Үш мемлекетаралық пойыз Қазақстан арқылы қатынайды

31 мамыр 2022, 17:50

Маусым айынан бастап Қырғызстанның үш мемлекетаралық пойызы Ресейге Қазақстан арқылы өтетін болады. Бұл туралы «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы хабарлады.

Ресми мәліметке сәйкес, үш пойыз да Бішкектен шығады. Олар:

17/18 «Бішкек-Самара» пойызы (Бішкектен 8 маусымынан бастап, ал Самарадан 10 маусымынан бастап аптасына 2 рет қатынайды);

305/306 «Бішкек — Шу/Қазан» пойызы (Бішкектен 6 маусымынан бастап, Қазаннан 9 маусымынан бастап аптасына 1 рет қатынайды), дәл осы пойыз

113/114 «Алматы-Қазан» пойызының құрамымен Шу станциясын қоса біріктіріліп қатынайды;


385/386 «Бішкек – Новосібір» пойызы (Бішкектен 9 маусымынан бастап, Новосібірден 11 маусымынан бастап 8 күнде 1 рет қатынайды).
Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, Қазақстанға теміржол көлігімен кіру үшін бұрынғыдай теріс нәтижесі бар COVID – 19-ға ПТР-тестілеуден өткені туралы анықтаманы көрсету керек. Ол құжат берілген күннен бастап Қазақстанның мемлекеттік шекарасын кесіп өткен сәтте 72 сағаттан аспауға тиіс. Ал коронавирус індетіне қарсы вакцинацияның немесе ревакцинацияның толық курсынан өткен адамдарға ПТР-тест қажеті жоқ. Бірақ вакцинаның соңғы дозасын алу мерзімі алты айдан аспауы шарт. Бұдан бөлек, бес жасқа дейінгі балалар, үкіметтік делегациялар мен теміржолдағы тасымалдауға жауапты мамандарға ПТР-тест тапсырмауға болады.

«Егер жолаушыларда ПТР-тест нәтижелері немесе COVID-19 вакцинациялау паспорты болмаса, онда вагонға отырғызуға жіберілмейді», — делінген хабарламада.

aikyn.kz