Талдықорған қаласының жаңа әкімі тағайындалды

04 наурыз 2022, 19:10

Алматы қаласы Медеу ауданының бұрынғы әкімі Әсет Масабаев Талдықорған қаласының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. 

"Алматы облысы әкімінің өкімімен Әсет Дүйсебекұлы Масабаев Талдықорған қаласының әкімі болып тағайындалды", - делінген хабарламада.

Бұл қызметте ол Ержан Жасыбаевтың орнына келді.

Әсет Масабаев 1985 жылы дүниеге келген. 2008 жылы Алматы энергетика және байланыс институтын инженер мамандығы бойынша, 2014 жылы экономика және құқық академиясын экономика және бизнес мамандығы бойынша, сол жылы Ресей халықтар достығы университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген.

2016 жылы Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. 2016-2019 жылдары - Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы.

2019 жылы – Алматы қаласы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары. 2019-2020 жылдары - Алматы қаласы энергия тиімділігін арттыру және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы болды.

2020 жылдың 12 қыркүйегінде Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі болып тағайындалды.