Марс операциясы. Қазақ білмейтін құпиялар.

Марс операциясы. Қазақ білмейтін құпиялар.

«Марс» операциясы: Қазақ білмейтін құпиялар. «Правда» газетінің әскери тілшісі Илья Эренбургтан: «Төрт жыл соғыстың қай шайқасы есіңізде өшпестей болып қалды?» – дегенде, ол «Ржев» деп жауап беріпті. Бұл айнымас ақиқат еді. Өйткені Ржев түбіндегі «Марс» деген кодты атауы бар әскери шайқастар ұзақ уақыт құпия сақталды.

Соғыс жылдарында жаппай ерлік пен қаһармандықтың үлгісін көрсеткен Ржев қаласына Ресей Президентінің Жарлығымен 2007 жылы ғана «Әскери даңқ қаласы» құрметті атағы берілді. Осы бағыттағы құжаттарды саралай келгенде, егер Ржев маңында шешуші шайқастар жүргізілмегенде, Сталинград түбіндегі, Курск иініндегі жеңістер де, Мәскеуді қорғау да мүлде мүмкін болмас еді деп сенімді айтуға болады. Кеңес әскерлерінің Мәскеуден Батысқа қарай бет алған алғашқы шабуылы нақ осы Ржевтен басталған болатын. Ржев – Вязьма плацдармы КСРО астанасына 150 шақырымдай жерде еді, сондықтан Ржев қаласы «Мәскеуді алатын кілт» болып саналды. Кеңес өкіметі басшылығы үшін фашистердің 1942 жылғы нақ осы бағыттағы шабуылы елеулі қауіп төндірді. Сондықтан Ржев – Вязьма бағытындағы жан алып, жан беріскен соғыс қимылдары тұтастай Ұлы Отан соғысындағы ең шешуші, ең бетбұрысты шайқастар болып есептелді. Тарихшылардың пікірінше, соғысушы жақтардың Ржев – Вязьма шайқасы («Марс» операциясы) барысындағы шығыны 1 миллион 350 мың адамға жеткен. Біздің жақтан 855 мың адам опат болды, хабарсыз кетті, «Правда» газетінің әскери тілшісі болған Константин Симоновтың бұл өңірді «өлім аңғары» деп атағаны тегін емес. Отан соғысы кезінде Кеңес Одағының Қарулы Күштері жауынгерлік туы астында 143 ұлттың өкілдері неміс-фашист басқыншыларымен шайқасты. Өз Отанын қорғау үшін бір мемлекет әскерінің құрамында мұншама ұлт өкілдерінің болуы дүниежүзілік тарихта бұрын-соңды кездеспеген оқиға еді. Құжат: «Атқыштар бригадасы 1941 жылдың күзінде атқыштар дивизияларын жасақтау қиыншылықтарына байланысты (уақыт тығыздығы, адам және қару-жарақ кемістігі) құрыла бастады. 1941 жылдың аяғына дейін 159 атқыштар бригадалары жасақталды. Бригада үш-төрт атқыштар батальоны, артиллерия және миномет дивизиондары, автоматшылар ротасы, арнаулы әскери және тыл бөлімдері, барлығы 4 мыңнан 6 мыңға дейін адам болады». («1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы». Энциклопедия. 1985, 125-бет). 100-бригаданың жасақталуы Қазақтың ұлттық 100-атқыштар бригадасы 1941 жылы 12 желтоқсанда Алматыда құрылды. Бригаданың негізгі құрамы Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарының 1922-1923 жылдары туған жастарынан жасақталды. Ішінде бұрын әскери қызмет атқарған ересек жандар да кездесетін, әскерде қызмет атқармаған, бірақ жылқының жайын білетін егде адамдар да болды. Өйткені бригаданың артиллерия, миномет дивизиондарының барлығында ат жегілетін. Егде кісілер сол бөлімдерге орналасты. Ал әскерде қызмет атқарғандардың барлығы кіші командирлер болатын. Атқыштар бригадасының командирі болып подполковник В.Е.Шевцов, комиссары болып республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің сол кездегі редакторы Сақтаған Бәйішев, саяси бөлімінің бастығы болып Әбдірахман Досанов тағайындалды, ал оның комсомол жұмысы жөніндегі орынбасары болып саяси жетекші Егемқұл Тасанбаев белгіленді. Соңғы бөлімдері жеткен соң бригада 1942 жылдың 27 тамызында Мәскеу түбіндегі Бабушкино қаласында жоспарлы әскери әзірліктерін жалғастырады. Ал Мәскеу әскери округінің 1942 жылғы 19 қазандағы бұйрығы бойынша 100-бригада Калинин майданының 39-армиясының қарамағына кіріп, 25 қарашада Молодой Туд өзені мен деревнясы маңында басталған алғашқы ұрысқа қатысты. 101-бригаданың жасақталуы Ұлттық 101-дербес атқыштар бригадасы КСРО Қорғаныс халық комиссариатының бұйрығы бойынша 1941 жылы қараша айында Ақтөбе қаласында жасақтала бастады. Бригада құрылымына келіп сапқа тұрғандар, негізінен, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарынан келген қазақ жастары болатын. Сондай-ақ бұған Алматы, Шымкент, Семей тағы басқа облыстардан келгендер де аз болған жоқ. 1942 жылдың сәуір айында бригада құрамында 3 815 адам болды. Ұлттық 101-атқыштар бригадасының комиссары болып Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, азамат соғысының ардагері Нұри Әлиев, саяси бөлім бастығы болып Қостанай облыстық партия комитетінің хатшысы Бекайдар Бекниязов, парткомиссия хатшысы болып Нұғыман Оразалин тағайындалды. Ол Қазақстан Компартиясы ОК-да жауапты қызмет атқарып жүрген жерінен келді. Ол кейіннен бригаданың саяси бөлімі бастығы болып тағайындалды. Саяси бөлім бастығының комсомол жұмысы жөніндегі көмекшісі Шайдахмет Серғазин болды. Ол бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облыстық комсомол комитетінің хатшысы еді. Бригада командирі болып Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап ерлігімен көзге түскен полковник Севостьян Яковлевич Яковленко тағайындалды. Эшелон 1942 жылдың мамырында Ржев қаласының түбіндегі Погорелое қалашығына келіп, ұрысқа кірісіп кетті. 3-Екпінді армия штабының бастығына 100-дербес атқыштар бригадасы туралы жауынгерлік мінездеме. 13.11.1943 ж. Майдандағы армия. ...39-армияның қарамағындағы бригада алғашында әртүрлі жеке-дара операцияларды жүзеге асырды. 1942 жылы 25 қарашада 373-атқыштар дивизиясы Тройня, Медвежевка, Большое Привалово шебінде шабуылға шыққаннан кейін, 100-бригада Молодой Туд ауданында жау бекінісін бұзуға жіберілді. Бұл бағытта бригада 1942 жылдың 7 желтоқсанына дейін қимыл жасап, бірсыпыра елді мекенді жау тырнағынан босатты. Бірақ бұл ұрыстарда бригада зор шығынға ұшырап, 2 572 адамынан айырылды. Бригада командирі – полковник А.Морецкий. Штаб бастығы – подполковник И.Мостовой  2572 адам! Осыншама орта, кіші командирлер және жауынгерлеріміз опат болды. Бұл – бригада құрамының жартысынан артығы қаза тапты деген сөз. Осылардың ішінде жараланып, елге кетіп аман қалғаны бірен-саран ғана. Өлгендердің көбі атаусыз қалды. Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов өзінің арнайы жазып берген естелігінде бұрын жарияланбаған, бұған дейін тек өзіне ғана белгілі болып келген 100-бригаданың жауынгерлік тарихынан келеңсіз көптеген оқиға жөнінде сыр шерткен еді. 1943 жылы 3 қаңтарда сағат 17:00-де Великие Луки іргесіндегі Сахнц Иванцово, Вельково, Щелково, Горушка деревняларының шетінде қорғаныста жатқан бригаданы орнынан көтеріп, 4-қаңтар күні сағат 06:00-де Великие Лукидің оңтүстік жағындағы теміржол вокзалына алып келу жөнінде 3-Екпінді армияның штабынан бұйрық болды. Бригада артынып-тартынып, қапалақтап жауған қалың қарды кешіп көрсетілген жерге келді. Сол жерде бригада иіріліп, жеті жарым сағат босқа тұрды. 13 сағат 30 минутта 3-Екпінді армия штабының бастығы Юдинцев 100-бригаданың шұғыл түрде бұрынғы орындарына барып орналасуына жаңадан бұйрық берді. Күндіз жел көтеріліп, түнде жауған жұмсақ қар көзге түртсе көрінбейтін қатты боранға айналды. Боранмен алысқан бригада 15-20 шақырым жердегі бұрынғы деревняларға қайта жетуге мәжбүр болды. Мұндай келеңсіз оқиғалар бригада 39 және 22-армиялардың қарамағында болған уақытта да кездесті. 1942 жылы Молодой Туд түбінде бригада алғаш шабуылға шығарда армия штабы санитарлық қызметінің бастығы шабуылға қатар шығатын өзара көрші орыс 46-атқыштар бригадасы мен қазақтың 100-атқыштар бригадасының жаралыларды қабылдау пункті бірге болсын деген бұйрық береді. Молодой Туд түбінде санитарлық қабылдау пунктіне кіргізілмей, сақылдаған сары аязда ақ қардың үстінде қатып өлген сансыз солдатқа көмек көрсете алмағанына қапаланып, ол қорлыққа шыдай алмай, бауырларының аяғының астына өзін-өзі атып құлатқан капитан Наурызғалиевті Мәриям Сырлыбаева бригада дәрігері, капитан өмір бойы есінен шығарған емес. Сөйтіп, бригадаға жаңа командир келді. Әрине, соғыс болған соң өлім-жітім болмай тұрмайды. Ол – соғыс заңы. Бірақ қағажу көріп, қисынсыз жерден солдат өмірінің қиылып кетуі – бір басқа. Ал 100-бригада – бұған дейін нағыз жанашыр командирге тап болып, Панфиловтай әке қамқорлығын көре алмаған құрама. Жақсы үміт күттірген бір командир Воронков болса, байғұстың бригададағы өмірі қысқа болды. Сонымен, 1943 жылғы қаңтардың ортасында 100-бригаданың құрамында қалған адам саны мынадай еді: І атқыштар батальонында – 36, ІІ атқыштар батальонында – 41, ІІІ атқыштар батальонында – 53, IV атқыштар батальонында – 47, автоматчиктер – 26, және танк ататын дивизионда (ПТД) – 35, байланыс ротасында – 87, саперлер ротасында – 68 және барлаушылар ротасында – 38 адам. Барлығы – 431 жауынгер. Мұның сыртында 257-атқыштар дивизиясының қарамағына арнаулы тапсырма орындау үшін жіберілген 300 жауынгер бар. Ол – 76 мм артиллерия дивизионы мен 120 мм миномет дивизионы. Олардың қаншасы тірі, қаншасы өлі екені белгісіз. Қазақтың ұлттық 100-бригадасы алғашқы айқасқа 4 889 адам болып кіріп, ұрыс соңында қатарда 43 жауынгер ғана қалғанын қалай түсіндіруге болады? 100-бригаданың Великие Луки ұрысында да жолы болмады. Полковник Воронков өз бригадасын жұмған жұдырықтай тегеурінді күш етіп ұстаймын дегенімен, оған ерік берілмеді. Армия басшылығы ұлттық бригаданың бұтын бұт, қолын қол етіп бөлшектеп жіберді. Артдивизион мен миндивизионды өзі теңдес 47-атқыштар бригадасына бөліп берді. Батальондарды бөлшектеп, 257 және 32-дивизияларға жіберді. «Байдың малын аяма...» дегендей, олар «бөтен» бригаданың адамдарын ең қауіпті учаскелерге салды – қаладағы гарнизонды құтқарып алу үшін жөңкіліп келе жатқан жау танктерінің алдына тосты. 100-бригаданың үшінші батареясы сол шайқаста ерлік жасап, мерт болды. Ақ қар, көк мұзда шабуылшылардың алдына барып жайғасқан жаяу әскер шегедей болып қатып қалған жерді қазып, өздеріне окоп жасай алмай, қардан соғылған ақ қаланың іргесінде жатты. Жау көктен бомбалап, жерден атқылап шабуылға шыққанда, қорғансыз ашық алаңда жатқан жаяу әскер оларға төтеп бере алмады. Қалаға қарай шегінуге мәжбүр болды. Шегінген солдаттарды танктерден сумаңдай атылған қызыл оқтар қуалады. 100-бригаданың артында бұрын окоп қазып, ірге теуіп бекініп жатқан басқа дивизиялардың жауынгерлері жау танктерін қалаға кіргізбеді. Бірақ осы кезде жүзіншіге «драпбригада» деген ат та тағылды. Сондай ауыр күндердің бірінде солдаттарының қасында полковник Воронков оққа ұшты. «4,5 мың менің құрдастарым! Олар 18-ге жаңа ғана толған өрімдей балғын жастар еді. Олардың бірде-бірі үйленіп үлгермеген, жар қызығын көрмеген жастар еді. Олардың жүректерінде Отанға, ата-анаға, жандары сүйген сұлу қыздарға деген алаулаған асыл махаббат сезімдері бар еді. Соғыс деген тажал сол махаббатты су сепкендей өшіріп 4,5 мың боздақты түгел жалмай салды. 4,5 мың ата-ананың көз жасы көл болып, 4,5 мың жас сұлудың жүрегі қара жамылды. Сендердің ақ жүздеріңді көруге зар болып, өмір бойы күңіреніп өткен ата-аналарың қазір жер бетінде жоқ. Сендер жауды жеңіп келіп, жар болып қосылсақ деп арман еткен ару қыздардың да көбі өмірден өтті. Бірақ сендердің кеше өздерің жаудан қорғаған «қалың елің қазағың, қайран жұртың» бар. Елің сендерді еш уақытта ұмытпайды. Өздеріңе өз тарихынан өмір бойы орын береді. Мен осыған сенемін!» – деген еді жүзіншінің ардагері Әзілхан Нұршайықов. Маршал Жуков «Воспоминания и размышления» еңбегінде: «1942 жылы 8 желтоқсанда Калинин және Батыс майдандарының күшімен: 1943 жылдың 1 қаңтарына дейін Ржев – Сычев – Оленино – Белый аймағындағы дұшпан күші жойылсын деген директива берілді», – деген. Осы бұйрықты орындаушы құрамалардың ішінде қазақтың ұлттық 101-атқыштар бригадасы да бар еді. Оленино стансысы бригада шайқасқан Мишуково елді мекенінің іргесінде орналасқан. Түптеп келгенде, бұл орыстардың негізгі мақсатын ол кезде ешкім де білген жоқ. Директива аса құпия болғандықтан оны біреудің білуі де мүмкін емес еді. Қалай болғанда да сол қиян-кескі ұрыстардың нәтижесінде жау күші айтарлықтай шығынға ұшырап, «әне болады», «міне болады» деген соққыны ұзағынан күткен гитлершілер соғыс барысын түбегейлі өзгерткен Сталинград шайқасына бірде-бір дивизиясын жібере алмады. Демек, ортақ Жеңіске 4-Екпінді армиялық құрамында болған қазақтың ұлттық 101-атқыштар бригадасы да өзінің қомақты үлесін қосты. Бірақ бұл үлес өздігімен келмеді. Бригаданың сапындағы 8 мың адамның 3 мыңы ғана аман-сау қалды. 5 мың жас өмір үзілді, талай ерлік елеусіз қалды. Рас, соғыс шығынсыз болмайды. Бірақ ұлттық 101-бригаданы стратегия тұрғысында пайдаланып, жалпақ тілмен айтқанда, «зеңбіректің жемі етіп» өлімге айдап салып, құрбандыққа шалуы жанға батады. Шындықты алғаш рет Жеңістің ширек ғасыр тойында Ржев түбінде болған топтың қолбасшысы Кеңес Одағының маршалы А.И.Еременко ашық айтқан еді. Сонда да болса, «құпиялы қоржында» әлі де «жабулы қазан – жабулы» күйінде жатқаны жетерлік. «Егер Мәлік Ғабдуллин болмағанда, Мәншүкке Батыр атағы берілмес еді» Аққан жұлдыздай қысқа ғана ғұмырында халқының, елінің атын даңқа бөлеген батыр қыз, қазақтың аяулы аруы Мәншүк Мәметова жайында айтылып та, жазылып та жүр. Көркем фильм де бар. Әйтсе де төмендегі мақаланың жөні бөлек. Өйткені бұл – Мәншүкпен қан майданда қатар жүріп, қара нанды бөліп жеген, соғыс тауқыметін бірге тартқан қарулас достарының, үзеңгілес жолдастарының естеліктері. Сан ерліктің басын құраған Мәншүкке Батыр атағы жаны шейіт болғаннан соң алты ай кешігіп берілген. Ал Әлия өлгеннен соң Батыр атағын 17 күннен кейін алған. Бұдан «Бұл қалай?» деген сұрақтың тууы заңды да. Осы жағдайға байланысты біз Мәншүкті оққа ұшар алдынан бірнеше минут бұрын көріп, соңғы рет тілдескен, ерлігіне жалғыз куәгер әрі сүйегін жинаған, сол кездегі қазақтың ұлттық 100-атқыштар бригадасының кіші лейтенанты, бүгінде дүниеден озған Ахметқазы Ахметжанұлының естелігінен біраз жағдайларға көз жеткізуімізге болады. «Онда мен «Прощай Родинада», танкіге қарсы тұратын дивизионның ерікті комсоргі болатынмын. Біз жауға алғаш соққы беруіміз, тіпті болмаса, жарылғыш бөтелкені белге байлап, танкінің астында қалып, бірге жарылуымыз керек… 

blogtime.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста