Солтүстік Қазақстанда жеке тұрғын үйден өрт шығып, төрт адам қаза тапты

29 сәуір 2022, 16:18

Солтүстік Қазақстан облысында жеке тұрғын үй өртеніп, төрт адам қаза тапты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Бұл жөнінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Көршілердің айтуынша, өрт болған уақытта үйдің ішінде адамдар болған.

"29 сәуір күні сағат таңғы 3.28-де кезекші маманға Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданы Майское ауылында жеке тұрғын үйден өрт шыққаны туралы ақпарат келіп түсті. Ауылға ең жақын орналасқан өрт сөндіру бекеті 53 шақырым жерде. Аудан орталығында №8 өрт сөндіру бекетінің өрт сөндірушісі төтенше жағдай орын алған жерге аттанып, дереу өртті сөндіруге кірісті. Өрт сөндірушілер келгенше үй түгелдей жалынға оранып кеткен еді. Өртті "Майское-Агро" шаруа қожалығының ерікті өрт сөндіру бөлімшесі сөндірді. Олар оқиға орнына келгенше жергілікті тұрғындар 1963 жылы туған әйелдің денесін тауып, алып шыққан. Өртті ауыздықтау кезінде 1958 жылы туған үй иесі мен оның қонақтары 1975 және 1967 жылы туған азаматтардың денелері табылды", - делінген жұма күні тараған мәліметте.

"Өртті сөндіруге өрт сөндіру бөлімшелерінің жеке құрамынан 4 бірлік техника мен 14 адам жұмылдырылып, жергілікті тұрғындар көмекке келді. Өрт салдарынан тұрғын үй толығымен жанып кеткен. Өрттің шығу себебі мен шығын мөлшері анықталуда. Көршілерінің айтуынша, қаза тапқан азаматтар жиі ішімдік ішкен", - деп қосты төтенше жағдайлар қызметі.