Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Түркістанның тынысы тарылып барады

14 қаңтар 2011, 17:52

ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген еліміздегі бірден-бір тарихи ескерткіш – Қожа Ахмет Яссауи кесенесі. Десек те, кесенемізбен құр мақтанғанымыз болмаса, бабадан қалған құнды рухани мұрамыз, ұлттық мақтанышымызды біз өз дәрежесінде насихаттап, оның ішкі ахуалына зер салып отырған жоқ екенбіз.
Мәселенің мәнісі мынаған саяды: 1988 жылы Шымкент облыстық атқару комитеті №628 бұйрықпен «Түркістан қаласының ортағасырлық бөлігінің қорғау аймағын» 88,7 гектар деп бекітеді. Дегенмен кейіннен қорғау аймағын анықтаған мамандар қаланың 1875 жылғы картасын алып, қаланы қоршаған қорған-қамалдың бойымен ғана жүріп отырғаны анықталған. Осы тұста бір мәселе – қаланы қоршай орналасқан 670 гектар болатын Рабад есепке алынбай қалыпты. Тіпті сол қорғауға алынған табиғи ландшафтың 40 гектары ғана осы күнге аман сақталып, қалған бөлігі 70-жылдары тұрғын үй салуға бөлініп берілген. «Ендігіде осы аман сақталып қалған 40 гектардың өзіне түрік ағайындардың мешіті, туристік кешен, қонақүй т.б. салынбақшы», – дейді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының директоры Сафуллин Альберт бастаған наразылық білдіруші топ. Ол топтың құрамында, тіпті басшылығында десек те болады, филология ғылымының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Мекемтас Мырзахметовпен қатар белгілі этнограф, еліміздегі мұражай саласын қалыптастырып, жанашыры болған және, ең бастысы, Қожа Ахмет Яссауидің сәулет кешені мұражай болып құрылуына мұрындық болған бірден-бір тұлға, марқұм Өзбекәлі Жәнібековтің жұбайы Қалихан Жәнібековалар бар.
Мекемтас Мырзахмет, филология ғылымының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі:
– Мұражай туралы айтқанда, ең әуелі оның о баста не мақсатта құрылғанына үңілмей болмайды. Себебі біздің мате­риалдық, рухани тарихымыздың барлығы сонда жатыр. Қазақ мемлекеті ХV ғасырда құрылған болса, сол кезеңнен бастап оның рухани орталығы Түркістан қаласы болды. Бірақ кейіннен Ресей патшалығы жаулап алған тұста қаланың мұражайға арнап қорғауға алынған аймағы тарыла түсті де, біз енді әлі күнге сол аймақты қайта қалпына келтіре алмай жатырмыз. Қайта, керісінше, сол қолда бар аймақтың өзінің өкпесін қысып, жаңадан жұртты «таңғалдыратын» объектілер салудың еш қажеті жоқ. Сол бұрынғы тарихи қалпы қалай болса, сол күйінде келер ұрпаққа сақтап алып баруымыз керек.
Осыдан 30 жыл бұрын құрылған мұражай құрамында барлығы 114 тарихи-мәдени, діни-рухани, археологиялық жә­не архитектуралық ескерткіштер болса, соның 8-і мұражайландырылып, халыққа қыз­мет етіп жатса керек. Атап айтсақ, Қожа Ахмет Яссауи кесене-мұражайы, Қылует жерасты мешіт мұражайы, Жұма мешіті және Шығыс моншасы мұражайы, Түркістан тарихы мұражайы, Археология және этнография мұражайы, Рабия Сұлтан бегім кесенесі мен Түркістан кө­ше­сі мұражайы. Бұлардың барлығын қосқанда, алып жатқан аумағы 3794,52 шаршы метрді құрайды екен.
Бұл жерде көтеріліп отырған ең бас­ты мәселе осы «Әзірет Сұлтан» мем­лекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының тер­­риториясының әу баста кар­таға дұ­рыс тү­сірілмеуі, соның кесі­рінен, көне Түр­­кістанның кейпі өзгеріп, ерек­ше қор­­ғау­ға алынған ай­мақтарда зама­науи құрылыс объектілерінің салы­нып жат­қандығы. Сонымен қатар «Әзі­рет Сұл­тан» мұражай-қорығының дир­ек­то­ры өз сөзінде әлі күнге шешімін тап­пай отыр­ған мәселелердің қатарында мұра­жай қорындағы бірнеше мыңдаған аса құн­ды экспонаттар мен көне кітаптар жә­не қолжазбалардың температуралық ылғал­дық режимде сақтайтын арнаулы сақтау ор­ны болмағандықтан, күн санап құрып бара жатқанын айтты.