ҰҚК Қырғызстаннан мәйіті табылған сарбаздың өліміне қатысты жаңа деректерді жариялады

11 сәуір 2022, 15:31

Ұлттық қауіпсіздік комитеті бір ай бұрын жоғалып кетіп, Қырғызстаннан табылған сарбаздың өліміне қатысты кей деректермен бөлісті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

ҰҚК хабарлауынша, із-түссіз жоғалған сарбазды үш облыстан (Жамбыл, Қызылорда, Алматы) іздеген, сондай-ақ, Қырғызстан шекарашыларына хабар берілген. 

9 сәуір күні қырғызстандық шекарашылар шекарадан екі шақырым жерде әскери форма табылғанын хабарлады.

10 сәуір күні қазақстандық әскерилер оқиға орнына жетіп, сарбаз Бердішевтің заттарын, артынан мәйітін тапты. 

"Алдын ала қойылған диагноз: зорлық белгілері жоқ механикалық асфиксия"- деп хабарланды ҰҚК-дан.  

Аталған факті бойынша, Қырғыз Республикасы, Шу облысы, Панфилов аудандық РОВД-да тергеу амалдары басталды. 

Сарбаздың мәйіті 11 сәуір күні Қызылорда облысына, ата-анасына жеткізілді.

"Ұлттық қауіпсіздік органының жеке құрамы мен басшылығы Бердішев Ұ.А.-ның жақындары мен туыстарына қайғыра көңіл айтады.  Қазіргі уақытта шекара қызметі марқұмның жерлеу рәсімін ұйымдастыру бойынша отбасына қолдау көрсетуде", - делінген хабарламада.

Айта кетейік, сарбаз Ұлықбек Бердішев 2 наурызда із-түссіз жоғалып кетті. Оның мәйіті 10 сәуірде Қырғызстан аумағынан табылды.