"Түркістан" легионында тұтқында болған скрипкашы қазақ

"Түркістан" легионында тұтқында болған скрипкашы қазақ

Қазақтың тұңғыш кәсіпқой скрипкашысы Айткеш Толғанбаевтың қилы тағдыры өнердің ешбір ұлтқа, жікке бөлінбейтінін, қасарысқан дұшпандықтың да өнер алдында дәрменсіз екенін дәлелдеп кеткен.

Ол кез Абай әндерінің қалың Тобықтыны былай қойып, қазақ даласына күннің таңғы шуағындай жамырай тараған шағы болатын. Анасы Бибісара Өтелбайқызы музыка тілімен айтқанда, өте сирек кездесетін мецо-сопрано дауысымен кешкілік ақын атаның сыршыл әндерін әуезге құмар ұлының құлағына тамызықтатып отыратын. Үш атадан келіп туысатын Абайдың әнін анасының аузынан естісе, Шәкерім қажының тағылымды кеңесі мен жүрегін жарып шыққан сиқырлы саздарын өз аузынан тыңдап өсті.

Аштықтың азабын аз тартпаған
Өмірдің алғашқы соққысы оған аштық жылдары сезілген еді. Аштықтан естері ауып, өз балаларының етін жегендерді көзімен көрді. Жағдайдың беталысынан тіксініп, барлығын бірдей аман сақтап қала алмайтындарына көзі жеткен үлкендер бірнеше баланы Семей өңіріндегі Жармадағы балалар үйіне тапсырады. Үлкен ағасы Иманбек аштықпен қоса ауру дендеп, сонда қайтыс болыпты.
Қуғындалған орыс жұртының жұрнақтарымен әредікте көршілес отырған кездерде баян, сырнай тартқанын көріп, сол кез үшін таңсық саналатын аспаптардың үніне елітсе керек. Бұл аспаптарды үйрену де талапты жасқа жеткіліксіз көрінді. Сөйте-сөйте Семей қаласындағы кинотеатрларда ойналған скрипка әуеніне біржола көңілі құлайды. Радиодан берілген скрипка үнін күнұзақ тапжылмай тыңдауды машық еткен інісінің бұл талабын жете бағалаған Балтақай 91 сомға скрипка сатып әперген күні ол музыкант болуым қажет деген байламға келеді. Сөйтіп, 1936 жылдың сәуірінде көркемөнерпаздар байқауына қатысып, Латиф Хамиди, Ілияс Жансүгіров сынды аузы дуалы қазылардың батасын алады. Сол кезде қазақтың күй өнеріне өлеңнен ескерткіш орнатқан І.Жансүгіров жас скрипкашының талантына тәнті болып, облыстық газетке жылы лебізді мақаласын берген көрінеді.
Осылайша бірінші ұмтылысынан-ақ көзге түскен дарынды талапкер сол кездегі Семей музыкалық театрының композиторы әрі дирижері Л.Хамидидің нұсқауымен қазақ музыкасының корифейі Ахмет Жұбановтың алдынан өтіп, драмалық-музыкалық техникумда Ленинградтан жер ауып келген Иосиф Лесманның шәкірті атанады. Көп күтпей-ақ Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» спектаклінде және Е.Антопольскийдің, П.Чайковскийдің күрделі шығармаларын ұжымдық орындауларға қатысу арқылы шеберлігін шыңдайды.
Оның студенттік өмірі де аштықтан ес жинай қоймаған бей-берекет кезге сәйкес келді. Осындай қиын кезеңдерде М.Әуезовтің үйінде бірнеше рет болып, оның ағалық ілтипатын көреді. Алматыдағы негізгі қамқоршысы, училище директоры Сағыр Камалов «қара тізімге» ілініп, қамауға алынғанда өнердің ұлтқа бөлінбейтініне көзі жеткен Айткеш кейініректе ұстазы И.Лесман өзінің радиоға жұмысқа орналасуына ықпал жасағанын біледі.
Алдағыны болжаған адам бар ма? Бұдан кейін сұм соғыстан хабар жетіп, асыл армандар аяқсыз қалды. Майданда «Гриша» атанған ол жауынгерлердің өтініші бойынша әртүрлі ұлттың әуендерін скрипкаға салып, серіктерінің көңілін көтерумен болған екен. Қалт еткен дамыл сәттерінде жауынгерлердің көңілін аулап жүрген ол қырық екінші жылдың қыркүйегіндегі бір кескілескен шайқаста ауыр жараланып, тұтқынға алынады. Міне, музыканттың бұдан кейінгі өмірі тұтас бір тарихи романға жүк болатын дүние.

Еуропа төрінде «Елім-айды» сызылтқан
Тұтқындағы кездерде итке талату, биттен көз ашпау сынды қорлықтан бөлек, аштықтың азабына төзбегендерді қалай аздырғанын ол былай деп еске алады:
«Адам бәріне көнсе де, аштыққа шыдамайды екен. Үнемі ішер асқа жарымай, ашқұрсақ жүрген адамдар есінен ауысып, аң сияқты болып кететін көрінеді. Бір кешкілікте тұтқындағылар жаққан оттарының айналасына топтасып, өздерімен өздері болып отырған. ...Сүйретіле басып, көпшіліктен бөлініп, оқшаулау жерде отты айнала қоршай, топ құрып отырған тұтқындардың қасына келдім. Олар менің жандарына келіп отырғанымды байқаған да жоқ, бірдеңені отқа қақтап пісірген болып, жеп отыр. Біреуі «Әй, мынау өзі адамның еті дәмді екен» десе, екіншісі қостап, «Иә, ол әрі пайдалы» деп қойып, күйсеп жатыр. Жаным түршікті, лоқсып-лоқсып жібердім. Бұлар адам емес, аштықтың салдарынан жыртқышқа айналған нағыз адам етін жегіштер еді».
Бах, Моцарт, Бетховен сынды ұлы композиторларды дүниеге әкелген немістер-дің сүйікті аспабында ойнай алғанының арқасында талай рет жендеттердің қолынан аман қалған Айткеш Толғанбаев Фрайбург қаласында тұтқындағылардан арнайы ұйымдастырылған концертте қазақтың халық әні «Елім-айды» скрипкада ойнап, бір кездері Әміренің асқақ рухты әніне тебіренген Еуропаның төсінде азалы әуеннің зарын төгеді.

Мұстафа Шоқайға у берген кім?
Бұдан кейін ол еріксіз «Түркістан» легионына алынады. Бұдан бас тартқан жағдайда Вермахтың сотымен өлім жазасына кесілер еді. Батыр бабамыз өз естелігінде онда өз еркімен қатарға өткендердің аз болғанын және сәті түскенде өзінің Кеңес жағына өтуді күтушілермен бірге жүргенін анықтап жазған. Тіпті, әлі күнге дейін дүдәмал даудың тұздығы болып келе жатқан Мұстафа Шоқайдың бейнесі жайында естігендерін де естеліктерінде нақты адам аттарымен келтіре отырып баяндаған.
Айткеш Фрайбургтен Берлинге келісімен қолына қару алудан бас тартып, легионға қызмет етпейтінін ашып айтқаны үшін үй астындағы зынданға тасталады. Оны бұл тозақтан Мұхаметқали Бақыткерейұлы деген әнші легион командирі Эрнихке өтініп жүріп, құтқарып алған екен. Содан соң ол Мұхаметқалидың кеңесімен үгітшілер взводының құрамына кіреді. Сол кездері осынау әншінің аузынан Түркістан легионының құрылу тарихын естіген екен.
Гитлер 1941 жылы шабуылға шыққанда М.Шоқай концлагерьде отырып, неміс қолбасшысына КСРО-ның шығысында тұратын қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік, түркімен сияқты Түркістанның халқынан тұтқынға түскендерді қол астына жиып берген жағдайда Германияның бірде-бір жауынгеріне қастық жасамай, өз Отанын азат етуге шығатынын айтып хат жазады.
Гитлер бұл ұсынысты мақұл көріп, Мұстафа іске кіріседі. Көп кешікпей қасындағы немістер оған атақты өзбек байының баласы, отызыншы жылдары Сталиннің нұсқауымен немістердің ауыл шаруашылығындағы жетістіктерімен танысып, тіл үйренуге жіберіліп, қайтпай қалған Уали Хаюмовты таныстырады. Бұл кей құжаттарда Уали Хаюмхан деп тіркелген, оның бір ауқатты немістің қызына үйленіп, сіңісе бастаған кезі екен. Жерлесін тапқан М.Шоқай оны өзінің адъютанты етіп алып, дәрі мен тамақты тек соның қолынан ғана ішетінін бірден ашып айтады. Ол кейін Түркістан ұлттық комитетін құрарда ең сенімді адамдарын жинап алып, тұтқындағыларды Түркістанның болашағы үшін аман алып қалу мақсатында осындай қадамға барып отырғанын, Германияның КСРО-ны жеңе алмайтынын айтады.
Артынша ол лагерьді аралап жүрген кезінде «тұмау тиіп», госпитальда көз жұмады. Мұхаметқали Бақыткерейұлының айтуынша, ТҰК президенттігін көздеген Уали Хаюмов неміс әйелімен ақылдаса келе, дәрігерлердің көмегімен у тауып, оны Шоқайдың тамағына қосып берген. Ол бұл әңгімелерді Мұстафаның қасында бірге жүрген Кәрім Қаратаев, Мәулікеш Қаймелдин, Мәжит Айтбаев, Дүйсен Қожановтың аузынан естігенін айтқан. Өнерін бағалап, шағын оркестрді басқартып, группенфюрер әскери атағын берсе де, әлгі оқиғаны естіп алған Айткеш басқа да пікірлестерімен бірге кез келген сәтте Кеңестер жағына өтуге әрекеттене бастайды. Уали Хаюмов легион әскерін Польша мен Одақ арасындағы шекарадағы ұрысқа пайдалану жөніндегі шешімге еш қарсылық білдірмеген көрінеді. Алайда, тұтқындар лек-легімен, ебін тауып, Кеңестер жағына өтіп болмағасын, оларды Еуропаға ішкерілете, Париж қаласына әкеледі. Дегенмен, мұнда да олар француз азатшыларымен ортақ тіл тауып, қарсы жаққа өтудің амалдарын ойластырып бақса керек.
1944 жылы Түркістан ұлттық комитетінің бірінші құрылтайы Венада өтеді. Құрылтайдан кейін А.Толғанбаевтың оркестрі өзбек пен қазақтың халық әндерінен үзінділер ойнап, М.Бақыткерейұлы болса, Сырым Датұлының бейнесін сахналайды. Кейіннен бұл екеуінің ішкі ойлары әшкере болып, күзетпен Тулуздағы Стауденс атты өлім лагеріне жөнелтіледі. Бақтарына орай, ағылшын-американ ұшақтары әуеден соққы берген тұста аман құтылады. Үркінді күндердің бірінде серігінен адасып қалған А.Толғанбаев француз партизандарының жағына өтіп, немістермен шайқасқа қатысады. Солайша Марсельден Италияның Неаполь қаласына өтіп, ақыры Кеңестер жасағына қайта қосылады.

Момышұлы мойындаған тұлға
Айткеш жарты әлемді дүр сілкіндірген алапат соғыстың Жеңістің сүйіншісін Римдегі Кеңес елшілігінде вахтер болып жүрген кезде естиді. Мұндағы күндер оның өмірінің ең бір жаймашуақ кезеңдері еді. Бір күн кезекте тұрса, екі күнгі бос уақытында Италияның атақты театрларын аралап, опера тыңдаумен болған ол, соған қарамастан елге оралуға талпынып, елшінің атына хат жазумен бо-лады. Сөйтіп, Михаил Костелевтің бұл өте асығыс шешім екенін ескерткеніне қарамастан өз дегеніне жетеді.
Небір зобалаңды көзбен көріп, 1945 жылдың аяғында елге оралған Айткеш әуелде бұрынғысындай қазақ зиялыларымен аралас-құралас болып, шығармашылыққа ден қоя бастайды. Жаңа жылды М.Әуезов, Б.Момышұлы, С.Мұқанов, М.Ғабдуллин, Е.Брусиловский, К.Бәйсейітова сынды тұлғалармен бірге Ғабит Мүсіреповтің үйінде қарсы алады. Сол кештегі сөз арасында неміс, француз, итальян халықтарының қазақ әндерінің скрипкадағы үніне ерекше ықылас танытып, қазақ музыкасына бас игендерін айтса керек. Сол кезде Баукең орнынан атып тұрады да:
– Міне, ақсақалдар! Сендер мына баладан үйреніңдер... Өз еңбектеріңді мақтан тұтасыңдар. Мына жігіттен туған халықты сүюді, сол халықтың атын шығаруды үйреніңдер. Сендермен бір үстелдің басында отырғым келмейді, – дегенге саятын эмоцияға толы сөздерді айтып, шығып кетеді.
Осы әңгіменің әсері болды ма екен, көп кешікпей «сатқындық жасады» деген желеумен Айткештің соңына қуғын түседі де, оған «Кеңес үкіметіне қарсы ұрандар айтып, үгіт жүргізді», «Отанын масқаралаған пьеса жазды» деген сияқты жаланың түр-түрі жабылады.
Жаланың жол таппайтын тұсы бар ма екен, сірә! Бұл жолы да нақ солай болып, Айткеш 1946 жылдың 3-ақпаны күні туған елі – Абайға қайтқалы тұрған жерінен қамауға алынып, Магаданнан бірақ шығады. Тергеуде оны Түркістан легионында жүріп, М.Әуезов, А.Жұбанов, Е.Исмаиловпен байланыста болғанын мойындатпақ болып, мейлінше азаптайды. Өзімен бірге ел ағаларының өмірін құрдымға сүйреуден бас тартқан ол Райымбек Сатпаев деген камералас қырғыздың арандатуымен «кінәсін мойындап», 1947 жылы 25 жылға кесіледі. Жердің шетінде жүріп те өнерінің арқасында маңайындағы жолдастарының өмірін сақтап қалады. Солайша мұнда да әйгілі «үш әріп» соңына түсіп, оны басқаларды арандатуға итермелеп бағады. Ол арандатуға көнбей, қасарысқаны үшін өмірі тіптен тозаққа айналса да, әйтеуір, араға 8 жыл салып, лагерьден босатылады. Магаданнан елге оралғаннан кейін де мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері оның қыр соңынан қалмаған екен. Ахмет Жұбановтың арқасында Алматы консерваториясының доценті атанғанымен, көп кешікпей барлық мемлекеттік марапаттары мен соғысқа қатысушы ретінде көрсетілетін жеңілдіктерінен айырылады. Оның үстіне «жығылғанға – жұдырық» дегендей, мұның бәрі КГБ тыңшысы болуға келіспегендіктен болып жатқанын білгенде туған қыздары мен жан жары, ағайын-жекжаттары да түсінбестік танытады.
Сол кезден бастап, Тәуелсіздік таңы атқанға дейін өзінің саяси бостандығы үшін күресіп, Мәскеуге сан рет барып қайтқан Айткеш Толғанбаев тек 1992 жылдың мамырында ғана Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының шешімімен «1920–1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбаны» деп танылып, толық ақталып шығады.
P.S. Еліміздегі кәсіпқой скрипка мектебінің негізін қалаушы, «Қазақтың Паганиниі», Түркістан легионының мәжбүрлі жауынгері, бұрынғы ГУЛАГ тұтқыны атанып, бар ғұмыры күреспен өткен Айткеш Толғанбаев 1995 жылы өмірден озды. Соның өзінде оның артында Қазақ радиосының алтын қорында скрипкада орындаған музыкалық шығармалары, өнердегі өшпес өмірін жалғастырушы шәкірттері, орыс және қазақ тілдеріндегі «Қатал тағдыр тәлкегі» атты естелік-кітабы қалды. 
Кітапты қазақшаға тәржімалаған оның немере інісі Манатай Балта-қайұлының айтуынша, «Қатал тағдыр тәлкегінің» «Кітап» баспасынан алғашқы шыққан нұсқасының таралымы аз болып, 2001 жылы «Ана тілі» баспасынан қайта жарық көрген екен. Алайда, соңғы нұсқада «ұмыт қалыпты» деген сылтаумен кітаптың соңғы тарауы берілмеген екен.
Қағаз бетіне түскен ақиқат ешқашан да жоғалмасы анық. Тек өкініштісі, кітап таралымының әлі де жеткіліксіздігі және онда Айткеш ағамыздың бірде-бір суретінің берілмегендігі. Тағы бір айтар нәрсе, оның өмірі мен қайраткерлік жолдары жайында ақпарат тек Абай ауданының маңына ғана емес, бүкіл елге таралуына қолғабыс ету – мәдени мұраларымызды түгендеушілердің парызы. Асылды, сірә, ұмытуға бола ма?!

КЕРЕК ДЕРЕК
Айткеш Толғанбаев (1922–1995) – қазақтың тұңғыш кәсіби скрипкашысы. Қарқаралы ауданының түлегі. Алматы музыка училищесін бітірген (1942). Ұлы Отан соғысына (1942–45) қатысушы. 1945 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясына оқуға түседі. 1946–1955 жылдары репрессияға ұшырап, Колымада болды. Репрессиядан ақталып шыққан соң 1956 жылы консерваторияға түсіп, оны 1961 жылы бітірген. Консерваторияда ұстаздық қызмет атқарды. Қазақ әндері мен күйлерін, қазақ композиторларының шығармаларын өңдеп, скрипкаға лайықтап жазды. Оларды және классикалық шығармаларды өзі орындап, таспаға жаздырды. Өз өмірінен «Исповедь судьбы жестокой» («Қазақстан» баспасы, 1993) деген кітап жазып шығарды. Ол орындаған музыкалық шығармалар ұрпаққа асыл мұра болып, Қазақ радиосының «Алтын қорында» қалды.

altaynews.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста