Тараз маңындағы жарылыста ерлікпен қаза тапқан Аймановқа "Халық қаһарманы" атағы берілді

13 қаңтар 2022, 17:33

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімде болған жарылыс кезінде ерлікпен қаза тапқан Мейіржан Аймановқа "Халық қаһарманы" атағы берілді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Тараз қаласы әкімдігінің Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасына сілтеме жасап.

 

"Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Мейіржан Көпбосынұлы Аймановқа туған еліне сіңірген аса үздік еңбегі, қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін президенттің 2021 жылғы 29 тамыздағы жарлығымен, қайтыс болғаннан кейін айрықша ерекшелік белгісі — "Алтын жұлдыз" және "Отан" ордені тапсырыла отырып, "Халық қаһарманы" атағы берілді", - делінген хабарламада.

 

Сонымен қатар, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев марқұмның жары Қарлығаш Аймановаға 3 бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Халық қаһарманының артында әйелі мен 5 баласы қалды.

 

 

Айта кетейік, өткен жылы 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінің маңынан өрт шығып, жарылыс болды. Қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.

 

Одан бөлек, 29 тамыз елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.