ҰБТ: 2022 жылғы басты өзгеріс қандай

11 мамыр 2022, 15:26

2022 жылдың грант ҰБТ-да оқушылар тапсыратын тесттің әр нұсқасы маркерленген. Яғни, оқушы өз нұсқасын тестілеу барысында суретке түсіріп, аты-жөнін жасырып, басқаларға таратқан болса, Ұлттық тестілеу орталығы бұл сұрақтың қай нұсқадан екенін, тестіленушінің атын, тапсырған күнін біле алады. Сәйкесінше, оның ҰБТ нәтижесі жойылып, грант конкурсына қатысу мүмкіндігінен айырылады. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының мамандары мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

 
«2022 жылы нақты қай мамандыққа неше грант бөлінгені туралы ақпарат мамыр айындағы демалыстардан кейін жарияланады. Яғни, 10-11 мамыр күндері белгілі болады. 2022 жылы шығармашылық емтихан тапсыратын оқушыларға тестілеуде 70 минут уақыт беріледі. Шығармашылық емтихан таңдаған оқушылар грант конкурсында тек 1 мамандық пен 1 университет қана таңдай алады. Сондай-ақ 5 пәннен ҰБТ тапсырған оқушылар артынша тек 2 пәннің – Қазақстан тарихы мен оқу сауаттылығының нәтижесін шығармашылық емтиханға қолдана алады», - деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Колледж түлектері мен өткен жылдың түлектеріне ҰБТ тапсыруға тек 12 күн беріледі. Маманның айтуынша, мұның екі себебі бар.

«Біріншіден, осы жылдың түлектері мен өткен жылдың түлектері ҰБТ-ны әдеттегідей бірге емес, бөлек тапсырады. Екіншіден, ҰБТ тапсыруға өтінім жіберген 135 мың талапкердің тек 5%-ы – колледж түлегі немесе өткен жылдың түлегі. Алайда, Ұлттық тестілеу орталығына келіп түскен көптеген ұсынысқа байланысты маусым айының соңында тағы бір күн ашылады. ҰБТ тапсыру күнін оқушылар 14 мамырға дейін ауыстыра алады. Ол үшін өтінішін жойып, қайта жіберу керек. Грант ҰБТ-ның біреуінде ереже бұзған талапкердің екі тестінің де нәтижесі жойылады және грант конкурсына қатысу мүмкіндігінен айырылады. Алайда талапкерлер тамыздағы ҰБТ-ны тапсырып, ақылы бөлімге түсе алады. Сонымен бірге қаңтар, наурыздағы ҰБТ-ның да нәтижесін пайдаланып, ақылы бөлімге тапсыра алады», - деді директор.
Сондай-ақ талапкер мамыр-маусым аралығында болатын ҰБТ-да екі тест тапсырып, соның кез келген сертификатын грант конкурсына пайдалана алады. Соңғысымен қатысуы керек деген секілді шектеу жоқ.

Оқи отырыңыз: ҰБТ барысында 9 түлектің нәтижесі жойылып, 3 қызметші жұмыстан қуылды

Тамыз ҰБТ-сы шекті балл жинай алмаған, бірақ университетке ақылы бөлімге түскісі келетін талапкерге арналған. Алайда олардан бөлек, бұл ҰБТ-ны басқа талапкерлер де тапсыра алады. Сонымен қоса, 2023 жылдың түлектеріне, яғни 10-сынып оқушыларына тамыздағы ҰБТ-ны тапсырып көру мүмкіндігін беру жоспарланып отыр.

БИЫЛҒЫ ҰБТ-дағы ЕРЕКШЕЛІКТЕР

Тестцентр сайтындағы логин мен парольді ұмытып қалған жағдайда, Ұлттық тестілеу орталығының Инстаграм-парақшасына жазу керек.
ҰБТ-да Қазақстан тарихынан және Дүниежүзі тарихындағы датаға байланысты сұрақтар тек Ұлттық тестілеу орталығы жариялаған 100 датадан келеді.
2017 жылдан бастап оқушының ҰБТ-дан алған балы оның мектептегі бағасына, қорытынды аттестаттауға және «Алтын белгі» статусына әсер етпейді.
ҰБТ-дан кейін грант конкурсында оқушы әдеттегідей 4 мамандық пен 4 университет таңдайды. Грант мамандыққа бөлінеді, сол себептен таңдау жасағанда 1 мамандық пен 4 университет таңдаса, грантқа түсу мүмкіндігі азаяды.
Грант ақысы оқушының атына түскенімен, оқушы бұл ақшаны құрта алмайды. Қаражат автоматты түрде бірінші оқушының атына, артынша университетке аударылады.
Колледж түлектері өз мамандығын ауыстырып, университетке түскісі келген жағдайда ҰБТ-ны 5 пәннен толық форматта тапсырады. Ал егер өз мамандығын жалғастырғысы келсе, қысқартылған ҰБТ-ны 2 пәннен тапсырады: кәсіптік пән және арнайы пән, барлығы 60 сұрақ және ең көбі 70 балл болады.
Қысқартылған ҰБТ тапсыратын талапкерлерге тестілеуде 120 минут беріледі. Шекті балл: 25.
ҰБТ сұрақтарын құрастыратын мамандар – Ұлттық тестілеу орталығындағы қызметкерлер емес, Қазақстан бойынша көптеген мектепте және университеттерде сабақ беретін мұғалімдер.
Математикалық сауаттылық пәнінен геометриялық сұрақтар алынып тасталды. Алайда бұл толығымен геометриялық фигуралар және т.б. сұрақтар алынып тасталды деген сөз емес. Математикалық сауаттылықта ең көп таралған фигуралардың ұзындығы мен ауданына қатысты сұрақтар әлі де бар.