Украинадағы отандастарымызды елге жеткізу үшін Катовицадан рейс ұйымдастырылды

28 ақпан 2022, 13:31

Украинадағы отандастарымызды орын алған жағдайға байланысты елімізге қайтару үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Сыртқы істер министрлігімен, Украинадағы және Польшадағы Қазақстан елшіліктерімен, сондай-ақ "Air Astana" компаниясымен бірлесе отырып арнайы рейстер ұйымдастыру мәселесін қарады. Бұл жайлы Азаматтық авиация комитеті өз Telegram-арнасында мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Қазақстан азаматтарын шығару үшін алғашқы КС 2203 рейсі 28 ақпанда 09:53-те Атыраудан ұшып шыққан. Ұшақ Катовица қаласына қонады және 179 адамға арналған. 


Рейс Катовицадан 28 ақпанда жергілікті уақыт бойынша 10:30-да Атырауға қарай ұшып шығады деп жоспарланған. 

"Екінші рейс 1 наурызға жоспарланып отыр. Катовицадан 02:15-те ұшып шығып, Атырауға 11:35-те жетеді", - деп мәлімдеді әуе компаниясының баспасөз қызметіндегілер. 

Еске салайық, бұған дейін Еуроодақтың өз әуе кеңістігін Ресей ұшақтары үшін жапқанын хабарлаған едік. Енді ресейліктер Еуропаға ұша алмайды.