Зейнетақы қорындағы қазақстандықтардың жинақтары 13,1 трлн теңгеге жетті

26 қаңтар 2022, 21:04

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының зейнетақы жинақтары 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 13,1 триллион теңгеге жетті. Бұл туралы БЖЗҚ мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қор мәліметінше, бұл сома зейнетақы жарналары мен инвестициялық табысты қамтиды. Зейнетақы жинақтарының едәуір өсуі 2021 жылдың 1 қаңтары мен 2022 жылдың 1 қаңтары аралығында 1,4 трлн теңгеден асқан таза инвестициялық табыстың арқасында қамтамасыз етілді, бұл былтырғы көрсеткіштен 138,2 млрд теңгеге немесе 11% артық. Қазақстан Ұлттық банкінің басқаруымен БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша кірістілік жыл басынан бері 11,13%, ал инфляция 8,4% құрады.

Естеріңізге сала кетейік, инвестициялық табыстың құрамына бағалы қағаздар (салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы түріндегі кірістер, қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау түріндегі кірістер, валюталық қайта бағалау түріндегі кірістер, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістер және тағы басқалары кіреді.

«Жалпы, барлық зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға біріктірілген сәттен бастап Ұлттық банк қамтамасыз еткен инвестициялық табыс 6,04 трлн теңгеге жетті. Бұл ретте 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша жинақтаушы зейнетақы жүйесінің құрылған күнінен бастап (1998 жыл) инвестициялық кірістілік өсу қорытындысымен – 681,13%, ал инфляция 546,77% болды. Осылайша, жинақтаушы зейнетақы жүйесі қолданысқа енген кезден бастап 2022 жылдың 1 қаңтарына дейінгі кезеңде зейнетақы активтерінің нақты кірістілігі 134,36%» - делінген хабарламада.
 Айта кету керек, зейнетақы жинақтары – бұл ұзақ мерзімді инвестициялар, әрі инвестициялық табыстың мөлшерін кемінде 1 (бір) жыл кезеңінде талдау орынды. Қысқа мерзімді деректер (апта сайынғы, ай сайынғы және т.б.) – айқын нәтиже көрсетпейді. Өйткені, ол нарықтың құбылмалы өзгерістеріне тәуелді.