Техникалық тексеруден өтпеген көліктерді "Сергек" анықтайды

24 ақпан 2022, 11:21

Жоба 2022 жылдың соңына дейін жүзеге асырылады. Сондай-ақ, жалған техникалық байқаудан өткені үшін мамандардың да, жүргізушілердің де жауапкершілігі күшейтіледі.

Бұл туралы депутаттық сауалға берген жауабында Премьер-министр Әлихан Смаилов мәлім етті, деп хабарлайды Экспресс К.

Үкімет басшысы елімізде көліктердің техникалық байқаудан өткізілетінін айтты. Енді "Сергек" камералары техникалық байқау мерзімі өтіп кеткен көліктерді анықтайтын болады. Тиісті жоба ағымдағы жылдың бірінші немесе екінші тоқсанында іске қосылуға тиіс.

Премьер-министр депутат Айқын Қоңыровтың жеке тұлғаларға көлікті техникалық байқаудан өткізуге міндеттемеу мен ол үшін салынатын әкімшілік жазаны алып тастауды ұсынған депутаттық сауалына жауап ретінде мәлімдеді.

Еске салайық, ҚХП фракциясының депутаты Айқын Қоңыров өз ұсынысында "техникалық тексеру артық шығындарға әкеп соғады, жүйелі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар, сонымен қатар көлік иесі мен басқа да жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне ерекше әсер етпейді" деген уәж келтірген болатын.

Көлік құралдарын міндетті техникалық байқаудан өткізу барлық дамыған елдерде, соның ішінде Еуропа елдерінде де жүргізіледі. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, міндетті техникалық байқаудан бас тартуды орынсыз деп санаймыз, — деді Үкімет басшысы.

Әлихан Смаилов "тексеру формальдылық болудан қалсын" деген басқа да шараларға тоқталды: тексеру қызметкерлерінің жауапкершілігі күшейтіледі, жалған тексеру үшін жүргізушілер жазаланады.