Түркістан облысында сотталған азамат қарсылық ретінде қасық жұтып, аузын тігіп тастады

03 наурыз 2022, 15:32

Түркістан облысындағы тұтқындар колонияда мекеме қызметкерлері оларды ұрып-соғып, жазалаймыз деп қорқытқанын айтты.

Түркістан облысындағы тұтқындар колонияда мекеме қызметкерлері оларды ұрып-соғып, жазалаймыз деп қорқытқанын айтты. Олар видеоны телефондарына түсіріп алып, туыстарына жіберген.

Оtyrar.kz басылымының хабарлауынша, сотталушылар денсаулығының нашарлағанын, медициналық көмектің жоқтығын айтқан.

«Мені ұрды, бетімнен ұрды. Мынау көгерген жерлер. Кешке қасықты жұтып қойдым, ішімде жатыр. Мен аштық жариялаймын деп аузымды тігіп тастадым. Бірақ кейін олар тігістерді күштеп алып тастады. Тиісті органдардан шара қолдануын сұраймын» деді тұтқын.

Қылмыстық-атқару жүйесінің жергілікті департаменті сотталғандардың өзін-өзі жарақаттау фактісін растады. Сондай-ақ оларға медициналық көмек көрсетілгенін атап өтті. Сотталғандардың іш қуысынан бөтен заттар операция арқылы шығарылды.

Алдын ала мәлімет бойынша, тұтқындар мекемедегі режимді бұзып, жазадан құтылу үшін қасақана наразылық акциясын ұйымдастырған. Бұл адамдар ауыр және аса ауыр қылмыстары үшін жазасын өтеп жатыр. Соған қарамастан, сотталғандардың мәлімдемесіне сәйкес, тәртіп сақшылары тергеу жүргізуде.

«Айта кетсек, сотталғандар осындай жағымсыз мінез-құлық көрсетіп, жедел жағдайды тұрақсыздандыру және мекеме әкімшілігіне қысым көрсету мақсатында мұндай әрекеттерді бірнеше рет жасаған. Жоғарыда аталған барлық фактілер бойынша жедел-тергеу тобы шақырылды, сотталғандардың арыздары бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. 16 ақпанда мекемеге ПМК өкілдері келіп, сотталғандармен әңгімелесу қорытындысы бойынша мекеме әкімшілігіне шағымдар мен арыздар жоқ деген қорытынды берді» дейді Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесінің басшысы Бағдат Әсілбеков.