Қазақстандық танымал музыкант Скриптонит [Әділ Жалелов] Алматыда өтіп жатқан концертін қаңтар оқиғалары мен Украинадағы әскери қимылдар кезінде құрбан болған жандарға үнсіздік жариялаумен бастады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
“Концертті қаңтар оқиғалары кезінде қаза тапқандарды және Украинада ажал құшқандарды еске алу үшін, бір минут үнсіздікпен бастағым келеді”, - деді әртіс.
Көрермендер әншінің сөзін қолдап, ду қол шапалақтады.
Қасіретті қаңтар оқиғасы
Еліміздегі қайғылы оқиғалар 2022 жылдың қаңтар айында орын алды. Барлығы сұйытылған газ бағасының екі есе қымбаттауына қарсы жаппай наразылықтан кейін басталды. 2 қаңтарда еліміздің батысындағы Жаңаөзен қаласында басталған митингктер кейін Ақтау, Атырау және Қазақстанның басқа да қалаларында жалғасын тапты.
Алайда бейбіт шерулер кейін жаппай тәртіпсіздіктерге ұласып кетті. Қақтығыстан әсіресе Алматы қаласы қатты зиян көрді. Қаңтардың 5-і күні қарулы қарақшылар тобы қала орталығын қиратып, қала әкімшілігінің ғимараттары мен жақын маңдағы президент резиденциясын өртеп жіберді.
Полиция ғимараттарына, ҰҚК және басқа да әскери нысандарға шабуыл жасалды.
Сондай-ақ Талдықорған, Шымкент, Қызылорда, Тараз қалалары да зардап шекті.
Осы оқиғалардан кейін Қазақстан билігі бүкіл елде төтенше жағдай енгізіп, лаңкестікке қарсы операция басталғанын хабарлады.
5 қаңтар күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметті отставкаға жіберіп, Қауіпсіздік кеңесін басқарды. Ол лаңкестермен күресу үшін ҰҚШҰ-дан көмек сұрауға шешім қабылдады.
ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі елдегі жағдайды қалыпқа келтіру үшін Қазақстанға ұжымдық бітімгершілік күштерін жіберу туралы шешімге келді. Барлығы 2300-дей бітімгер әскерилер келді. 13 қаңтарда ҰҚШҰ миссиясының сәтті аяқталғаны туралы хабарланды. Қазіргі таңда бітімгерлердің барлығы Қазақстаннан шығып кетті.
Кәрім Мәсімов қаңтар айының басында мемлекетке опасыздық жасады деген күдікпен ұсталған. Қаңтар айының соңында ҰҚК баспасөз қызметі Мәсімов пен оның орынбасарларының ісі құпия болып, сот оларды қамауға алуға санкция бергенін хабарлады. 10 наурызда департамент Мәсімовтен тәркіленген миллиондар, зәулім үйлер мен қымбат көліктер туралы айтты. Ол 17 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Шілденің 13-і күні Кәрім Мәсімовтің ағасы, Павлодар облысы бойынша ДП-ның бұрынғы басшысы Нұрлан Мәсімов Ресеймен шекаралас аймақта ұсталды.
Айта кетейік, қазақстандық әзілкеш Нұрлан Сабуров Украинадағы соғыс туралы пікір білдіруден бас тартқаны үшін қатаң сынға ұшыраған. Концерттердің бірі украин диаспорасының бастамасымен толығымен тоқтатылып, Израильге сапары мүлдем шегерілген еді.
Ал мамыр айында Сабуровтың Қазақстанға гастрольдік сапары толығымен тоқтатылғаны белгілі болды.