Украинаға көмек: Қазақстандықтар 20 млн теңгеден астам қаржы жинады

28 ақпан 2022, 11:14

Қазақстандықтар Украина тұрғындарына 20 млн теңгеден астам гуманитарлық көмек жинады. Бұл туралы саясаттанушы және қоғам қайраткері Досым Сәтпаев өзінің Facebook парақшасында хабарлады.

Саясаттанушының сөзінше, жиналған сома 30 млн теңгеге жуықтайды. 

"Бұл ақшаның бір бөлігі Польша арқылы Украинаға жеткізілетін дәрі-дәрмектер мен басқа да гуманитарлық көмекті сатып алуға жұмсалады. Логистика Қазақстандағы Украина елшілігінің қолдауымен пысықталуда. Қазақстанда сатып алу мүмкін болмайтын нәрсе Польшада елшіліктің және келіссөздер жүргізіліп жатқан поляк серіктестердің көмегімен сатып алынады", - делінген Досым Сәтбаевтың хабарламасында.

Ол Украинаның Қазақстандағы елшілігіне күн сайын адамдар "украин бауырларымызды қолдауға өз үлестерін қосу үшін" келетінін атап өтті.

ulysmedia.kz