"Ұшақтар дәрі шашып жатыр": Түркістандықтар дабыл қақты

29 шілде 2021, 14:30

Түркістан облысында "Ұшақтар дәрі шашып жатыр" деп ватсапта жалған ақпарат таратқан ер азамат анықталды. Оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"WhatsApp" желісінде "АН-2" маркалы ұшақтарын түсірген бейне жазба мен белгісіз ер адамның "ұшақтар дәрі шашып жатыр, соған байланысты жиналамыз" деп айтып жатқан аудио жазбасы таралды. 

Бұл бейнежазба бойынша Ордабасы аудандық полиция бөлімі тиісті тергеу шараларын жүргізіп, оқиғаның мән-жайын түсіндіріп берді. 

 “Анықталғандай "АН-2" ұшақтары Ордабасы ауданы Қара аспан ауылдық округінің маңына қонған. Аталмыш ұшақтар Шымкент қаласының тұрғыны, яғни ЖШС-лардың бірінің иесіне тиесілі екені белгілі болды. ЖШС иесі Қара аспан ауылдық округінің маңынан жалға алған егістік алқапқа тыңайтқыш шашу үшін әкелген. Аталмыш ұшақтар келесі жылдың көктеміне дейін сол маңда тұрып, егістікке пайдаланылатын болады”, – деп мәлімдеді полиция басқармасы.

Сонымен қатар полицейлер жалған ақпарат таратқан ер адамды да анықтаған.  

“Ол Қара аспан ауылдық округінің тұрғыны болып шықты. Бүгінгі таңда Ордабасы АПБ полицейлерімен ер азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 274-бабы "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Ер азамат өзінің жасаған кінәсін толығымен мойындап, барша тұрғындардан кешірім сұрады”, – деп мәлімдеді полиция басқармасы. 

Полицейлер ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, алдағы уақытта жалған ақпар таратпау мен расталмаған қауесет сөздерге сенбеу қажеттілігін айтты.