген. Ал кәсіпкер сот арқылы өз әрекетінің дұрыстығын дәлелдеп шықты. Кәсіпкерлер палатасы осындай шағым иелерінің мәселесін қала прокуратурасына жолдады. Енді салық мекемесіне құқықтық баға берілуі тиіс.

 «Жағдай күн сайын ауқымдылыққа ие болып отыр. Шиеленсуде. Құқықтарды қорғау шеңберінде палатаның бизнес омбудсмені, кәсіпкерлер құқықтары жөніндегі уәкілі Жұрсынов Рустамға орталық шеңберде көмек көрсету туралы хат жолданған болатын. Сонымен қатар барлық келіп түскен арыздар қала прокуратурасына жолданған», - деді қалалық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Майя Исаева.