Тоқаев QazVac және "Спутник Лайт" вакциналары бойынша тапсырма берді

19 шілде 2021, 19:32

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусқа қарсы QazVac қазақстандық вакцинасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында (ДДСҰ) тіркеуді жеделдетуді тапсырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Президент бұл Денсаулық сақтау және Сыртқы істер министрліктерінің жұмысы екенін атап өтті.

"Екіжақты уағдаластықтар шеңберінде QazVac-ты үшінші елдер нарығына ілгерілету жөніндегі жұмысты ұйымдастыру маңызды. Үкімет бұл мәселені ерекше бақылауға алып, нәтижелері туралы бір ай мерзімде баяндауды сұраймын", - деді Тоқаев.
 
Сондай-ақ, Президенттің айтуынша, елімізде осы саладағы жетекші өндірушілер шығаратын вакциналар желісін кеңейту қажет.

"Ресейлік жаңа "Спутник лайт" вакцинасын отандық фармацевтикалық алаңдарға жеткізу және шығару мәселесін пысықтау қажет", - деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін Қазақстанда "Спутник Лайт" бір компонентті вакцинасы тіркелген болатын. 

Ресми мәліметке сәйкес, бір компонентті "Спутник Лайт" вакцинасының тиімділігі оны алғаннан кейін 28-нші күнінен бастап 79,4 пайыз болған. Тиімділікті есептеу жаппай вакцинация бағдарламасы аясында бір ғана екпе алған және 2020 жылы 5 желтоқсан мен 2021 жылы 5 сәуір аралығында екінші екпені алмаған ресейліктердің деректері негізінде жүргізілген.