«Үлкен дүбірмен ашылған кәсіпорынның көпшілігі қазір жабық»: депутат қыруар қаражат бөлінген жобаларды сынға алды

11 мамыр 2022, 13:29

Тәуелсіздіктің 30 жылында экономиканың драйвері деп қай саланы атай аламыз? Осы уақытқа дейін индустрияландыру бағдарламаларына бөлінген қыруар қаражат импортқа тәуелділіктен арылта алды ма? Парламент Мәжілісінің депутаты Ғазиз Құлахметов Azattyq Rýhy тілшісімен болған сұхбатта өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы саласы және ұлттық компаниялардың жай-күйі мен халықтың табысы жайында әңгіме өрбітті.

 
– Әлеуметтік желідегі жазбаларыңыздың бірінде Қазақстанда уранның орасан қоры бар екенін, әлемдік тәжірибеде тек көмір немесе газ энергиясына негізделген елдерге қарағанда, атом электр станциялары бар елдер, әсіресе уран және ядролық отын өндіретін елдер дамығанын жазыпсыз. Бізде АЭС салу мәселесі – қоғамда қызу талқыланып келе жатқан тақырыптардың бірі. Осы ретте АЭС-ті қай елдің және қандай талаптармен салғаны дұрыс? АЭС салында бізде оны игеріп алып кететін мамандар да тапшы. Осы мәселелерді қалай шешу керек?

– Семей ядролық полигонының зардабын ондаған жылдар бойы сезінген халық атом деген сөздің өзін үреймен қабылдайды. АЭС салуға басым көпшілік қарсы. М.Жәкішевтен кейін салаға келген кейбір басшылардың уран өндіру саласына тікелей қатысы болмағандығын ескерсек, өндірістің даму потенциалына қазіргі сала мамандарының өзі де үлкен күмәнмен қарайтыны шындық. Осы саланың тарихын, ерекшелігін кәсіби түрде білетін азаматтардың бәрі қазір зейнетте. Салада буын алмасу процесі сәтсіз өтті.

АЭС салу туралы алғашқы әңгіме қозғалған кезде марқұм Нұрлан Қаппаров өзі қызмет істеген 7 айдың ішінде бірден мамандар даярлау бағдарламасын әзірлеуге кіріскені есімде. Мезгілсіз қазасынан соң ол бастаманы орнына кейін келген басқарма төрағаларының бірде-біреуі жүргізіпті дегенді естіген жоқпын. Қателеспесем, бір энергоблоктың жұмысын күнделікті жүргізу үшін бір мыңға жуық маман қажет. Ал құрылыстың салыну мерзімі 10 жылға дейін жалғасады. Сәйкесінше біліктілік, дағдысы жоғары мамандар біздің елде дәл қазір жоқ. Ресми органдар қай елдің технологиясын алу қажет екендігін пысықтап жатыр. Технологиялық, экономикалық, экологиялық жайынан тыс, оның саяси астары бары да рас. Сондықтан бұл мәселеде асығыстыққа жол бермеген дұрыс.

«САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» ҚАНША ТЫРЫССА ДА «ТEMASEK» БОЛА АЛМАЙДЫ

– «Самұрық-Қазына» қорын трансформациялау жүріп жатыр. Өзгеріс жасау керек деп штат санын қысқартты, бір көзден сатып алудың үлесін азайтты, жекешелендіруге басымдық берілетіндігі айтылды. Сіз Қазақстан азаматы ретінде қордың өзгерісінен не күтесіз?

– «Самұрық-Қазынаны» қалай ұтымды трансформациялау қажет екендігін қордың бүгінгі менеджменті де, үкімет те толық білмейтін сияқты. Егер нақты мақсат-ойы анық болса, сасқан үйрек сияқты тек Президент тарапынан қор қызметіне қатысты айтылған сыннан кейін қызметкерлерін (штаттық кесте бойынша – 250, келісімшарт бойынша штаттан тыс қанша адам болғаны жайлы ашық ақпарат жоқ) тек 50 пайызға қысқартып, сатып алуға жауапты және сол қызмет жүктелген қарапайым мамандарды қысқартумен ғана шектелмеу қажет еді. Орайы келгенде, қор қызметін, оған бағынышты ұлттық компаниялардың қаржылық-шаруашылық, сатып алу, кадрлық т.б. толық қызметіне аудит кіргізіп, шынайы жағдайды көрсету туралы өздері ұсыныс білдіруі тиіс еді. Мемлекет басшысынан сөз естігенше, қорды тарату туралы өздері бірінші боп өтініш айтқанда, азаматтықтарына сүйсінер едім.

Қордың 2009 жылдың әлемдік дағдарыс қарсаңында (Самұрық пен Қазына қорларының қосылуы) біріктірілуі артық қаржы шығындарын тыйып, инвестициялық жобаларды үйлестіріп, үкімет тарапынан қадағалау үшін қажет болды деген ұстаным болса, ол миссияның бір мүшелге созылып кетуінен қолы ұзын қаржылық топтардан өзге ешкім ұтқан жоқ сияқты.

«Самұрық-Қазына» қанша тырысса да сөзсіз «Тemasek» болуы екіталай. Оның объективті, субъективті себептері көп. Сондықтан әл-ауқат қорына аңыз-ертегідегі Самұрық құс атының берілу астарында үлкен символизм жатқандай. Мемлекет экономикасының 60 пайызға жуық потенциалын қолына біріктіріп отырған Қор басшылығы Ұлттық компанияларға өзін-өзі басқару мүмкіндігін қайтарғаны орынды. Себебі әрбір компания өзінің даму стратегиясын, кадрлық саясатын, өнім сатудан түскен табысын өндірістің қажеттілігіне, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға жұмсауы тиіс.

БАҒДАРЛАМАҒА ЖҰМСАЛҒАН 5 ТРЛН ТЕҢГЕНІҢ ҚАЙЫРЫН ҚАРАПАЙЫМ АЗАМАТТАР СЕЗІНГЕН ЖОҚ

– Тәуелсіздіктің 30 жылында мемлекеттік бюджетке түсетін негізгі кірісті шикізат құрайды. Индустрияландыру бағдарламалары айтарлықтай нәтиже бермеді. Арнайы экономикалық аймақтар бос тұр. Маңызды азық-түлік, киім, тұрмыстық химиялық заттарды сырттан аламыз. Жасыратыны жоқ қарасы қалың көпшіліктің Қазақстанда «тіс шұқығыш та шықпайды» деген пікірі орынды. Тәуелсіздік жылдарынан бері қандай салалар экономиканың драйвері болуы тиіс еді?

– Біздің мемлекет негізгі шикізат (мұнай, газ, түрлі-түсті металл, мыс, уран т.б.) түрлерін сату үрдісін тоқтатпайды. Индустрияландыру бағдарламасы аясында іске аспай қалған жобалар бойынша, құзіретті органдар тарапынан сұрау болу керек. Есеп комитетінің берген деректері бойынша, бағдарламаға жұмсалған 5 трлн теңгенің қайырын тұрақты жұмыс орындары, аймақтың өсімін қамтамасыз ететін салық түсімдері күйінде экономика да, қарапайым азаматтар да сезінген жоқ. Үлкен дүбірмен ашылған кәсіпорындардың басым көпшілігі қазір жабық. Ұжымдық жауапсыздықтан жұрт әбден қажыды. Ол бағдарламалар бойынша да нақты тексеру жүргізіп, істің бетін ашқан маңызды.

Менің пайымымша, ұзақ жылдар бойы атқарушы билік ауыл шаруашылық саласының дамуына қырын қарап келді. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында агросектордың экономикадағы үлесі 40 пайызға дейін жетті. 2000-шы жылдардың ортасынан инвестиция тартылып, көмірсутегі ресурстарынан түскен алғашқы мұнай долларлары ниетімізді сөзсіз өзге арнаға бұрып жіберді. Орасан дәулеттің қызығын бұрын-соңды көрмегендер сол сәттен ауылды да, ауылдағы шаруаны да ұмытты. Осы уақытқа дейін ауыл шаруашылығының экономикадағы ЖІӨ-нің үлесі 5 пайыздан аса алмай келеді. Ресми деректерге сүйенсек, осы күні Қазақстандағы халықтың (2022 жылдың 1 қаңтары бойынша) 41 пайызы – ауылды жердің тұрғындары. Әу баста, сол кездегі билік елдің бәрін саудагер қылмақшы болған райынан бара-бара қайтып, кейін екі сиырдың меншік иесіне айналдырғысы келген ниетін де байқадық. Осы ретте, ауыл халқының біліктілік, дағдысын жетілдіру, шаруаның техникасын жаңалау, ауыл мектептеріндегі білім алу теңсіздігін еңсеру өзекті проблема.

ЕЛІМІЗГЕ ИМПОРТТАЛАТЫН ТАУАРДЫҢ 40 ПАЙЫЗЫ РЕСЕЙДЕН КЕЛЕДІ

– Соңғы уақытта қоғам белсенділері Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтан шығуы керек деген пікір білдіріп жүр. Экономикалық тұрғыдан да Қазақстан мен Беларусь негізінен Ресей өнімін көптеп тұтынып отырған елдер. Біздің Ресейге сатқанымыздан сатып алғанымыз 3 есе көп екен. Оның үстіне отандық кәсіпкерлер Ресейдің шекарасында айлап тұрып, өнімдерін өткізе алмайтынын, көрші ел тарапы кез-келген нәрсені сылтауратып тауарды өткізбеуге тырысатынын талай рет айтқан болатын. Осы жайтқа байланысты «Одаққа кіріп ұтылып жатырмыз» деген пікірмен келісесіз бе?

– Еуразиялық экономикалық одақтан шығу механизмдері күшінде. Шектеу жоқ. Алайда төрт құбыламыз теңелмей жатып, көрші нарықтан идеологиялық қайшылық бар деген желеумен қашу жөнсіз. Мемлекеттің географиялық орналасу ерекшелігі, теңізге шығу жолдарының болмауы күнделікті сауда-саттыққа да, қарапайым барыс-келіске де зор ықпалын тигізеді. Беларусь – бізге қарағанда ауыл өнімдерін шығару потенциалын сақтап, одан әрі күшейтіп жатқан мемлекет. Ресей – әу бастан алпауыт ел. Сондықтан бұл мәселеге қызбалықтан гөрі салқынқандылықпен қараған дұрыс. Одаққа кіргеннен ұтылып жатырмыз деген пікірді қолдау үшін, не теріске шығару үшін сауда-саттық балансына қарап, кәсіби тұрғыдан сөйлеген абзал. Расымен, елімізге импортталатын тауардың 40 пайызы Ресейден келеді. Сәйкесінше, бұл деректің өзі ғана мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу сапасы мен жайсыз нәтижесін айғақтайтын айна.     

– Соңғы уақытта «Оператор РОП» сынды бірқатар тиімсіз компаниялар жабылды. Біраз лауазымды тұлға ұсталды, қызметтен кетті. Мұның барлығы бұған дейін таныс-тамырлықпен байып отырғандарға қысым болды. Қазақстаның байлығы 162 адамның қолында екенін Президент айтқан болатын. Бұл тізімге енгендер лауазымды орындарын босатуға мәжбүр болды. Бұл өзгерістерді сіз Қазақстан азаматы ретінде қалай қабылдайсыз?

– Азаматтық қоғам оянып келеді. Саяси процестерге ықпал ету үшін ол іске шала кірісу нәтиже бермейді. Әрбір азамат өзінің нақты позициясын айқындауы маңызды. Қалың көпшілік әділдік, адалдық деген ұғымдарды тең түсініп үйренуі керек-ақ. Сөзсіз, сең қозғалды. Келер күннен күтер үміт көп, көшіміз ыңғайлана бастағандай.  

– Қанша жылдан бері халықтың табысы бір қалыпта тұр, ал шығыны артып келеді. Осы ретте біздегі жалақы айырмашылығы туралы не айтар едіңіз?

– Елімізде негізгі жұмыс беруші – мемлекет. Халықтың 85-90 пайызы мемлекеттік қызметте, азаматтық қызметте. Экономикалық саясаттағы сәтсіздіктер елдің тұрмысын нашарлатқанын көріп отырмыз. Байлар мен кедейлер қалыптасып, таптық жікшілдікке әкелді. Реформалардың іске асу, не аспауы әлі де жоғарғы биліктің ырқына тәуелді болып тұр. Мемлекеттік басқару жүйесі бюрократиялық жұмыс әдісін өзгертуге пейілсіз. Проблеманы біржола реттегеннің орнына уақытша ақша құйып, шешуге құмармыз. Себебі әкім, министр, олардың орынбасарлары болатын адамдар қызметке нақты қанша мерзімге келгенін білмейді. Жүйесіздіктен нәтиже шықпай жатқандығы да сол. Үкімет бюджеттің табыстылығын, кіріс бөлігін қамтамасыз ете алмай отыр. Сондықтан халық рақатын сезетіндей жалақыға жету жәй қиял ғана.

– «Жаңа Қазақстанды» қалай сипаттап берер едіңіз?

– Америкалықтар сияқты ойын ашық сөйлейтін, жапондар сияқты ұзақ өмір сүретін, қытайлар сияқты кедейлікті жеңген, кәрістер сияқты технологиясы дамыған кейіпте елестетемін әрі қалаймын. Қазақстан халқының бақытты болған заманын көргім келеді.

– Сұхбатыңызға рақмет!