Сырттан келген жақсылық шикізаттық лағынетке айналғанын байқамай қалдық - Тоқаев

21 қаңтар 2022, 14:28

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес өкілдерімен кездесу барысында Қазақстан әртараптандырылған экономиканы сол күйі құра алмағанын мойындады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Президент ел тарихындағы екі маңызды бетбұрысты атады: біріншісі – "ауыр күйзелістер мен шығындар арқылы" еңсеруге тура келген жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу.

Бұл өзгерістер кеңестік дәуірден мұраға қалған мемлекеттік мүлікті жекешелендіру есебінен қаржыландырылды. Соның негізінде отандық кәсіпкерліктің жаңа санаты пайда болды.

Екінші бетбұрыс шикізаттық суперциклмен байланысты болды. Экономика жаһандық процестерге кірігіп, шетелдік инвесторларға жағдай жасалды. Соның арқасында елге қыруар қаржы тартылды.

"Осының негізінде отандық кәсіпкерлердің жаңа буыны пайда болды. Міне, бұл экономиканың екінші сынығы, яғни, 2000 жылдардағы шикізат айналымы. Экономика жаһандық процестерге еріп, шетелдік инвосторларға жағдай жасалды. Осы арқылы еліміздің кен байлықтары мен банктеріне көп ақша құйыла бастады. Бұл ақша экономикамызға азық болып, тұрақтылық бергені рас. Алайда, сырттан келген жақсылық шикізаттық лағынетке қалай айналғанын байқамай қалдық. Трансформацияға бейімділігіміз төмендеді, сапалы жаңашылдықтар өзгерістерге қарсы түрлі топтардың мүддесімен бетпе-бет келді. Салдарынан біз әртараптандырылған экономиканы сол күйі құра алмадық", - деді Тоқаев.