Stopfake.kz жобасының жетекшісі Александр Данилов ақпарат вице-министрі болып тағайындалды

13 қаңтар 2022, 15:05

Үкімет қаулысымен Александр Данилов Қазақстан Республикасының ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі қызметіне тағайындалды. Бұл туралы премьер-министрінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Александр Данилов 1991 жылы 16 желтоқсанда Қарағанды қаласында туған. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін және Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген. 

ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі. Президенттік Жастар кадр резервінің мүшесі. Еңбек жолын қоғамдық секторда бастаған, әр жылдары бірқатар жастар қоғамдық ұйымының басшысы болған. Сондай-ақ жеке ұйымдарда басшылық қызметтерді атқарды. 2020 жылдың шілде айынан бастап Stopfake.kz жобасының жетекшісі болды.

Еске салсақ, бұрынғы энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі қызметіне тағайындалды.

Сондай-ақ, мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстан Республикасы парламенті сенатының депутаты Сәуле Мұханбедианқызы Айтпаеваның өкілеттігі тоқтатылды.

Бейбіт Исабаев Қазақстан Республикасы парламенті сенатының депутаты болып тағайындалды.