«Тергеуден соң дәрігерлер тексереді»: қаңтар оқиғасына қатысқандарды тергеу тәсілі өзгерді

18 ақпан 2022, 15:14

Талдықорғандағы тергеу изоляторында 93 адам отыр. Оларды тергеп-тексерудің әдісі өзгерді. Алматы облысы бойынша ҚАЖД бастығы Игілік Хасеновтың сөзінше, жауап алу бейнебақылау камерасы арқылы өтеді. Әрбір тергеуден соң күдіктінің денесін медициналық мекеменің қызметкерлері тағы тексереді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 
«Қазіргі уақытта қаңтар оқиғасымен байланысты Талдықорған қаласының ЛА-155/16 мекемесінде 93 адам отыр. Оларға қатысты ауыр және аса ауыр қылмыстар жасалуына байланысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күзетпен ұстаудың заңды жағдайларын қамтамасыз ету және сот шешімдері негізінде қамауға алынған азаматтардың құқықтарын сақтау біздің басты міндетіміз. Заңсыз әрекеттердің кез-келген түрін жою бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде», - деді ҚАЖД бастығы.
Адвокаттар мен қоғамдық қорғаушыларды қорғалатын адамдарға жіберу кедергісіз жүзеге асырылады. Қызметкерлер тарапынан тергеумен қамалғандар мен сотталған адамдарға қатысты заңсыз іс-әрекеттерге жол бермеу мақсатында Алматы облысының барлық мекемесінде жазбаларды сақтауымен тәулік бойы бейнебақылау жұмыс істейді.

Күдіктілер тергеу изоляторына келіп түскен кезде бейне тіркеуді пайдалана отырып, денсаулық жағдайын бағалау үшін толық медициналық тексеру жүргізіледі.

«Қоғам үшін ашықтық пен айқындықты қамтамасыз ету мақсатында шаралар қабылданды. Сонымен қатар, біз қоғамдық бақылау комиссияларымен, ұлттық алдын алу тетіктерімен және үкіметтік емес ұйымдармен белсенді түрде ынтымақтасамыз. Олар күзетпен ұстау құқықтары мен шарттарының сақталуына тұрақты түрде тәуелсіз мониторинг жүргізеді. Сонымен қатар, өтініштерге байланысты Парламент және Маслихат депутаттарына, адвокаттардың қатысуымен қоғамдық комиссияларға бару мүмкіндігі берілді», - деді Хасенов.
Қаңтар оқиғаларынан кейін ЛА-155/16 тергеу изоляторына сегіз рет ҰАТ, бір рет ҚБК өкілдері, сондай-ақ Парламент Мәжілісінің депутаттары, Алматы облысы әкімінің орынбасары, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы үйлестіру кеңесінің мүшесі, адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық Халықаралық бюроның өкілдері келген. Осы сапарлардың нәтижелері бойынша мекеме әкімшілігіне шағымдар түскен жоқ.

Сондай-ақ, бұлтартпау шарасын өзгерту, негізсіз айып тағудан босату немесе алып тастау туралы талаптар сотқа немесе прокуратура органдарына жіберілуі тиіс екенін атап төткіміз келеді.

Барлық қамауға алынған адамдар сот шешімінің негізінде қамауда болады. Тағылған айыптардың заңдылығы мен қылмыстың дәрежесін тек қана сот, не прокуратура заңдылықты қадағалау тәртібімен қарайды.