Үйренетін де, жиренетін де жайттар көп - ерікті

19 қазан 2020, 11:41

Ата-бабаларымыз кез келген қиын жағдайда бір-біріне көмектесіп, оны «асар» деп атағаны баршамызға белгілі. Кейде бірнеше адамның қолынан келмейтін шаруаны ел болып атқарған. Осы көмек үшін өзгелерден ештеңе талап етпейді. Қазақ халқының осы дәстүрін «волонтер» атауымен тікелей үндес деуге болады. 

2020  &ndash Қазақстанда еріктілер жылы деп жарияланды. Мақсат &ndash жастарды аталған қозғалысқа қатысуға ынталандырып, қолдау көрсету. Көмекке мұқтаж жандарға аянбай қол ұшын беріп, ұлтымыздың көне дәстүрін жаңаша жалғап жүрген жастардық бірі қызылжарлық Әлфараби Мыңбай. Еріктімен Azattyq Rýhy тілшісі сұхбаттасқан еді.

- Әлфараби, Қашаннан бері волонтерлықпен айналысып жүрсіз?

- 2017 жылдан бері еріктілік бағытқа бет бұрдым. Ол кезде студент едім. Көктем мезгілінде Солтүстік Қазақстан облысының аумағында жойқын су тасқыны болып, табиғат апатының салдарынан көптеген адамдар зардап шекті. Тұрғындардың біразы, әсіресе денсаулығы жоқ зейнеткерлер бұл қиындықты өздігімен жеңіге қауқарсыз еді. Сол сәтте біз топпен барып қарияларға көмектестік. Жиналған әлеуметтік көмек, яғни азық-түлік пен киім-кешек таратып, үйлерін жөндеуге жәрдемдестік.  

- Пандемия кезінде волонтерларға деген сұраныс күрт артты. Қарапайым азаматтар көбіне Сіздерден қандай көмек сұрайды?

- Иа, шынымен де пандемия кезінде еріктілер үшін жұмыс артты. Әсіресе көктем мезгілінде елімізде қатаң карантиндік шаралар енгізілгенде әсіресе қариялар азық-түлік дүкендеріне де бара алмады. Олардың арасында жалғызбастылары қаншама. Біз оларға азық-түлік жеткізіп тұрамыз. Күз кезінде зейнеткерлерден қыстық отын әзірлеу, аулаларды жинастыруға жәрдемдесу сынды өтініштер  жиі түседі. Біз олардың барлығына шама келгенше көмектесеміз.

- Еріктінің бір күні екіншісіне ұқсамайды. Түрлі адамдарға жолығып жатасыздар. Солардың қатарында жадыңызда ерекше сақталғандар бар ма?

- Оныңыз рас, бірде қалада, келесіде ауылда жүресің. Үш жылдың ішінде қаншама адаммен кездесіп, таныстым. Кейбір отбасылардан жиренесің, кейбірінен үйренесің. Өзіңе өмірлік сабақ түйесің. Өз отбасын әкелері немесе шешелері тастап кеткен жағдайларды да көрдік. Шиттей бейкүнә балаларға қарап жүрегің елжірейді. Кейде адамдардың осындай қатыгездігін түсінбеймін. Осындай сәтте болашақ өмірімде мұндай әрекеттерге мүлде жол беруге болмайтындығын ұғынасың. Бір қалада тұрып, қартайған ата-анасына азық-түлік пен дәрі-дәрмек әкеліп бере алмайтын балалар барын  да көріп жүрміз. Бұл мен үшін тіпті ақылға сыйымсыз дүние. Қариялар түрлі себептер айтып балаларын ақтамақ болады. Ал жанарына үңілсең, мұң ғана аңғарасың. Көз &ndash адам жанының айнасы деген де осы болар. Адамдардың туған балаларын, ата-анасын тастап кете баратын қатыгездігіне сөз жоқ.

- Елімізде еріктілерге тиісті деңгейде қолдау көрсетіле ме? 

- Қолдау бар, әрине. Еріктілердің көбі студент, оларың арасында отбасылы азаматтар бар. Жұмыс істеп жүргендер де бар. Оларға қызметте бірқатар жеңілдіктер жасалады.  

- Елімізде волонтерлық қызмет қаншалықты дамыған деп ойлайсыз?

- Қазіргі уақытта бұл қозғалыс жақсы қарқын алды деуге болады. Түрлі қалаларда волонтерік штат, кабинеттер пайда болды. Оған қатысқысы келген азаматтар барып тіркеле алады. Жастар бір-бірінің игі істер атқарып жүргенін көріп, еріктілер қатарына қосылады. Жыл сайын волонтерлар арасында түрлі шағын гранттар ойнатылады, түрлі деңгейдегі форумдар ұйымдастырылып, еріктілердің басын қосады. 

- «Еріктілер өзгелерге көмектесуден гөрі көзбояушылықпен айналысады» деп сөгіп жататындар да бар. Бұндай пікір айтатындарға қалай жауап берер едіңіз?

 - Қай істе болсын сыншы көп. Еріктілер атқарып жүрген жұмысты өздері істеп көрсін дер едім. Тым болмаса бір күн. Содан кейін ғана айтсын, өз ойларын. Бәлкім ондай пиғылмен жүретіндер де бар шығар, бірақ көпке топырақ шашуға болмайды. 

- Еріктілік &ndash өз уақытыңды, күшіңді сарп етіп, өзгеге көмек қолын созу. Мұндай әрекетке кез келген адам бара бермейді. Дегенмен, соңғы жылдары елімізде бұл қозғалыстың дамып, еріктілердің саны артып келе жатқандығы байқалады. Волонтерлықпен айналысуды ниет етіп жүрген жастарға не айтар едіңіз?

- Ерікті ретінде жұмыс істеуді жоспарлап жүрген азаматтың санасында «өзгелерден не алсам» деген емес, басқаларға қандай көмек көрсете аламын деген ой болуы тиіс. Волонтерлықпен айналысу арқылы басқа отбасыларға қарап отырып, өмірлік сабақ алуға болады. Еріктілік қызмет &ndash уақытыңды тиімді өткізуге, өзгелермен шынайы дос бола білуге, өзгенің игілігі үшін еңбек етуге үйретеді. Елімізде 7 бағыт бойынша волонтерлік қызмет көрсетіледі. Әрбір ерікті өз мамандығына сай бағытты таңдаса, ертеңгі күні қызмет бабында пайдасы тиетін тәжірибе жинайды. Ал ең бастысы өзгелерге көмектесу арқылы қаншама адамның ақ батасын аласың.

Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО