ҰҚК қызметкерлері 114 млн теңгенің есірткісін тәркіледі

07 наурыз 2022, 15:29

Тергеу іс-қимылдарында заңсыз айналымнан 1,2 келі психотроптық зат алынды

23 ақпанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері Ақтөбе қаласында екі ер адамды Интернет-ресурстары арқылы психотроптық заттарды өткізді деген күдікпен ұстады. Бұл туралы ҰҚК сайтында жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 
Процессуалдық іс-шаралар барысында заңсыз айналымнан 1,7 келіден артық "мефедрон" және α-PVP психотроптық заттары алынды.

25 ақпанда есірткі тобының тағы екі қатысушысы ұсталды, олардан тінту кезінде 2,8 келіден артық синтетикалық есірткі алынды.

Сонымен қатар, 2 наурызда Шығыс Қазақстан облысында Алматы қаласынан Өскемен қаласына есірткі тасымалдауға күдікті ер адам ұсталды. Тергеу іс-қимылдарында заңсыз айналымнан 1,2 келі психотроптық зат алынды.

Алынған есірткінің "қара нарықтағы" алдын ала құны 114 миллион теңгеден артық сомаға бағаланып отыр.

Осы деректер жөнінде ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі бойынша тергеу басталды. Ақтөбе және Өскемен қаласының тергеу соттары ұсталған адамдарға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.