"Үйде өздігінен туа береді": Алматылықтар жауапкершіліктен жұрдай болған көршілеріне шағымданды (видео)

07 қазан 2021, 19:13

Әлеуметтік желіде алматылық тұрғын көршісінің дұрыс өмір салтын ұстанбайтынын айтып, шағымдануда. Оның мәліметінше, әйел балаларын қараусыз тастап қойған. Алматы полиция департаменті жағдайға байланысты түсінік берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Біз Саялы шағын ауданында тұрамыз. 35 пәтердің тұрғындары дұрыс емес өмір салтын ұстанады. Олар үнемі бір топ болып жиналып ішеді, шу шығарады, айқайлайды, боғауыз сөздер айтады. Біз көршілері олардың бұндай қылықтарынан шаршадық. Полицияға жиі жүгінеміз. Тәртіп сақшылары келгенімен оларға есікті ашпай қояды. Олар кетіп қалған соң таңға дейін іс-әркеттерін жалғастырады"- делінген видеода. 

 
Автордың айтуынша, көршісінің үш баласы балалар үйінде. Одан басқа екеуі келеңсіз жағдайда көз жұмған. 

"Біздің өтінішіміз бойынша 3 баласын балалар үйіне алып кетті. Екі баласының біреуі үсіп, біреуі диваннан құлап мерт болған. Мына видеодағы алтыншы баласы еш жерде тіркеуде жоқ. Үйде өздігінен туған. Балалар үшін өте өкінішті. Көмектесулеріңізді сұраймын", - дейді әйел. 

Оқиғаға Алматы қаласының полиция департаменті пікір білдірді. Қазіргі таңда әйелді ата-ана құқығынан айыру үшін сотқа материалдар дайындалып жатқан көрінеді. 

“Көрсетілген мекенжайда 1993 жылы туған Дана Ағжанбаева есімді азаматша жаңа туған нәрестесімен бірге тұрады. Мән-жайды анықтау үшін Алатау аудандық әкімінің орынбасары Б.Е.Сабитовтың төрағалығымен комиссия құрылды. Комиссия көрсетілген мекен-жайға келгенде, Д. Ағжанбаева есікті ашпай қойды. Сол себепті 109 құтқару қызметіне хабарласып, есікті сындыруға тура келді”, – дейді департаменттен. 

Ведомствоның мәліметінше, бүгін қамқоршылық органдарымен жаңа туған нәрестені жедел жәрдем бригадасы №2 балалар ауруханасына жеткізді.

“Азаматша Ағжанбаеваның 2015, 2018, 2019 және 2020 жылдары дүниеге келген төрт баласы бар. Қамқоршылық органдары оның ата-ана құқығынан айырылуына байланысты кәмелетке толмаған балаларын тартып алды. 2020 жылдың қыркүйегінде ол "кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу, оқыту және (немесе) асырау бойынша өз міндеттерін орындамағаны үшін, сондай-ақ олардың мінез-құлқына теріс әсер ететін ата-ана" ретінде есепке тіркелген”, – делінген хабарламада.