Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Тұрғын үйді оңалтудың ПИК-тен басқа жолы жоқ па?

08 маусым 2013, 13:00

Тұрғын үй мәселесі – тың көзқарасты қажет ететін сала. Соның ішінде бүгінде көпшіліктің көңілін күпті қылып жүрген ПИК-тердің жұмысы көпқабатты тұрғын үйлердегі ахуал былай жалғаса бермеуі тиістігін көрсетіп отыр. Қажеттіліктен туындап, өмірге дендеп енген ПИК қажетімізді ашпай келеді.
1997 жылы 16 сәуірдегі ҚР «Тұр­ғын үй қатынастары туралы» Заңды бас­шылыққа ала шыр етіп, дүние есігін ашқан ПИК-тер неге берекесіз? Әлде олар алып жүре алмайтын шоқ­пар­ды беліне байлаған жоқ па? Кейін­гі уақытта қоғамда көп талқыға түсіп жатқан жайттар осылар. Себебі бұл мәселе әбден пісіп-жетіліп тұр. Шаһар­лардағы көп қабатты үйлердің сырты бүтін, іші түтін. Бірқатар мін­дет­тер мен жауапкершілікті пәтер иелері алдында мойнына алған бұл ПИК-тердің басым көпшілігі сол міндет­те­ме­лерін мүлтіксіз орындап отырған жоқ. Ай сайын төлемін бергенімен жібі түзу жұмыс атқармайтын бол­ған­дық­тан, ПИК-тен басын ала қашқан пәтер иелері мен үйлер де аз емес. Айына әр пәтер иесі пәтерінің әр шар­шы метріне 20 теңгеден жоғары ақы төлейді. Ал бір ПИК-те кемінде 150-200-ге жуық пәтер бар. Осылардан жи­налатын қаржының қайда кетіп жат­қанынан былайғы жұрт бейхабар. Өйт­кені өздері қожа, өздері би бол­ған пәтер иелері кооперативтерін тек­се­ріп, тергеп жатқан құзырлы орын не тұрғындар жоқ. Алайда ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 49-бабында үй-жайлар (пәтерлер) иелерi кооперативiнiң тексеру комис­сиясы құрылатындығы соқырға таяқ ұстатқандай етіп жазылса да, сондай бір тексеру комиссиясы бір ПИК-ті тексеріпті дегенді естімеппіз. Аталған бапқа сәйкес, «үй-жайлар (пәтерлер) иелерi кооперативiнiң тексеру комис­сиясы кооператив қызметiнiң әрбір учаскесiне қаржы жөнiнен тексеру жүргiзуге міндетті. Тексеру ко­мис­сия­сы кооператив басқармасының жыл сайынғы есебi бойынша және бас­қар­ма табыс еткен кiрiстер мен шығыстар сметасы бойынша қорытынды беруі керек». Сонымен қатар «тексеру ко­мис­сиясының үй-жайлардың (пә­тер­лер­дің) меншік иелері коопе­ра­тив­те­рінің қаржы-шаруашылық қызметін тексеру актісі үй-жайлар (пәтерлер) меншік иелерінің жалпы жи­на­лы­сын­да үй-жайлар (пәтерлер) меншік ие­ле­рінің назарына жеткізіледі» де­лін­генімен, мұның да іске асып жатқаны жоқ. Жертөле мен шатырдың жағдайы туралы жақ ауыртып айтудың өзі ұят. Төбесінен суы ағып, жертөлесі шы­бын-шіркейден арылмай, белшеден суға батқан көп қабатты үйлер жетер­лік. Тиісті қаржы-қаражатын алып отырған ПИК бола тұрса да. Сон­дық­тан да тұр­ғындардың ПИК-ке сенім­сіздігі артып келеді. Пәтер иелері ПИК-тің кондоминиум нысандарын жөндеу және ұстап тұру бойынша нақты шы­ғын­дарын тексеру мүмкін­ді­гіне ие бола алмай отыр.
   Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Коммуналдық инфра­құ­ры­лым­ның тозған негізгі қорларының күр­делі жөндеу жұмыстары жеткілікті көлемде жасалмайтыны да рас. Мәселен, Тұрғын үйді пайдалану туралы ережеге сәйкес, тұрғындар үй шатырын 30 жылдан соң, ал су құбырын 10 жылдан соң міндетті түрде ауыстыруы керек екен. Бірақ ондай «еті тірі», «ширақ» ПИК-ті көрсек, көзіміз шықсын. Десек те, әр өңірде, әр аймақта ПИК атаулының басын қосып, қожалық еткен ПИК қауымдастықтары да бар. Бірақ олардың да қолынан келген қауқар аз бо­лып тұр. Соның дәлелі – ПИК-терді оң­тай­ландыру қажеттігін айтқан ұсыныстар.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және құрылыс Ұлттық палатасы еліміздегі пәтер иелері кооперативтерінің санын оңтайландыруды ұсынады. Бұл туралы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және құрылыс Ұлттық палатасы басқарма төрайымы Салтанат Рақымбекова Рrimeminister.kz сайтына берген сұхба­тын­да мәлім еткені есімізде. Төрайым Қазақ­станда басқарушы және қызмет көрсетуші компанияларға бөліп, ПИК санын оңтай­ландыру қажеттігін айтқан-ды.
«Польшаның бір қаласында 400 мың­нан астам адам өмір сүреді және оларға сегіз ірі басқарушы компания қызмет көр­се­теді. Астанада шамамен 800 мыңдай халыққа 300 ПИК қызмет көрсетеді. Олар­дың әрқайсысы шамамен 10-15 үйге қыз­мет көрсетсе, әр үйден 100 мың теңге ақша алады, сонда 10-15 үйден 1 миллион теңге жинайды. Бірақ сол ақша ПИК-те жұмыс істейтін 20 адамның арасында бөлі­неді. Ал сол үйге көрсетілген қызметтің ақшасы қай­да кетті, үйді пайдалануға берілген кездегі шығынды кім өтейді? Сондықтан ПИК-терді біріктіруді жүзеге асыратын бол­сақ, онда 10-20 ПИК-ті – бір басқару ком­панияға, 30-40 ПИК-тен үлкен сервистік компания құруды ұсы­на­мыз», – деген-ді Салтанат Рақымбекова «Энер­гоаудит және энер­гоменеджмент – елдің тұрақты энерге­тикалық дамуының бір бөлігі» аталған конференцияда. Рас, ПИК-ке тұрғындардың артқан сенімі ақтал­мады. Ай сайын пәтер басы ақша қақ­шып алудан әрі аспайтын ПИК-тер көп. Сан бар, сапа жоқ.
Қарағанды облысының статистика мәліметтері бойынша облыста 6982 көпқабатты тұрғын үй бар екен. Облыс бойынша 4760 көппәтерлі үй тіркелген – кондоминиум нысандары. Қазіргі уақытта Қарағанды облысының тұрғын үй қорын басқаратындар қатарында – 482 ПИК; 25 заңды тұлға; 1985 үйлерді бас­қа­ру­шы бар. Ал еліміз бойынша деректер Қазақ­станда 5 мың ПИК бар деп отыр. Бұдан бөлек, ПИК-тегі мамандардың сапа­сы сын көтермейтіні тағы бар.
«Жасыл» эконо­ми­ка­ға үлес ретінде коммуналдық жылумен жабдықтаудың энергия тиімділігін арттыру» атты халық­аралық кон­фе­рен­ция­­да Астана қала­сындағы ПИК қауым­дас­тығының пре­зи­денті Мизамбек Кенже­баев Рrimeminister.kz сайтына берген сұх­батында респуб­ли­када пәтер иелері кооперативі жұмыс­шыла­ры­ның арасында тек қызмет­кер­лердің 20% ғана бейінді білім алғандар екенін айтқан болатын. «Компанияларға кадрларды тарту қажет. ПИК басқару компаниясында инженер жылу беретіндер болуы тиіс, ол сервистік компаниялардың жасаған жұ­мыс­тарының сапасын және өзі техно­ло­гия­лық жобасын анықтай алады... Бүгінде бізде бүкіл Қазақстан бойынша ПИК қыз­меткерлерінің 20 пайызында ғана ком­му­налдық қызмет бойынша бейінді білім бар, Астанада да солай», – депті. «Сондай-ақ ПИК-ті басқарушы және сервистік ком­па­ния­ларға бөлу туралы сөз қозғалмайтынын, себебі алдымен қанатқақты жобаны жүзе­ге асыру үшін нормативтік база құру қажеттігін атап өткені» бар. Сондықтан 16 жыл бұрын қоғам өмірінде пайда болған ПИК-тің беталысын «бота тірсек бозбала ша­ғында» тағы бір пысықтап алу керектігі күн тәртібінен түспеуі тиіс.
Бір кездері зор мақсат пен мүддені көз­деп құрылған ПИК-тердің мәселесі кеңесе отырып, келелі шешім қабылдауды қажет етіп тұр бүгінде.