"Соғысқа аттанған жалғыз қазақ жігіті табылмай жатыр": Қазақстандық азамат Украинада ерікті болып, халыққа жәрдемдесіп жүр

17 мамыр 2022, 16:17

Украинадағы отандасымыз Константин Гудаускас шетелдегі қандастардың басын біріктіріп, Украина халқына қайырымдылық шараларын ұйымдастырып жүр. Қазір елде қоғам белсенділерінің біріне айналған ол халықты эвакуациялау жұмыстарын да жарақат алған. Украинадағы соңғы жағдайлар туралы қазақстандық азамат Stan.kz тілшісіне айтып берді.

– Қайырлы күн! Украинаның қазіргі жағдайы қандай?   

– Сізге де қайырлы күн! Бізде бүгінде жойқын соғыс жүріп жатыр. Қазіргі кезде Беларусь елінен де соғыс қауіпі төніп тұр. Шығыс және оңтүстік аймақтарда, атап айтсам, Харьков, Днепр, Николаев, Мариуполь қалалары мен Запорожье облыстарында кескілескен ұрыстар әлі де жүруде. Кейбір аймақтарымызға гуманитарлық көмектер жетпей қалып жатыр. Бүгін қаладан жанармайды әрең таптым. Өзіміз қайырымдылыққа шығамыз. Осы аптада тұрғындарға қайырымдылық шараларын ұйымдастырсақ деген жоспарымыз бар. Сондықтан әр күні қажетті ресурстарды іздеу үстіндеміз. Бізде қиын жағдайда өмір сүріп жатқандар жетерлік. Сізбен байланысып отырған Киев қаласында қазір тыныш. Тек тұрғын үйлерге снарядтар атылып жатыр. Сондықтан да азанда ұйқыдан аман-есен оянудың өзі белгісіз. Жалпы алғандағы жағдайымыз осы. Қалай өмір сүру керектігін әлі де ойланамыз. Көптеген азаматтар қаза тапты. Өміріміздің қауіпсіздігіне ешкім де кепілдік бере алмайды. 

– Украинаға қашан көшіп бардыңыз? 

– Өзім ауылдан шыққан азаматпын, Ақтөбе облысы Қарқалы ауданы Аманжол ауылынанмын. Мұндағы өміріміз өте керемет өтті. Қазір де ол жақта өмір жақсы деп ойлаймын. Қартайған шағымда ауылға барғым келеді. Қазақстанда адвокат болып қызмет атқарған едім. Алайда соңыма түскендер көбейіп кетті. Бәрін заңды түрде жеңіп шықтым, бірақ өміріме қауіп төнген соң елден кетуге тура келді. Әлі де Қазақстанның азаматымын. Украинаға үш жыл бұрын ғана келдім. Соңғы 17 жылда Алматы қаласында тұрғанмын. Соғысқа дейін бұл жақта шоу-бизнес саласында продюссер болдым. Одесса киностудиясымен бірігіп бейнебаяндар түсіретінбіз. Енді қазіргі жағдай бәрін де түбегейлі өзгертті. Соғыстың қалай басталғанын өз көзіммен көріп жатырмын. Сол сәтте Буча қаласында тұрдым. Нағыз қазақ бір жерде отырмайды. Алғашқы шабуылдар Гостомель әуежайына жасалды. Ал менің үйім әуежайдан жарты шақырым жерде еді. Барлығы терезеден айқын көрінді. Орыс әскері Беларусь жақтан төніп келді. 

– Украина халқына қай елдер қолдау білдіруде?

– Еуропаның барлық елдері көмектесуде деуге болады. Басшылары да келіп-кетіп жатыр. Гуманитарлық көмек те жетуде. Алайда көптеген азаматтар үйлерінен айырылып, баспанасыз қалды. Су және жылу, кәріз жүйесінен өзге де инфрақұрлымдық жүйе  бұзылған. Ауруханалар да зардабын тартуда. Басқыншылар жасты да, кәріні де, әйел-баланы да қарамай, бәрін қырып жатыр. Мен мұны өз көзіммен көргеннен кейін айтып отырмын. Жау қолында қалған территорияларға гуманитарлық жүкті жеткізуге қатыстым. Өзім де атылған оқтың астында қалып, алған жарақатым бар. Бейбіт халық пен балалардың өлімін көрдім. Бұл енді барып тұрған геноцид. Басқа қалай айтарымды білмеймін. 

– Қазақстанның елшілігі сізбен байланыста ма?

– Елшілік жеке қабылдауға шақырып отырады. Алматыдан келіп жатқандардың кейбірі менімен еріктілер құрамына қатысады. Елшілік ол жағынан да хабардар. Қазақстандықтар Украинаға Алматы, Семей, Ақтөбе, Қызылорда және басқа да өңірлерден келген. Біздің халық өте кеңпейіл және өте мейірбан. Біреуге көмектесу керек деген бұйрықты күтпейді. Өздерінің шынайы қамқорлықтарын барынша таныта біледі. Арамызда соғысқа аттанған жалғыз қазақ жігіті табылмай жатыр. Нағыз батырымыз! Өкінішке қарай, одан әлі хабар жоқ. Бірақ іздестіріп жатырмыз. Аман-есен шығар деген үміттемін. Алдыңғы шепте жүрсе де Жаратушының өзі оны жарылқайды деп сенейік. Міндетті түрде тауып, барлық күш-жігерімізбен оны қолдап қолпаштайтын боламыз. 

– Қазақстандықтар болып жиі-жиі кездесіп тұрасыздар ма?

– Иә. Өзіміздің барлық мерекелерімізді атап өтеміз. Ет асып, бешбармақ жасаймыз. Өзіңнің шыққан жеріңді әрқашан еске алғың келіп тұрады екен. Ауылдарды аралап, палау дайындап, бауырсақ пісіріп жүрміз. Халыққа басқа да қажетті нәрселерді таратамыз. Мұндай шараның басы-қасында өзіміздің қазақстандық жерлестер жүр. Аптасына кейде үш реттен де шығып қаламыз. Әрбір мекенді аралаймыз. Гуманитарлық көмекпен бірге медициналық дәрі-дәрмектерді де таратып береміз. Бұл қазіргі окупациядан кейінгі жағдай ғой. Ұрыс болған кезде тұрғындарды эвакуацияладық. Киевке шабуыл басталғанда өзім болдым. Қазақстанның азаматы болғанымның пайдасы тиді. Бұл туралы БАҚ-та жазылған еді. Кеше бейбітшілікті насихаттайтын жәрмеңке өтті. Оған менің де өмірімнің оқиғасын берді. Шамамен үш аптадан кейін Netflix арнайы келіп осындағы өмірім туралы түсірмек. Мен оларға бастапқы экранизациялық түсірілімді Қазақстаннан бастаңыздар дедім. Өзімнің туған жерім ғой.

– Ал жергілікті билік мұндай шараларды қолдай ма? 

– Әрине! Тіпті олар мені осы ісім үшін марапаттамақшы. Әзірге нақты айтпаймын. Марапатты бұрындары да жасамақ болған. Өзім біраз күтулерін өтіндім. Өйткені ел-жұртқа көмектесе алмай қалуым мүмкін еді. Жерлестеріміз де көмектесіп жатыр. Бұл соғыста елде жүріп өздерін жақсы қырларынан танытты. Елдегі азаматтар да барын салып көмектесуде. Ғаламтордан бәрін де көріп отырмыз. 

– Жеңіс күні мерекесін сіздерде атап өтеді ме? 

– Әзірге бізде ешқандай мереке тойланып жатқан жоқ. Басымыздан ракеталар ұшып жатқанда, ешқандай да мерекелерді ойлауға шама келмейді. Біз үшін таңертең сау оянғанымыздың өзі мереке. Украина Жеңіс күнін еске алу күні ретінде ғана атап өтеді. Білесіз бе? Екінші дүниежүзілік соғыстан 10 миллион украиналық қаза тапқан. Әрбір отбасының бір азаматын алып кетті ғой. Сондықтан мереке ретінде емес, еске алу күні деп атап өтеді. Ресей бұл жеңісті қазір аяқасты етуде. Украинамен байланысты шорт кесті. Жалпы, мұндай мерекені атап өтеуге қыруар қаржы жұмсағанша, басқа керекті инфрақұрылымдарға арнаған жөн. Кең ауқымды парадтар да ұйымдастырылмайды. Ең үлкен әскери парад елдің 30 жылдығында ғана көрсетілді. Бұдан бөлек парад өткен жоқ. Бұл жақтағы менталитет басқа. 

– Сұхбаттасқаныңызға рахмет! Аман болыңыз!

 

Сұхбаттасқан: Қадірәлі САРЫПБЕК