Тұрғымбаев алдағы өзгеріс туралы: зейнет жасын ұлғайтамыз

12 наурыз 2021, 12:36

Германия, Канада, АҚШ пен Жапония сияқты елдерде құқық қорғаушылар 65 жаста зейнетке шығады. ал Қазақстанда осы санаттағы қызметкерлер 55 жаста зейнетке шығуы тиіс
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев офицерлерді зейнетке шығару жасы ұзартылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Қазіргі кезде біз жұмыс тобын құрып, осы мәселені жан-жақты зерделеп жатырмыз. Мысалы, майорларға төрт жыл қосып, 52 жастан бастан зейнеткерлікке шығуға мүмкіндік беріледі. Подполковниктерге – 55 жастан, полковниктерге – 58 жастан, ал жоғары басшылық құрамын 63 жастан бастап зейнетке шығару мәселесі қаралып жатыр", - деді Тұрғымбаев сенатта өткен үкімет сағатында. 

Осы орайда министр шетелдік тәжірибені де еске алды. Мәселен, Германия, Канада, АҚШ пен Жапония сияқты елдерде құқық қорғаушылар 65 жаста зейнетке шығады. Көрші Ресейде полковниктер 60 жаста, ал Қазақстанда осы санаттағы қызметкерлер 55 жаста зейнетке шыға алады. Содан кәсіби тұрғыда жарамды мамандар жұмыстан ерте кетіп жатады. 

"Бізде тәжірибесі мол полиция қызметкерлері кезінде зейнетке шыққысы келмеді, бірақ заң бойынша 45-55 жаста жұмыстан шығу керек. Қазір көбісі күзет сияқты жеке фирмаларда жұмыс істейді. Шетелде басқаша, Жапония мен Корея жақта 60-63 жаста шығарады. Біз сол 60 жасқа келтіріп жатырмыз", - деп атап көрсетті Тұрғымбаев. 
Айта кетейік, сенаттағы үкімет сағатында полицияның сервистік моделін заңнамалық қамтамасыз ету және ішкі істер министрлігін бейінді емес функциялардан босату мәселесі қаралды. Министр Тұрғымбаев сенаторлардың сұрағына жауап берді.