"Тұрмысы нашар адамдар": Әкім Павлодар облысында уланып көз жұмғандар туралы мән-жайды айтып берді

01 маусым 2022, 14:22

Павлодар облысында өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Ертіс ауданының әкімі Аян Бейсекин жеті адамның улану себебін баяндады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Аудан әкімінің айтуынша, көз жұмған тұрғындардың барлығы ішімдікке салынған. Олардың баспанасы болғанымен, отбасынан бөлек тұрған. Басым көпшілігі шаруа қожалықтарында жұмыс істеген.

"Өкінішке қарай, зардап шеккендердің басым бөлігі – тұрмысы нашар адамдар. Отбасынсыз өмір сүріп, ішімдікке салынған", – деді Аян Бейсекин.

Алдын ала мәлімет бойынша тұрғындар дүкеннен сатып алынған немесе қолдан жасалған спирттік ішімдіктен уланбаған.

"Олар шаруа қожалығынан ішуге болмайтын, тек ауылшаруашылық мақсатында пайдалануға арналған сұйықтықты ұрлаған болуы мүмкін. Қожалық қызметкері сұйықтықты алып шығып, таныстарымен бірге ішкен", – деп атап өтті спикер.

Сондай-ақ Ертіс ауданының басшысы тергеу жұмыстарының соңын күтуге шақырып, қайғылы оқиғаның мән-жайын баяндайтынын жеткізді.


Айта кетсек, Қайғылы жағдай 27-сәуірде күні болған. Полицейлердің мәліметінше, бір үйден үш адамның өлі денесі табылған. Оның біреуі 67 жастағы үйдің иесі болса, екіншісі 32-дегі баласы. Ал үшіншісі – зейнеткер. Сол күні тағы төрт адам ауыр хәлде ауруханаға түскен. Олардың төртеуі де емдеу мекемесінде  жатып көз жұмды. Қаза тапқандардың денесінде зорлық-зомбылық белгілері болмаған. Бірақ олардың белгісіз сұйықтық ішкені анықталыпты. Содан кейін бәрінің іш құрылысы істемей, шетінен көз жұмған.

Полиция ұсынған мәліметке сәйкес, ер адам ауылдастарына ішімдік ұсынған, алайда өзі бұл ішімдікті ішпеген. Кейін ер адамдардың іш құрылыстары, артынша жүйке жүйесі жұмыс істемей, ажал құшқан. Қазір мәйіттер мен ішімдік сараптамаға жіберілген.