Таразда мектеп бітіруші көлікті рұқсатсыз жүргізіп, аударып тастаған

25 мамыр 2022, 23:06

25 мамырда Тараздағы Қазақ хандығы монументінің жанында Lexus көлігі аударылып қалды. Оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері келді, деп хабарлайды облыстық полиция департаменті.

21 жастағы көлік жүргізуші мектеп бітірушілерімен бірге мектеп бітіруін тойлауға монумент алаңына келген. Жүргізуші азғантай уақыт сыртқа кеткенде, түлектердің бірі рөлге отырып, көлікті жүргізіп көреді. Тежегіш пен газ педальдарын шатастырып алған жас жігіт тізгінге ие бола алмай, каналға түсіп кеткен.

17 жастағы оқушы зардап шеккен жоқ. Төтенше жағдай кезінде ол көлікте жалғыз болған. Медициналық сараптамаға сәйкес, оқиға кезінде жасөспірімнің ішімдік ішпегені анықталды.

“Аталған құқық бұзушылық үшін кәмелетке толмаған оқушы ата-анасының қатысуымен ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабының 2-бөлігімен 20 АЕК (63 600 теңге) көлемінде айыппұл салу арқылы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді”, – дейді Жамбыл облыстық полиция департаменті.