Шымкентте қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың туыстары прокуратура алдында аштық жариялады

04 сәуір 2022, 15:25

Шымкентте қаңтар оқиғасына қатысты күдікпен қамалғандардың туыстары прокуратура алдында аштық жариялады. Бұған дейін бірнеше рет наразылық білдірген топ жанайқайларын осылай білдіруден басқа амалдарының қалмағанын айтады. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі Aibat ақпараттық қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Әуелі екі ай бұрын қамалған туыстарының теміртордағы тергеуі тым созылып кетті деген жұрт олардың ең болмаса үй қамаққа жіберілуін сұрайды. Осы мақсатта оншақты адам қалалық прокуратураның алдына келіп, аштық жариялады.

Прокуратура алдында аштық жариялағандар түнгі 12-ге дейін тарамады. Соңынан полицейлер келіп, жиналғандарды үйлеріне күшпен қайтарған. 1 сәуір күні қайта келген наразыларды прокурорлар қабылдаған. Алайда ішке БАҚ өкілдерін кіргізбеген.

"Прокурордың орынбасары Ержан Маратұлы қабылдап, сараптама нәтижелерін күтпейтінін айтты. 8 сәуірге дейін сотқа өткізіп, 5 күннің ішінде соттан жауап келеді, көп уақытқа ұзартпай бітіріп береміз, деді. Сонымен қоса ешкімді бас бостандығынан айырмауға, тек айыппұлмен немесе бостандығын шектеумен жазаға тартылатынына уәде берді", – дейді қаңтар оқиғасына байланысты күдікпен ұсталған азаматтың жары Назерке Елубайқызы.

Шымкентте 4 қаңтар күні наразылар бейбіт митингіге шықты. Қаңтар көтерілісіне байланысты 86 адамға қылмыстық іс қозғалып, екі айға қамау туралы сот қаулысы шыққан. Қазір олардың елуге жуығы қамауда, қалғаны бұлтартпау амалымен қамаудан босатылған.

Шымкентте ресми дерек бойынша қаңтар оқиғасы кезінде 19 адам қайтыс болды, жүзден аса адам жараланды.