Тамызда еліміздің бірқатар ауданында құрғақшылық болады

28 шілде 2022, 16:00

Қазгидромет тамыз айына арналған құрғақшылық болжамын жариялады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Алдын ала есептеулер бойынша, 2022 жылдың тамызында елдің солтүстік-батысында, оңтүстігінде, оңтүстік-батысында және орталығында, жекелеген аймақтарды қоспағанда, ылғалдандыру шарттары негізінен нормаға жақын болады.

Қызылорда облысының Қармақшы ауданында, Маңғыстау облысының Қарақия және Маңғыстау аудандарында құрғақшылық болады деп болжанып отыр.

Сондай-ақ, Ақтөбе облысының Әйтеке би және Мұғалжар аудандарында, Қарағанды облысының Нұра ауданында, Қостанай облысының Амангелді және Жангелді аудандарында жауын-шашын тапшы болады деп күтіледі.

Ақтөбе облысының солтүстік және батыс бөлігінде, Атырау облысының Қызылқоға ауданында, Батыс Қазақстан облысының Сырым, Казталов және Ақжайық аудандарында, керісінше, жауын-шашын көп болады.

Сондай-ақ Алматы облысының Панфилов және Кербұлақ аудандарында да ылғалды болмақ.

Halyq Uni