СҚО-да дүкен сөрелеріндегі ойыншық құрамынан зиянды заттар табылды

08 маусым 2022, 13:39

Солтүстік Қазақстанда санитарлық дәрігерлер тексерген ойыншықтардың құрамынан бала денсаулығына зиянды заттар табылды. Мамандар жыл басынан бері 82 ойыншық сынамасына сараптама жасаған. Оның 61 пайызы талапқа сай болмай шықты. Басым бөлігін таңбалау дұрыс жүргізілмеген. Ойыншықтардың 14 пайызы санитариялық-химилялық талаптарға сай келмей шықты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

 
Өнім қауіпсіздігі мониторингінің қорытындысы бойынша сапасыз ойыншықтарды сатушыларға заңбұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілді. Мұндай тауардың басым бөлігі Қытайдан әкелінгені анықталды.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан мамандар балалар ойыншықтарының 82 сынамасын тексерді. Олардың 50-і, яғни 60,97%-ы техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмеген. Соның ішінде үлгілердің 86,2%-ы таңбалау бойынша және 13,7%-ы санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша.

«Талдау жүргіздік, нарықтағы талапқа сәйкес келмейтін өнімнің 28%-ы ЕАЭО-ға кіретін мемлекеттерден жеткізілсе, қалған 72%-ы басқа импорттаушы елдерден жеткізілген. Соның ішінде ең үлкен үлес Қытайға тиесілі – 40%, Ресей Федерациясы – 26%, Өзбекстан – 12%, Ұлыбритания – 6%, Жапония – 2% және шыққан жері белгісіз өнімдер – 14%.

Заң бұзушылықтар негізінен таңбалауға қатысты, көбінесе өндірушінің атауы мен орналасқан жері, импорттаушы, онымен байланысуға арналған ақпарат, шығарылған күні, ЕАЭО белгісі, таңбалау және ойыншықпен бірге орыс және мемлекеттік тілдерде берілген техникалық құжаттама болмайды. Ойыншықтардың құрамынан көбінесе фенол, бензол, формальдегид сынды оның қауіпсіздігіне сәйкес келмейтін зиянды заттар табылды», - дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің техникалық регламенттердің талаптарын бақылау бөлімінің бас маманы Әділ Құрғынбаев.

Өнім қауіпсіздігі мониторингінің қорытындысы бойынша сәйкес келмейтін өнімдерге қатысты оны сатушыларға заңбұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдар берілген. Сондай-ақ шаралар қабылдау үшін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне хаттар жіберілді.