Табысы 35 мың теңге: депутат кедейлердің көпшілігі ауылда тұрып жатқанын айтты

23 қазан 2020, 12:48

Сенат депутаты ресми статистика мен ауыл тұрғындарының шынайы табысының арасындағы алшақтық мәселесін көтерді
Ауылдардағы тұрмысы нашар отбасылардың саны қаламен салыстырғанда екі жарым есеге көп. Бұл туралы сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Бізде 2011 жылы ауыл халқының үлесі 45,4%-ті құраса, қазір бұл көрсеткіш 41,3%-ке тең. Әсіресе, оның экономикалық белсенді бөлігінің күрт төмендеуі алаңдатады. Мысалы, соңғы 10 жылда ауылдағы еңбекке қабілетті адамдар саны 4,1-ден 3,8 миллионға дейін төмендеген. Жылдан жылға халықтың ауылдық жерден көшуі өсіп келеді" - деді Күрішбаев.

Айтуынша, 2019 жылы жарты миллионға жуық адам ауылдан қалаға қоныс аударған.

"Бұрын ауылда бала туу деңгейі қалаға қарағанда көп болатын. Ал соңғы алты жылда бұл көрсеткіш ауылдық жерде төмендеп кетті. Статистикаға сәйкес, 2019 жылы ауылдағы жан басына шаққандағы табыс айына 45 829 теңгені құраған, қалада &ndash 66 207 теңге. Жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша ауылдық жердегі табыс одан да аз, айына &ndash 35 349 теңге", - дейді депутат.
Сонымен қатар дептутат біржолғы төлемді алушы 3,6 миллион адамның 2 миллионы ауылда тұратынына тоқталды.

"Табысы күнкөріс деңгейінен төмен әлжуаз отбасылар саны ауылдық жерлерде &ndash 6,6%, бұл қалаға қарағанда екі жарым есе көп. Еліміздің кедей және күнкөрісі төмен отбасылардың негізгі бөлігі ауылдық елді мекендерде тұрады", - деді ол.

Айтуынша, ауылдағы еңбекке жарамды азаматтардың 40%-і қалаға көшуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар Күрішбаев ауылдық жерде алғашқы медициналық көмектің өзіне қол жеткізу мүмкін емес екенін атап өтті. Айтуынша, алдағы уақытта ауылдарда жаңадан 150 денсаулық сақтау нысанын ашу қажет.

"Ауылдық жерлерде 900-ге жуық дәрігер қажет. Қалада он мың адамға 56 дәрігерден келсе, ауылда 16 дәрігерден келеді. Сондай-ақ, 312 білім беру нысаны қажет, 150 кітапхана жетіспейді, 550 мәдениет нысаны керек. Сонымен қатар 32 мектеп апаттық жағдайда тұр. Мұнда 2 200 педагог жетіспейді. Бұл еліміздегі жалпы қажеттіліктің 75%-ін құрайды", - дейді ол.

Депутатттың айтуынша, ауылдық жердегі тұрғындардың 20%-і ғана газбен қамтылған.

"Статистикаға сәйкес, ауылдардың 69%-і интернет желісіне қосылған. Алайда ауыл тұрғындары арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнама қортыныдысы интернет сапасының төмен екенін көрсетіп отыр", - деді депутат.

Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, ауылдық аймақтарды дамыту мәселелерінде жергілікті атқарушы органдардың жұмыстары нақты үлестірілмеген.

"Ауылдық аймақтарды дамыту жұмыстарын тиімді жүргізу үшін ең алдымен үкімет ауылды дамыту бағдарламасын түбегейлі қайта қарауы қажет. Осы орайда ең алдымен ауылдық аймақтарды дамыту бағытын жеке құжатпен ұлттық жоба ретінде қабылдау жөн болар еді. Екіншіден, ауылдық аймақты дамыту мәселелерін басқаруды ұлттық экономика министрлігінен алып, ауыл шаруашылығы министрілігіне беру керек", - деп түйіндеді депутат.
Осы орайда  Ақылбек Күрішбаев Канада, Австралия, Ресей, Беларусь елдерінде ауылды дамытумен ауыл шаруашылығы министрлігі айналысатынын айтып өтті.