Талдықорғанда мемлекеттік мекемеге шабуыл жасады деген күдікті ұсталды

18 қаңтар 2022, 19:56

Талдықорғанда тәртіпсіздік кезінде мемлекеттік мекемеге шабуыл жасады деген күдікті ұсталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
 
14 қаңтарда полицияға Талдықорғандағы мемлекеттік мекемеге шабуыл жасауға қатысқан Үштөбе тұрғынының үйінде ПМ тапаншасының магазині, әскерилер мен полицейлердің формалары, құрал-жабдықтары және оқ-дәрілер сақталғаны туралы ақпарат түскен.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер 26 жастағы Үштөбе қаласының тұрғынын ұстады. Тінту кезінде күдіктіден ПМ тапаншасының магазині мен ұрланған киімдер табылды.

"Ұсталған азаматтың айтуынша, ол Талдықорғанда өтетін митингі туралы интернет арқылы біліп, достарымен бірге қатысуға бел буған. Ол мемлекеттік органдардың біріне шабуылдау барысында ғимараттың ішінен тапанша магазинін тауып алып, өзімен бірге алып кеткен. Сонымен қатар, арнайы қоймаға кіріп, бөрік, белдік және басқа да оқ-дәрілерді ұрлап кеткен", - деп хабарлады Алматы облысының полиция департаментінен.

Аталған дерек Қылмыстық кодекстің 4-бөлігінің 291-бабы "Қылмыстық топта жасалған атыс қаруын, оның құрамдас бөліктерін ұрлау" және 3-бөлігінің 188-бабы "Ұрлық" бойынша тіркелді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Бұған дейін Алматыда екі қару-жарақ дүкенін тонады деген күдікпен Жамбыл облысының 44 жастағы тұрғыны мен Алматы облысынан келген 24 жастағы ер адам ұсталған болатын.

Полицейлер күдіктілер жалдап тұрған пәтерді тінту кезінде винтовка және аңшы мылтықтары, патрондар, сауыт, оптикалық көзілдірік, дүрбі, әскерилендірілген киімдер, ұялы телефондар, заттар, аяқ киімдер тауып, тәркілеген.