Шымкенттік оқушыны әлемнің 34 университеті оқуға шақырды

17 мамыр 2022, 16:18

Шымкенттік Мирас Сейілхан әлемнің 34 оқу орнынан шақырту алды. "Білім-Инновация" мектебінің 11-сыныбында оқитын жігітті америкалық, британиялық, италиялық және аустралиялық университеттер білім алуға шақырған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Отырар" арнасына сілтеме жасап. 
Мирас өзі оқитын мектептің президенті және bil PRESS, BIL VOLUNTEERS жобаларының негізін қалаушы. Өзі әркез шетелдің беделді университеттерінде оқуды мақсат тұтқан. Оған дайындықты 9-сыныпта бастапты. 

Ұзақ және табанды дайындық, кәсіби ұстаздар мен сапалы білімнің арқасында Мирас халықаралық емтихандар тапсырып, үздік нәтиже көрсеткен: IELTS — 8.0 ұпай, Duolingo — 135. Сондай-ақ, 650 сөзден тұратын мотивациялық эссе жазған. 

Бұдан кейін шымкенттік оқушы әлемнің 34 оқу орнынан шақырту алған. Атап өтсек, 12 америкалық, 5 британиялық, 5 канадалық, 1 испан университеті, 4 аустралиялық және тағы басқа елдерден шақыртулар түскен. Жас түлек әзірге Colgate University, London School of Economics пен Ithaca College оқу орындарын таңдап отыр. 


"Алтын белгіге" үміткер ҰБТ-да төмен балл алса, мектеп басшылығы жауапқа тартылады – Білім министрі
​​​​​​​Ақтөбеде қатты жауын салдарынан оқушылар қашықтан оқуға көшті

Мирас Сейілхан қаржы мен экономика мамандығын меңгеруді жоспарлап отыр. Оқуды аяқтаған соң, елге оралып, Отанына қызмет етпек. 

"Ұстаздарыма алғысым шексіз. Олардың рөлі зор", - дейді түлек.
Мирас Сейілхан 9-11 сынып аралығында тек оқуға түсуге дайындалғанын атап өтті.