Біз– соғыс уақытындағы сәбилерміз (Эссе)

Біз– соғыс уақытындағы сәбилерміз (Эссе)

Тағдыр қаншама қаһарын төгіп, дүниенің ойраны шығып жатса да, біз, соғыс кезіндегі бейкүнә сәбилер, өмірдің өзін қаз-қалпында түсіндік. Біз үшін басқа түрлі өмір жоқ сияқты еді. Аштық, жалаңаштық, қақаған қыстың суығына тоңу, жаздың аптап ыстығына күю тас маңдайымызға қаттап-шоттап жазылып берілгендей еді. Таланымызға тап келген тылсым тіршілікті тілдеп, сөгу дегенді білмедік. Аштықтан шегіміз шұрылдап, ішкі ағзаларымыз бірін-бірі жалмап жеп жатса да, қыңқ етіп сыр бермедік. Арамызда үздігіп барып, үзіліп кеткендер де болды. Оларды ауыл іргесіндегі қорымға қойып қайту соғысқа жарамсыз болып елде қалған ересектердің міндеті еді. Әйтеуір, жер бетінде, ауыл шетінде төмпешіктердің көбейгенін көзіміз көрді. Бірақ, төмпешікке айналып кеткен сәбилердің нақты қанша екенін ешкім айта алмас еді.

Соғыс кезіндегі бүлдіршіндердің алғаш рет адамша тіл сындыруы “Апа, нан берші”-ден басталғаны анық. Тесік тамақтан өтерлік не болса соны қаужай бергендіктен бе, қарындары асқабақтай дөңгеленіп, қылдырықтай мойындары жұдырықтай жұмыр бастарын әзер ұстап тұрғандай бүлдіршіндердің кескін-кейіптері де ұсқынсыз көрінетін. Сол түрлеріне қарамай, жүгіре жөнелгенде тауықтың балапандарындай бытырай қашып зымырайтын. Олардың “таңғы асы” осы ауылдың малының да, жанының да ырзығына жаралғандай айдыны жарқырап жататын екі дөңнің арасындағы шар айнаға ұқсас “Маса” көлінің ну ормандай қамысы еді. Жиектегі қамысты шапыр-шұпыр қаумалап су түбінен сүйрік тартып, май қоғаны ауыз толтыра күйсіткенде езулері көбіктеніп, жерік асқа тойынып-ақ қалатын. Бірақ, қоға жеудің де өзіндік әдіс-амалдары бар. Аштық қанша қысса да, қамысты тоя жеуге болмайды. Ашқарақтанып, шамадан тыс жеп қойған баланың іші ауырады. Тіпті, өліп те кетуі мүмкін. Тіршілікке деген құштарлықтары басым, мезгілінен бұрын ержеткен сұңғыла балалар бұл жағдайды жақсы біледі. Өздерінше сақтанады.

Біздің қыбыр-жыбыр тіршілігімізге қолдау көрсетіп, тіршілігімізді түлеткен қамқоршыларымыз да болды. Олар нағыз ел қамын жеген Едігелер еді. Алдындағы бір түйір нанды өздері жемей, ұрпақтарына ұсынған ақсақалды аталарымыз бен ақжаулықты әжелерімізді қалай ұмытарсың?!. Солардың бірі ауылымыздың үлкені, ақылманы болған сексеннің сеңгіріндегі Бидалының Әбілғазысы еді. Ауылдағы жалғыз балықшы да сол кісі болатын.

Алып денелі, айрыла шыққан күміс сақалы нар кеудесін жапқан Әбекеңнің мейірім төккен жүзі де ерекше еді. Шағын қайыққа көсіле отырған атамыз көл бетіндегі барлық тіршіліктің иесі сияқты көрінетін. Судың бетін қақ жарып бабымен жылжып келе жатқан атамыз көл ішіндегі бар байлықты өзімен бірге жетектеп келе жатқан су иесі Сүлейменге ұқсайтын...

Таң алакөбеде көлдің беті қайнаған қазандай жыпырлап, буалдырланып жатады. Айнала әлем тылсым тіршіліктің құшағында манаурап, ұйқысынан арыла алмай әрі-сәрі күй кешеді. Әрі-беріден соң тұман сейіле бастайды. Күншығыстан алаулай түскен алтын арай жер бетіне лықси төгіліп, құлазып тұрған мұңсыз тіршілікті салалы кірпіктерімен қыдықтай бастайды. Осы сәтте дала қазының ашулы айқайы құлақты жарып жібергендей болады. Таң сәріден келіп, көл шетінде бүрісіп отырған бір топ бүлдіршін “біз мындамыз” дегендей қозғалақтай бастайды. Көлдің мұздай суы қалтыратқан бейбақтардың көк тұманды көздерімен тіміскілегендеріне, балықшының бағдарын бағып елеңдескендеріне бірталай уақыт болған. Ақ шожым дамбалының балағын бура санына дейін түріп тастаған Әбекең қара қайығын еркін жылжытып, көл жағасына жартылай шығарады. Ұйып қалған қомақты денесін әлеуетті алақандарымен сипап, қайтадан қайық ернеуінен аттайды. Жем сұрап ауыздарын ашқан сары ауыз балапандардай бір топ бала қайық ернеуіне қарай емпелеңдей түседі. Қайық түбінде секіре-шошып, аударылып түсіп жатқан балықтар ашкөзденген балалардың түрлерінен қорқып, шошынғандай көрінеді. Әбекең саспай қимылдап, балалардың дайындап әкелген айыр ағаштарына балық іле бастайды. Балық кейде көп, кейде аз ілігеді. Әбекең бір баланы да бос қайтармайды. Тіпті, кейде аулаған балығы өзіне жетпей де қалады. Қуанысқан қара домалақтар болса, табандары жарқылдап, ауылға қарай зыта жөнеледі...

– Әй, таландарыңа тап келген тар заман-ай! Төртеуің түгел болса, жатар едіңдер-ау жылы төсекте шалжиып. Обалдарың айдай әлемнің ойранын шығарған Гитлер итке болсын. Соғыс та бітер, ел қорғауда жүрген боздақтарымыз да оралар елге... – деп күбірлеп, күректей айыр сақалын тарамдап, жүрегі елжіреп, аласапыран қан майданда жүрген азаматтарды сағына еске алады Әбекең.

Балалар болса, желбезектерінен іліп алған 4-5 балықты саусылдатып, үйдегі әжелеріне жеткізгенше асығады, ауыздарына майға қуырылған балықтың тәтті дәмі келгендей тамсанып. Сөйтіп, Айды аспанға шығарғандай мәз-мейрам болып келе жатқанда... керте қораның сырт жағынан арыстандай қып-қызыл ит солбаң етіп шыға келеді. Бұл бүкіл елге әмірін жүргізіп тұрған, жұрттың еркесіне айналған Есенбай қойшының “он қасқырға жалғыз шабатын” Байшолағы. Екі көзі жанған шоқтай қып-қызыл, жап-жалпақ кеудесі жұп-жуан мойынымен тұтасып кеткен алпамсадай иттің бір киесі бар сияқты еді. Өйткені, ол сенен ештеңе сұрамаса да, қолыңдағы барыңды өз еркіңмен арандай аузына сала саласың... “Иә, жарадың!” дегендей, бұрылып жүре берген итке “Ас болсын!” дегің келеді... Дәл сол күні Байшолақтың менімен “кездесуі” өтіп, оның мені ұмытып кетпегеніне әжептәуір “қуанып” қалдым...

Жалпы ауылдан үш шақырымдай жердегі Нұрғали қыстауын қысы-жазы мекен ететін колхоздың атақты шабаны, еңбекқор қарт Есенбай Байшолақты үнемі байлауда ұстайтын. Бірақ, арпалысқан алпамсадай ит жуан шын-жырдың өзін үзіп кететін. Солайша Байшолақтың ауылға келуі жұртты бір дүрліктіріп тастайтын. “Елге Байшолақ келіпті. Сақ болыңдар” деген сыпсың сөз ұлпа-отан ауылға тез тарайтын. Байшолақтың тарпаң мінезін, әсіресе, ауыл балалары жақсы біледі. Көктен түскендей арлан ит таңғы оқуға бара жатқан оқушының алдынан қарсы келеді де, “Салығыңды төле” дегендей, қарсы алдыңда үн-түнсіз тұрып алады. Ол сөмкенің түбінде жүрек жалғауға салынған бір түйір нанның бар екенін жақсы біледі. Онымен ымыраға келу деген – болмайтын шаруа. Бар наныңды беріп құтыласың. Әйтпесе, босатпайды. Қолыңдағы барыңды беріп тұрсаң да, иттігіне басып, қағаздан басқа ештеңе жоқ сөмкені иіскелеп шығады. Тіске басарлық нәрсе қалмағанын көргеннен кейін ғана бұрылып алып, таңғы қаракөлеңкеде қараңдап кетіп бара жатқан басқа балаға тартады. Таңғы уақыт Байшолақ үшін нағыз “өнім жинау науқаны” сияқты. Есенбай ақсақал келіп, итін ұстап әкеткенше, Байшолақтың артында аңызға бергісіз түйдек-түйдек әңгіме қалады...

... Бар балықтан айрылып, есік алдында есеңгіреп отырған мен бар кінәні содан көргендей жер тепкілеймін. Амалдың жоқтығынан, шарасыздықтан ішім күйіп өз басымды өзім ұрғылаймын. Әлім жетсе, Байшолақтың өзін түгін қалдырмай жеп қояр едім. Сөйтсем ғана кегім қайтар еді...

Қаным судай тасып, әбден есім ауысуға жақындағанда Гүлсім әжем:

– Қойшы енді, қарашығым. Түкке тұрмайтын сүйектері сояудай көлдің сасық балығы үшін осынша ашуланып, бүлінермісің?! – деп басу айтып әлденеше келіп кетті. Әлден уақытта сабама түскендей болып, өзегімді өртеген өкінішім басыла бастағандай еді... көзіме есігінің алдына көбелектей көлбеңдеп шыға келген көршінің қызы Гүлсім (әжеммен аттас) шалынды. Оның менен шамалы үлкендігі бар, бірақ бір сыныпта оқимыз. Көршілігімізге қарамастан, екеуміздің арақатынасымыз ит пен мысық сияқты. Кейде шектен шығып кетіп төбелесіп қалатынымыз да бар. Тентектігі басым Гүлсім қыз жұдырықтаса кетуден тайынбайды. Ылғи бір-бірімізге есеміз кеткендей, салғыласа кетуге дайын жүреміз.

Есігінің алдында тұрған Гүлсім өз үйінің қабырғасын пана көрді ме – тілін шығарып, бет-ауызын қисаңдатып, басын қақшаңдатып, мені мазақтай бастады. 9 жасар бүлдіршін қыздың ерсі қылықтары жараспай-ақ тұр. Денемдегі Байшолаққа деген біртіндеп сөніп бара жатқан ашуыза қайта тұтанды. Ұстап алсам, жазасын берер едім. Бірақ, қатар тұрған екі үйдің арасы әжептәуір жер. Тура шапсаң, пәлекет қыз қорасына кіріп кетіп, есігін бекітіп алады. Қалайда қапы қалдырудың амалын табу керек.

Қызға жетудің оңтайлы әдісін қалай ойлап тапқанымды өзім де аңғармай қалдым. Біздің аумағы ат шаптырым деп айтарлық керте қораның арғы бұрышы қисайып барып көрші үйдің қорасына жанаса қалыпты. Өз қорамыздың іші арқылы, көрші қораға байқатпай кіруге әбден болады. Сөйткенде, біздің үйге қарап өз ісіне мәз болып тұрған Гүлсім желке тұсынан шыға келген “жауын” байқамай да қалады. Ақыры солай болды да. Кенеттен “жау” қолына түсіп қалған қыз жан даусы шығып айқайлап жіберді. Оның шыңғырған ащы дауысы жанымды жанып, шұғыл қадам жасатты: аяқастында жатқан кеспелтек қу ағашты алдым да, аузын арандай ашып, шаптығып тұрған бейбақтың қақ маңдайынан салып жібердім.

Гүлсімнің маңдайынан қан бұрқ ете қалды. Өз істегеніме өзімнің зәрем ұшып, үйіме қарай қаштым. Гүлсім қыздың да өжеттігіне не дерсің?! Тұрған орнында құлап қалмай, өкіре жылаған қалпында менің артымнан жүгіріп келеді. Артымнан өлген адам қуып келе жатқандай, зәрем зәр түбіне кетіп зытып келемін.

Жаралы қызды өкірген қалпында үйге апаруға болмайды. Әкемнің мінезі тастай. Мына қалпымда ұстап алса, қылдай мойнымды бұрап тастаудан қашпайды. Гүлсім қыз да менің әкемнің қатыгез адам екенін жақсы біледі. Сондықтан да біздің үйге келе жатыр. Әділдікті іздеудің тура жолы осы ол үшін... Мен үшін Айдай әлем тарылып кеткендей. “Әкемнің ашуы басылғанша бір жерге тығыла тұру керек”.

Есіме біздің сыртымыздағы көшеде тұратын атам мен әжем түсті. Олар – менің ең жақын жанашырларым. Мені көргенде құлындарын сағынған мама биелердей еміреніп, тебіренеді де тұрады. Оларға жетсем, мені ешбір жау ала алмайды. Ана қатыгез әкемнің өзі олардың алдында құрдай жорғалайды. Қазіргі мәселе – “жаулардың” қолдарына түсіп қалмай, соларға жету. Көшелердің арасы алшақ. Тапа тал түсте көзге түсіп қалмай, діттеген жерге бару мүмкін емес. Сәл кідіріңкіреп қалғаным сол еді, көрші үйдің ауласынан инелікше имеңдеп Қанша кемпір шыға келді. Бізге Қанша әжеміздің де ағайыншылығы бар. Шалы ертерек бақилық болған. Жалғыз баласы соғыста хабарсыз кеткен. Келіні Мақпоз, немерелері Сәбит пен Хамитті ес көріп, ұрпақ жалғастыруды армандайды. Немерелерін сұқсырдың көзінен, жаманның сөзінен қорғаштап, жанын пида етуге бар. Кішісі Хамит менен бір жас кіші, 7-де. Бірақ денесі ірі, сүйекті. Боркеміктігі тағы бар. Пысықай балалар оған нақақтан тиісіп, жылатып қоюды жақсы көреді. Солардың біреуі өзім едім. Қанша әжемнің мені жек көретін де реті бар.

Гүлсім қыздың өкірген дауысын алғаш естіген де осы әжеміз болып шықты. Таяғын көтеріп, үстіме өңмендеп келіп қалыпты.

– Не істеп кеттің, жайрағыр? Өлтірдің ғой ана бишараны, – деп зіркілдейді. Тұра қаштым. Бағытым – атамның үйі. Талға мініп, тайдан озған жүйрік едім. “Кім жүйрік?” ойынында аламанның алдын бермейтінмін. Кеудесі шиқылдап сыр берген мына кемпірге шаң қаптырып кететін сияқтымын. Сонымен, мен қашып келемін. Қанша әжем қуып келеді. Аяғындағы галошы сартылдаған сырықтай ұзын кемпір өзімді таптап кететіндей, соңымнан қалатын емес. Тура қашу ауырға түскен соң қулық жасап, жалт-жалт бұрылып, айнала қаштым. Байқасам, бұл әдіс пайдалы сияқты. Жалт бұрылғанымда әжем бөгеліңкіреп қалады. Оның үстіне жаз бойы жалаңаяқ жүретін менің табандарым былғарыдай қалыңдап алған, шөгір-мөгірден қорықпайды. Бір уақытта артымда келе жатқан әжем аяғындағы сартылдаған галоштарын жан-жаққа атып-атып жіберді. Жалаңаяқ кемпірдің жүгірісі жылдамдай түсті. Дес бергенде, әжем үйінің қорасының қамыстан жасалған есігі ашық тұр екен. Гүлсім әжем денесі етжеңді адам еді. Жағдайды бірден түсінсе керек. Теңселе басып келді де, артымдағы қуғыншы кемпірдің алдынан қамыс қақпақты жаба қойды.

Бір айта кетерлігі, бұл екі әжемнің жастары шамалас, екеуінің де мінездері шәлкес. Ел ішінде “адуынды кемпір” деген атақтары бар.

– А-а-на жайрағырыңды ә-ә-к-ел бермен, – дейді кеудесі жөтел қысқан қуғыншы кемпір.

– Аулақ жүр, аузыңды жап, – дейді менің қарағаштай қорғаным Гүлсім әжем. Бұл даудың басы ғана. Қамыс қақпақтың екі жағына жайланып отырып алған әжелердің “алысқа шабатын” түрлері бар.

Ендігі жерде менің жұмысым басқа сияқты. Әкемнің қораның бұрышындағы көлеңкелі салқынырақ жерде жамбы қаздырып, қаймақ қоятын орны болатын. Қан майданнан аман шыққан жауынгердей жайлап келіп, топатай толы қаймақты алып, тәбетім тартқанынша жедім. Кемпірлердің айтыстары жаңа да қыза түскендей. Оларды тыңдай беруге құлқым жоқ. Бірақ желігіп алған көңілім тағы бірдеңеге бастайтындай. Тентектікті, әлденені бүлдіріп тастауды қояйын десем де, бүйірімді бір шайтан түртіп тұрғандай елегзи бердім. Сөйткенде, Қанша әжемнің мені қуып келе жатып орта жолға лақтырып кеткен галоштары есіме түсті. Шұғыл іске кірісуді жөн көрдім. Қораның сыртқы аузынан шықтым да жобалы жерге келсем, екі галош екі жақта біреуі – бүк, біреуі шік түсіп жатыр. “Әй, бәлем, сыбағаңды алдың ба?” – деп, маған қарап ыржиып күлетін сияқты. Ол кезде дүниенің қат кезі. Азиялық терең галош дегенің қолға түспейді. Жаудың дүниесіндей көріп, галоштарды жинап алдым да, екі көшенің ортасында тұрған бригаданың талдан тоқылған, сайман қоятын сарайының төбесіне лақтырып жібердім. Оны өзім ғана білемін.

Дауысы қарлыққанша “айтысып”, сілесі қатқан Қанша әжеміз ілбіп отырып, галош қалған жерге келсе, галоштары ұшты-күйлі жоқ. Сол жоқтан әлі жоқ... Қанша әжеміз жылап-сықтап, біздің үйге талай келді. “Енді саған тимеймін. Хамитті ұрғың келсе, өзім ұстап тұрайын”, – деуге дейін барды. Менде де жүрек бар екен. Ақыры жалаңаяқ жүрген қарияны аяп кеттім. Иесіз қалған сарайдың төбесінде жатып, біраз күн “демалған” галоштарды иесіне әкеп бердім. Әжемнің қуанышында шек болған жоқ. Ақ батасын беріп, арманымның асуларына жете беруіме тілектестігін білдірді...

Көп ұзамай Гүлсім қызбен де жарасып кеттік. Осының бәрі біздің көзімізден бір-бір ұшқан бал дәурен – соғыс жалыны шарпыған бала кезіміздегі өмірге өкпесі аралас еркелігіміз сияқты көрінеді...

Тілеген ЖЕТЕЕВ.

Жамбыл ауданы.

soltustikkaz.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста