Ұлттық банк 600 млн доллардан астам сомаға интервенция жүргізді

05 наурыз 2022, 16:31

Ұлттық банк теңге бағамын ұстап қалу үшін 1-5 наурыз аралығында 534,3 миллион АҚШ доллары сомасына интервенция жүргізді. Бұл сауда-саттықтың жалпы көлемінің 60% -ін құрайды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Осы соманың 414,3 миллион доллары - Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз етуге бағытталған және 120 миллион доллар – валюталық интервенциялар.

Ішкі валюта нарығындағы ахуалдың тұрақсыздануына жол бермеу үшін 28 ақпанда Қазақстан қор биржасында (KASE) доллар-теңге жұбы бойынша сауда-саттық Франкфурт аукционы бойынша өтті. Оның қорытындысына сәйкес, Ұлттық банк валюталық интервенциялары 98,1 ммиллион АҚШ долларын немесе бір күнгі сауда-саттықтың жалпы көлемінің 61,5%-ін құрады.

Сейсенбіден бастап сауда-саттық штаттық режимде өтіп жатыр. Осылайша, апта басынан бері Ұлттық Банк 630 миллион доллардан астам сомаға интервенция жүргізді. KASE-де ұлттық валютаның орташа бағамы сенбі күні түстен кейін бір доллар 503,3 теңге болды. Бұл бағам Ұлттық Банктің 6-9 наурыздағы ресми бағамы болып саналады.

Сонымен қатар, валюта айырбастау пунктерінде доллар сатып алу бағамы 511-512 теңге, сату бағамы 517-520 теңге. Біраз пунктерде доллар сатылмайды.