Түркістан облысында ер адам адасып кетіп, екі күн бойы шөлдалада жүрген

18 мамыр 2022, 17:00

Түркістан облысында ер адам адасып кетіп, екі күн бойы шөлдаланы кезіп жүрген. Оны полицейлер тапты, деп хабарлайды Polisia.kz.

Шәуілдір ауылының тұрғыны 29 жастағы ұлының жоғалғаны жөнінде полицияға хабарлаған. Бірінші топ мүгедегі болып табылатын ер адам үйінен белгісіз бағытқа қарай шығып, қайта оралмаған. Туыстары ер адамды бір тәулік бойы іздеп, табылмаған соң полициядан көмек сұрады. 

Отырар аудандық полиция бөлімшесінің қызметкерлері шұғыл әрекетке кірісіп, іздестіруге бүкіл жеке құрамды жұмылдырды. Оларға еріктілер көмектесті. 
Бас-аяғы 50 адам жайылым жерлерін, Қызылорда облысымен шектесетін аймақты қарап шықты. Ер адам тағы бір тәуліктен кейін 20 километр қашықтықтан шөлдаладан табылды.