Ұлы Отан соғысы тарихына әділеттік керек

Ұлы Отан соғысы тарихына әділеттік керек

Жақында жергілікті баспасөзде көпшілік көңіл бөле бермейтін екі оқиға туралы мәлімет жарияланды. Біріншісі – «Время» газетінде (01.08.2013) «Немересі атасын қалай тапты» («Как внук деда нашел») деген мақалада Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының студенті Шыңғыс Дәулеткереев Ресейдегі Нижегород облысында ізденіс жұмыстары барысында Ұлы Отан соғысы кезінде майданда қаза тапқан өзінің атасы Сабыржан Дәулеткереевтің денесі мен медальонын тапқаны баяндалды. Екіншісі – «Комсомольская правда. Казахстан» (09.08.2013) газетінде С. Масеев дегеннің соғыс ардагері деген атақты жалған алып жүргені әшкереленгені, ол 1942 ж. фашистерге тұтқынға түсіп, өз еркімен гитлерлік жазалаушы бөлімдерге қызмет еткені, Жеңістен кейін Кеңес әскерлерінің қолына түсіп, Отанға опасыздығы үшін 10 жылға сотталғаны анықталған. Мәскеу облысының Пушкин қалалық соты С. Масеевті ардагерлік мәртебесін де, жеңілдіктерін де жою жөнінде шешім шығарды. Осы екі оқиғаның өзі Ұлы Отан соғысының қасиетті де, қайғылы да, қасіретті де жаңғырығы бүгінге дейін естіліп, Халық жадында мәңгілік қалуы мүмкін екендігін көрсетеді.       Сонымен бірге осы сұрапыл соғыс тарихы әлі де зерделі зерттеуді қажет ететіндігін тағы да нақтылай түскендей.

Кеңес Одағының 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысы өзінің көлемі жағынан, күйзелісі, қиратуы, құрбандары мен салдарының орасан зорлығы бойынша, адамзат тарихында ешбір соғыс тең келмейтін Екінші дүниежүзілік соғыстың (1939 ж. 1 қыркүйегі – 1945 ж. 2 қыркүйегі) құрамы, нақты айтсақ, негізгі бөлігі болып табылады. Соғыс өрті Еуропаны, Азияны, Африканы, Океанияны – 22 млн. шаршы км аса зор кеңістікті шарпыған. Оған 64 мемлекет, 1 млрд. 700 млн. адам, төрттен үш бөлігінен артық жер беті тұрғындары тартылған. 110 млн. адам қару асынды, яғни Бірінші дүниежүзілік соғысқа қарағанда 40 млн. адамға артып түсті. Аталған соғыстағы адам шығыны мен материалдық шығындардың есебіне жету өте қиын. Соғыста қаза болғандардың жалпы саны 50 млн-ға жуық адам, яғни бірінші дүниежүзілік соғыстан 5 есе көп; оның басым бөлігі Кеңес Одағының маңдайына жазылды – 26 млн-нан астам адамынан айрылды. Бұл сан нақтылана келіп, 30 млн-ға дейін жетті. Оның ішінде қазақтар да бар [1]. Адамзат тағдырындағы фашисттік басып алу қаупіне қарсы күшті күрес  негізінен Ұлы Отан соғысында шешімін тапты (1941 ж. 22 маусымы – 1945 ж. 2 қыркүйек). Кеңес әскеріне қарсы Вермахтың 70% әскери күші қарсы тұрды. Кеңес Одағының барлық республикалары және аймақтарымен қатар Қазақстан да фашистік Германия мен милитаристік Жапонияны тізе бүктірген жалпы халықтық жеңіске өзінің қомақты үлесін қосты. Бұл үлес Қазақстандағы көптеген монография, докторлық және кандидаттық диссертацияларда, ғылыми және ғылыми-көпшілік кітапшалар мен мақалалаларда, құжаттар мен материалдар жинақтарында, сонымен қатар отандастарымыздың – белсенді майданға және тылдағы ерен еңбекке қатысушылар естеліктерінде лайықты көрініс тапты. Ең алдымен, біз фашистік Германияны жеңген қазақстандықтар туралы зерттеулерге алғаш қалам тартқан, Отан соғысына белсенді қатысқан академик А.Н. Нүсіпбековті, тарих ғылымдарының докторлары Г.А. Әбішев пен Т.Б. Балақаевты үлкен құрметпен еске алуға тиіспіз. Бұл мәселені кейінірек кең таратып, тереңдете зерттегендер М.Қ. Қозыбаев, Н.Е. Едігенов, П.С. Белан, Қ.С. Алдажұманов, Қ.Ю. Оразов, Қ. Сапарбаев және басқалар [2]. Олар бірқатар ірі монография, көптеген кітапшалар мен мақалалар жариялады. «1941-1945 жж. Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі Қазақстан» атты екі томдық (Алматы, 1964, 1967) көлемді құжаттар мен материалдар жинағы жарық көрді. 1939-1945 жж. Екінші дүниежүзілік соғысы мен  1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысы кезінде Қазақстанның Жеңіске қосқан үлесі жалпы одақтық әдебиеттерде, әсіресе Г.А. Куманев, А.В. Митрофанова, Д.А. Аманжолова және т.б. ірі зерттеушілер [3]  еңбектерінде қарастырылды. Бұл еңбектер Қазақстан егемен, тәуелсіз мемлекет болған уақытта да, яғни қазіргі күнде де өз құндылықтарын жойған жоқ және жастарды отан сүйгіштік рухта, Қазақстан Республикасына – Отанына адал болуға тәрбиелеуге, өз Атамекенін қорғауға дайындауға қызмет етіп келеді. Ұлы Отан соғысы кезіндегі Қазақстанда өнеркәсіп пен темір жол жағдайын, жұмысшылардың ерен еңбегі мен майданға көмегін зерттеуге мен де өз үлесімді қосқанмын. Сонымен бірге екінші дүниежүзілік соғыс жөнінде студенттерге 40 жылдай дәріс бергенмін. Бұл проблеманы бір кісідей (Қазақстанға байланысты) білгендіктен осы мақаланы жазып отырмын.
Рас, қазір екінші дүниежүзілік, соның ішінде Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі Қазақстанның орны мен ролі, жағдайы мен бастан кешірген қайғы қасіреті және т.б. көптеген өзекті мәселелер жаңа методологиялық талғам тұрғысынан соны зерделеуді қажет етеді. Бұл проблеманы зерттеудің тек ғылыми ғана емес, саяси және тәрбиелік мәні де ерекше.
Дегенмен, соңғы кезенде кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында Отан соғысының Қазақстанға қатысы жоқ, оны Ресей жүргізді, кейде тіпті «Германияның жеңгені дұрыс еді» және т.б. сияқты тоғышарлық пікірлер де жарияланып жатқаны туралы айтпай кетпеске болмас. Бұл авторлар «ең алдымен славян халықтарын ығыстырып, жойып жіберуді» болжамдаған Гитлердің «Барбаросса» жоспары бойынша, фашистік агрессияның кеңестік Шығыс халықтарына қандай қауіп төндіргені туралы толық біле бермейді, ал Орта Азия мен Қазақстан халықтарына қатысты Гитлер: «Мұсылмандар – шығыс тағылығының өкілдері, олар арийлік нәсілдерге құл болуы тиіс моңғолоид қиратушы күш… Немістер ғана моңғолоид төменгі нәсілдерінің бүлігін баса алады», – деп есептеді.  Бұл  мақсатта «Түркістан», «Идель-Урал» сияқты қуыршақ мұсылман мемлекеттерін құрамыз деп, сол ұлттар өкілдерін алдады [4]. Егер де осы жоспардың жүзеге асуы тағдырымызға жазылғанда, не болатынын елестету қиындық тудырмайды.
Осы сынайлы пікірлерді негізінен немістермен соғыс барысында «Түркістан легионы» құрамында әскери қызмет атқарған бұрынғы тұтқындар мен сонымен қатар кеңес дәуіріндегі отандастарымыздың даңқты еңбегі мен жауынгерлік ерліктерін Қазақстан егемендігі тұсында жоққа шығаруға тырысқан кейбір жас авторлар айтып жүр. Мұндай пікірлердің қауіпті әрі зиян екеніне қазіргі Эстониядағы оқиғалар куә, онда «ардагерлер», 20 – СС эстондық дивизиясы гитлерлік киім үлгісінде митингке шықты,  осы СС дивизиясының командирі штандартенфюрер Альфонс Рубен мәйітінің қалдықтары әскери құрметпен қайта жерленді, оның қабірінің тасына «Емен жапырақтары бар Рыцарь кресті Орденінің кавалеріне» деген жазу жазылды [5]. Бұдан да сорақылық Украинаның бұрынғы басшысы экс-президент        В. Ющенко басқаруы кезінде орын алды, ол Жеңіс ескерткіштерін алдыртып тастады және қолдарынан он мыңдаған еврей мен поляктар, азат етуші қаһармандар қаза болған, фашистермен тығыз байланысты ұстанған                 С. Бандера мен басқа да опасыз сатқындарды дәріптеді. Эстония мен Украинада болған барлық осы оқиғалар тек Ресей мен Польшада ғана наразылық тудырып қойған жоқ, сонымен қатар Екінші дүниежүзілік соғыс тұсындағы антигитлерлік коалиция елдерінде де ашу мен ызаны қоздырды. Оған Ташкент қаласындағы Кеңес Одағының батыры, Гвардия генерал-майоры, Дондағы Ростовты, Кавказ және Белоруссияны азат ету ұрысына қатысқан дивизия командирі Сабыр Омарұлы Рахимов (1902- 26.03.1945 жж.) ескерткішінің алынып тасталуын (немесе ауыстырылуын) да қосуға болады. Ол Ленин орденімен, төрт Қызыл Ту, Қызыл жұлдыз орденімен, ІІ дәрежелі Суворов ордені және көптеген медалдармен марапатталған. Оның сүйегі 1945 ж. 26 наурызындағы шайқаста қаза болғаннан кейін, өзі өскен Өзбекстанға жеткізіліп, Ташкент қаласындағы бауырластар зиратына жерленген. Өзбекстан басшылығының осындай этникалық тегі қазақ, аты аңызға айналған әскери қолбасшы ескерткішіне қатысты қадамға баруы таңқалдырады. Шүкір, қазір Қазақтың осынау даңқты оғланына Шымкентте ескерткіш орнатылғаны көңілге медет болып отыр.
Екінші дүниежүзілік соғыстың, әсіресе Кеңес Одағының фашистік Германияға қарсы 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысы кезіндегі Қазақстан жағдайы жөніндегі әлі де зерттей түсетін мәселелер де жеткілікті, соның ішінде соғыстың кезінде жау қолына түскен тұтқындар тағдыры, елдегі әлеуметтік-демографиялық жағдай, қазақтардың шығыны, осы жайттың себептері мен салдары сияқты басқа да сан алуан тақырыптар аса өзекті проблемалар болып табылады. Осыған орай  айта кетер өкінішті жайт, кейбір тарихшылар екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбымен арнайы және терең айналыспағандықтан, кейбір сенім тудырмайтын әдеби шығармаларға сүйеніп қана, Ұлы Отан соғысының сипаты мен мақсаты жөнінде алып-қашпа пікірлер айтып жүр. Мақала көлемі мүмкіндік бермегендіктен, тек Ұлы Отан соғысының кері пікір тудыратын бір-екі мәселесіне ғана тоқталайық. Осыған байланысты біз Астанадағы Мемлекет тарихы институты даярлап, «Өнер» баспасында 2010 ж. шығарылған (640 б.) «Қазақ жауынгері Ұлы Отан соғысы майданында» деген «тарихи-құжаттық зерттеудің» 13 беттік алғы сөзіндегі кейбір пікірлердің сын көтермейтіні, өйткені дәлелсіз екені туралы өз ұстанымдарымызды айтпақшымыз. Алғы сөзінде профессор Б.Ғ. Аяған “өзінің ойынша”(осы «зерттеудің» редакторы да, алғы сөз авторы да, құрастырушыларының бірі де, яғни, орыс мақалы бойынша: «и кузнец, и жнец, и на дуде игрец» – қазақша: «Ұста да өзі, орақшы да өзі, сырнайшы да өзі» рольдерін бірақ атқарыпты): «Біз жүргізген зерттеулер Кеңестік кезеңнің идеологемасымен қайшы келетін қорытындылар жасауға мүмкіндік берді», – [8] деп, өзі ашқан ғылыми «жаңалықтарын» тізбектепті. Бірақ әлгі бас авторымыз қандай «соңғы документалдық деректерді» тапқанын, қандай «жаңалықтар ашқан» «зерттеулер» жүргізгенін атын атап, түсін түстеп көрсетпейді.                                   Есесіне құрметті профессор, ең алдымен, «екі жақ та, яғни Германия да, Кеңес Одағы да соғысқа белсенді даярланған. Сталин және оның жақтастары экономиканы милитаризациялауды күшейту арқылы Гитлерді алдап соқпақшы болды. Алайда Гитлер большевиктер көсемдерінің алдын орағытып кетті», – деп бастап, тарихи шындықты бұрмалайды. Осы ретте айта кетер гәп-бұл пікір Б. Аяғандікі емес, ол Кеңес Одағы келмеске кеткеннен кейін жарыққа шыққан сан алуан Ресей авторларының зертеулерінде үнемі айтылып жүр. Б. Аяғанның аталмыш «зерттеудің» алғы сөзінде ашқан басқа да «жаңалықтары» жөнінде де айтпасқа болмайды. Екіншіден, Молотов-Риббентроп пактісі Кеңес Одағы үшін зиян болды, үшіншіден, соғыс басталғаннан кейін бірнеше күн И.В. Сталин Кремльден көрінбеді, – деп, төртіншіден, У. Черчилльдің бұл соғыстағы рөлі әсіресе өте жоғары болды-мыс және т.б. «жаңалықтар» ашады [9]. Бұл жерде «жаңалық» пен «ойынша» деген сөздерді тырнақшаға алып отырған себебіміз, қадірменді профессор аталмыш пікірлердің бәрін Ресей ғалымдарының еңбектерінен алып отыр (мақаланың көлемі мен атқарар жүгі көтермейтіндіктен, бұл этикалық мәселенің егжей-тегжейіне тоқталып жатпадық). Сол профессор Б.Ғ. Аяғанның Кеңес Одағына таққан «айыптарын» осыдан 38 жыл бұрын Н.М. Некрич деген «1941. 22 июня», М., 1965, деген кітабында (176 бет) жазып, біраз шу шығарып, кейіннен 1976 ж. Израиль визасымен Лондонға, АҚШ-қа кетіп тынған-ды.
Енді профессор Б.Ғ. Аяған ашқан «жаңалықтарды» қысқаша талдап көрейік.
1. Рас, екі жақ та соғысқа дайындалды. Бірақ Германия Францияны қиратып, Англияны өз аралында қоршап, Европа елдерінің көбін басып алған соң, енді дүниежүзін жаулап алу үшін, алдымен Кеңес Одағына шабуыл жасап, қиратуы керек болды, яғни бұрыннан агрессор, басқыншы еді. Ал Кеңес Одағы өз елін қорғауға дайындалды, агрессорға қарсы күресуші, сонымен қатар кейін антигитлерлік одақпен (АҚШ, Ұлыбритания, Франция) бірлесіп, фашистік Германия жаулап алған елдерді азат етуші болды. Міне сондықтан профессор Б.Ғ. Аяған Кеңес Одағы мен фашистік Германияны агрессиялық мақсатында тепе-тең теңестіріп, Кеңес Одағы жағынан бұл соғыстың Отан қорғау үшін, тәуелсіздік пен азаттық үшін болғанына күдік келтіреді. Бұл, әрине, өрескел қате, себебі Кеңес Одағы жүргізген Ұлы Отан соғысының мақсаты, мәні мен маңызы дәлелденген, дүниежүзілік қауым мойындаған тарихи шындық емес пе?! Кеңес Одағы әділ, Отан қорғау соғысын жүргізбесе, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Нүркен Әбдіров, Төлеген Тоқтаров, басқа да 600 мыңнан астам қазақстандық боздақтар не үшін құрбан болды?! Бауыржан Момышұлы, Сергей Луганский, Мәлік Ғабдуллин, Қасым Қайсенов және басқа 600 мың қазақстандықтар не үшін соғысты?!
2. Алғы сөз авторы Б.Ғ. Аяған мадақтаған У. Черчилльдің өзі Молотов- Риббентроп пактісін тіпті басқаша бағалаған. Ол осы «тарихи-құжаттық зерттеудің» өзінде келтірілген:  «Олардың екеуі де (Сталин мен Гитлер) бұл (келісім) жағдайға байланысты туған уақытша шара екенін түсінген еді … Осындай келісімнің мүмкін болуы ағылшын және француз саясаты мен дипломатиясының бірнеше жыл бұрын күйреуінің тереңдігін көрсетеді… Кеңестер пайдасына мынаны айтуға болады: Кеңес Одағы үшін мүмкіндігінше герман әскерлерінің шабуылға шығар позицияларын неғұрлым батысқа алыстатып, орыстар уақыт ұтып және өздерінің ұлан-ғайыр империясының түпкір-түпкірінен күш жинау мүмкіндігін алды. Оларға күшпен немесе алдап болса да Балтық жағалауы мемлекеттері мен Польшаның көп бөлігін, (Германия) жаулап алғанға дейін, басып алу қажет болды. Егер олардың саясаты қатаң есеп болса да, ол сол кезде ең жоғары дәрежедегі реалистік саясат болатын» [10].
У. Черчилль сияқты халықаралық деңгейдегі сұңғыла саясаткер пікірі мен шетелдік белгілі ғалымдардың (америкалық профессор Р. Россер, француз тарихшысы Шевер, батыс-герман тарихшысы Никиш және т.б.) Молотов-Риббентроп пактісі туралы пайымдаулары тарихи шындыққа келеді. Әділін айтсақ, нақ осындай, Германиямен шабуыл жасамау туралы келісімдерге Англия 1938 ж. 30 қыркүйекте Мюнхенде, ал Франция 1938 ж. 6 желтоқсанда асығыс Кеңес Одағынан бір жылдан аса бұрын қол қойған еді [11]. Мюнхен Келісімінен кейін Германиямен шабуыл жасамау туралы келісімге келмеген тек Кеңес Одағы ғана қалған еді. Профессор Б.Ғ. Аяған бұл бүкіл дүниежүзіне белгілі дипломатиялық жағдайды не білмейді, не білгісі келмейді, яғни «көрмес-түйені де көрмес», – дегеннің кебі келіп тұр. Англия мен Франция Германиямен шабуыл жасамау жөнінде келісімге келсе, олардікі дұрыс болады, ал Кеңес Одағынікі бұрыс болғаны ма?! Әр елдің өз есебі болғаны жасырын емес.
Әрине Польша, Балтық бойы мен басқа да кейбір елдерде Молотов-Риббентроп пактісі сол елдердің ұлттық мүддесіне қарай бағалануда. Дегенмен бұл келісімге қол қоймаса, Кеңес Одағы Германиямен соғысуы мүмкін еді. Германия (1939 ж. сәуір айында) Польшаға басып кіруді шешіп қойған-ды, сонда фашистер Батыс Украина мен Батыс Беларусияны басып алып, Кеңес Одағы шекарасына жетіп келер еді, аржағы белгілі – соғыс басталар еді. Кеңес Одағы Польша әскерлері жеңілген соң, ал Үкімет Лондонға қашып кеткен соң ғана, 17 қыркүйекте Батыс Украина мен Батыс Беларусияны азат етуге кірісті. Соның нәтижесінде Кеңес Одағы Германия шабуылынан қорғауға аз да болса 22 ай уақыт ұтты, шекараны батысқа қарай итеріп, фашистердің шабуылға шығар позицияларын алыстатты.
3. Жалпы И. Сталинге деген қазіргі объективтік көзқарас оның халыққа қарсы жасаған қылмыстарымен айғақталады. Оны ешкім қорғамайды да. Дегенмен ақиқат үшін әділін айту керек қой. И.В. Сталиннің соғыс басталған соң бірнеше күн Кремльде болмай, «тығылып жатқаны» да, Н.С. Хрущевтің өз ауызымен таратқан өтірік жаласын қайталау болып табылады. И.В. Сталиннің соғыс басталарында, 21 маусымнан бастап, 28 маусымға дейін Кремльде үзбей болғаны жөнінде деректер де, әдебиеттер де жеткілікті. Ең негізгісі Сталиннің қабылдауында болғандары тіркелген кезекші хатшылардың жазғандары баспада жарияланған өте құнды, сенімді дерек. Сонымен қатар Кеңес қолбасшыларының естеліктерінен бөлек, К. Романенконың «Великая война Сталина» деген кітабы және В. Карповтың «Генералиссимус» деген еңбегінде. 1941 ж. 21 мауысымның 18 сағат 27 минутынан 28 маусымның 00:50 дейін И.В. Сталиннің 191 Кеңес одағы басшылары мен әскери қолбасшыларын қабылдаған тізімін жариялаған [12]. Бұл жөнінде «Қазақ жауынгерлері Ұлы Отан соғысы майданында» деген «тарихи-құжаттық зерттеуде» берілген қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері, философия ғылымдарының докторы, профессор, академик Сағындық Кенжебаев ағамыздың «Ана тілі» газетінде (2010 ж. 6 мамыр) жарияланған «Соғыс осылай басталды» деген естелігінде де өте анық, дәлелді айтылады. Сағындық ағамыз: «Берия мен Хрущевтың: Сталин сасқалақтап қалды. Бірнеше күн басшылықтан қол үзді. Кунцево саяжайында жасырынып жатып алды» деуі – барып тұрған өтірік, жала. Мұны көпке белгілі құжаттар дәлелдейді», – деп қорытындылайды [13]. Сонда бұл «зерттеудің» алғы сөзінің авторы, жинақтың редакторы, құрастырушы Б.Ғ. Аяған С. Кенжебаев ағамыздың жазғанын оқымаған ба?! Бір «зерттеудің» өзінде, екі мәселе жөнінде екінші рет қарама-қарсы екі пікір орын алғаны өрескел қате, тіпті ұят емес пе?! «Зерттеудегі» құжаттардың өзі профессор Б.А. Аяғанның ашқан осы ғылыми «жаңалықтарын» іс жүзінде жоққа шығарып отыр.
4. У. Черчилльді асыра мадақтаудың да шындыққа жақындамайтыны белгілі. Ол өз елінің мүддесін қорғаған ірі қайраткер, сол мақсатында Гитлерге қарсы одақ құруға күрескені де рас, бірақ сонымен қатар екінші майданды кешіктіріп, не 1942, не 1943 ж. емес, тек 1944 ж. 6 мауысымда ашуға күш салған еді. 1944 ж. жазда Кеңес Одағы әскерлері өз территориясын азат етіп, Польша шекарасына жақындаған кез еді. У. Черчилль екінші майданды Балқан жағынан ашып, Кеңес әскерлерін Еуропа елдеріне жібермеуді көздегені де рас. Басқа да кедергілер жасап, Кеңес одағын әлсірете түсуді де, ал соғыс аяқталған соң Кеңес Одағына қарсы «қырғи қабақ» соғысты бастаған да У. Черчилль емес пе? Тіпті У. Черчилль Ялта конференциясынан кейін (1945 ж. ақпан айы) Кеңес Одағы әскерлеріне тұтқиылдан шабуыл жасауға бұйрық беріп, бір миллионнан астам қолға түскен неміс әскерлерін қарусыздандырмай, оларды да сол арам пиғылға пайдалануға тырысты. Бірақ Кеңес әскерлерінің көптігінен және күштілігінен бұл авантюралық әрекетінен бас тартуға мәжбүр болды [14].
5. Осыған байланысты И.В. Сталинге Германиямен соғысқа дайындала алмады, соғыстың қашан басталарын білмеді, «Красная капелла»  мәліметтеріне сенбеді және т.б. «кінәлар» тағу да арнайы әдебиеттерді білмегендіктен туған , үстірт, жеңіл-желпі, қатардағы тоғышарларға арналған «жаңалықтар» екені де белгілі болып тұр. Бұл жөнінде деректер жеткілікті.  Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан кезде И.В. Сталин У. Черчилльге: «Маған ешқандай ескертулердің қажеті жоқ болды. Мен соғыстың басталатынын білдім, тек мен және алты ай, не соған жуық уақыт ұтуға болады, – деп ойладым», – деген-ді [15]. Сол өзі мадақтаған, У. Черчилльдің, көбімізге ұнамағанымен, «Сынақтар жылдары Ресейді Сталиндей данышпан және мызғымас қолбасшы басқарғаны Ресей үшін зор бақыт болды» – деп айтқанын [16] алғы сөз авторы, редакторы білмейді ме?!
И.В. Сталин туралы көп  жазылған. Тіпті Қазақстандағы байларды тәркілеу, күштеп ұжымдастыру мен орнықтыру, соның нәтижесіндегі 1931-1933 жж. жаппай ашаршылық, қазақтың жартысына жуығы қырылғаны, 1930-жж. қуғын сүргін, оның құрбандары және т.б. мәселелер жөнінде И.В. Сталинге, оның орталықтан жіберген Голощекин сияқты эмиссарларына тиісті баға берілді. Бұл шынайы тарихи шындық. Ұлы Отан соғысы тарихына да сондай әділеттілік, шынайы шындық керек. Бұл жерде біздің ойымыз И.В. Сталинді дәріптеу де емес, ақтау да емес, тек, Сағындық Кенжебаев ағамыз айтқандай, өтірік айтып, жала жабуға болмайды, бізге Ұлы Отан соғысы тарихына әділдік керек, тарихи шындық – бәрінен қымбат дегіміз келеді.
6. «Тарихи-құжаттық зерттеуде» Ұлы Отан соғысы тарихы жөніндегі мәселелер Қазақстанда қалай зерттелгені жөнінде профессор Б.Ғ. Аяғанның өз алғы сөзінде бір ауыз сөз айтылмағаны-тіпті түсініксіз әрекет. Дұрысы, ғылымға жасалған қыянат деуге болады. Міне құрметті профессордың алғы сөзіндегі көзге ұрып тұрған қателері мен кемшіліктерінің қысқаша сипаттамасы осындай. Мемлекет тарихы Институты шығарған бұл «тарихи-құжаттық зерттеудің» басқа да кемшіліктері арнайы қарастыруды қажет етеді. Дегенмен төмендегілерді айта кетейік. Негізінде бұл еңбек «тарихи-құжаттық зерттеу» емес, құжаттық және мақалалар жинағы, тіпті жинақтық деңгейі де төмен. Ғылыми жинаққа қажетті методологиялық мәдениеті де төмен десек асырып айтқандық болмас. Мысалы «зерттеудегі» материалдар екі тілде, түпнұсқалардан аударылып берілген, дұрысы – түпнұсқа қай тілде болса, солай берілгені жөн, оны аудару тек «зерттеудің» көлемін көбейтіп, 300 беттік «зерттеуді» екі еседен аса, 640 бетке жеткізіп, қампитып, «зерттеудің» орасан зор екенін көрсету үшін қажет болғаны ма?! Өкініштісі, «зерттеуде» ғылыми еңбекке мейілінше қажет тиісті түсініктемелер берілмеген, құжаттарды берудің тиісті ережелері сақталмаған, кейбір құжаттардың сілтемелері жоқ, мәтіні сақталмай, мағынасы («изложение») түрінде ғана берілген. Ең ғажабы-әлгі «Зерттеудегі» материалдардың көбісі бұрын жарияланған жинақтардан алынған. Тек «Зерттеудің» орысшасында ғана берілген «Неизвестные страницы войны» деген бөлімінде (527-600 бб.) Атырау облыстық архивінен алынған кейбір жаңа деректер берілген, бірақ Қазақстанның басқа аймақтарынан бұндай мәліметтер жоқ. Сонда ол облыстар соғыстан тыс қалған ба?! Тіпті кейбір құжаттар 2 томдық «Қазақстан в период Великой Отечественной  войны Советского Союза. 1941-1945 гг» деген құжаттар мен материалдар жинағынан «жиендік» тәсілмен көшіре салынған. Мысалы: «Справка управления по делам искусств при СНК КАЗССР о работе театров и музыкальных учреждений Казахстана за годы войны» (1945 июнь) деген С. Толыбековтің қолы қойылған құжат (КазССР ОМА,  1137 қор, 12 тізім, 500 іс, деректер жинағы: 2 том  126-130 бб.) бұл «зерттеудің» 614-616 беттерінде, басқа тақырыппен («Справка управления по делам искусств СНК Казахстана о работе театрально – художественных учреждений за период Великой Отечественный войны (изложение), не позднее 5 января 1946 г.») [17] деп беріле салған. Құжаттың мазмұны еркін (изложение) қысқартылған, өздерінің ойынша берілген, тақырыбы да, айы, жылы да өзгертіліп, жазған адамның аты алынып тасталған. Ең сорақысы қайдан алғанын көрсетпей, дерекке еш сілтеме бермей, осындай өрескел қиянатқа (мұны ұрлық десе де – плагиат – болады), ғылымға жат әрекетке барған. Демек, бұл «Зерттеудің» ғылыми аппаратын жалған жасақталған деуге болады. Дегенмен «тарихи-құжаттық зерттеуді» арнайы қарастырған дұрыс болар. Біз тек профессор Б.Ғ. Аяғанның алғы сөзіндегі көзге ұрып тұрған қателері мен кемшіліктеріне ғана көңіл бөлдік.
Бұл «зерттеудің» осы он үш беттік алғы сөзі ішінде, өкінішке қарай, кереғарыс теріс пікірлер мен қайшылықтар жеткілікті. Бұл «зерттеуде» Ұлы Отан соғысының басқа да дүниежүзілік күрделі, бірақ негізінен зерттелген мәселелеріне килігіп, шатасқанша, Қазақстанның осы соғыс кезіндегі жағдайы, жеңіске қосқан үлесі, көрген қиыншылықтары мен қайғы-қасіреті және құрбандар саны, демографиялық ойсыраудың әсері және т.б. нақтылы мәселерді жаңаша көзқараспен, жаңа деректермен ғылыми жоғары деңгейде зерттегені жөн емес пе еді?! Жалпы екінші дүниежүзілік соғыстың халықаралық деңгейдегі мәселелері 12 томдық еңбекте, ал Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы туралы сол сияқты көптомдықта, арнайы зерттеулер мен мемуарлық (естелік) әдебиетте жан-жақты зерттелген, соғыстың сипаты, себептері, барысы, нәтижелері мен маңызы жан-жақты талданған. Жаңа деректерсіз, белгілі бір теріс бағыттағы естеліктер жетегінде ғана, әсіресе (В. Суворов) Резун сияқты Отанын сатқынның «Ледокол» сияқты жалған еңбектеріне сүйеніп, бұл соғыстың кейбір мәселелері бойынша өз бетінше «жаңалық ашу», «пайымдай салу» жоғарыдағы қателіктерге соқтырғаны өкінішті. Осы ретте Б. Аяғанның жетекшілігімен жарық көрген бұл «зерттеуде» осыншалықты қателіктерге жол берілсе, Институттың басқа басылымдарының шынайы сапасы қандай екен деген сұрақтың туындайтыны сөзсіз. Көрсетілген кемшіліктер қарастырылып отырған «зерттеудің» басқа да кем-кетіктерін толық қамтиды деген ойдан аулақпын. Демек, оның кәсіби маман (проблема бойынша) тарихшылардың арнайы сараптауына жіберілгені артықтық етпейтін сияқты, Сонымен қатар осындай «Зерттеуге» мемлекеттің қанша қаражаты (салық төлеушілердің есебінен) ысырап етілгенін де анықтаған жөн деп ойлаймын. Мұны мен Мемлекет хатшы аппаратының құлағына жетсін деп айтып отырмын.
7. Ұлы Отан соғысы кезіндегі Қазақстанның Жеңіске қосқан үлесі еліміздің жастарын патриоттық сезімге тәрбиелейтін күшті фактор екенін баса айтқымыз келеді. Мұны кезінде студент жастарды коммунистік рухта  тәрбиелеудің маманы болған (кандидаттық диссертациясы: «Қазақстан студенттерінің идеялық-саяси тәрбиесін партиялық басқару (1976-1985 жж.)» (Алматы, 1989) қазіргі профессор Б.Ғ. Аяған жақсы білсе керек. Қазіргі кезде Балтық бойы мемлекеттерінде, Украина мен Грузияда Отан соғысы деген мағынадан бас тартып, бұл соғыстың мақсаты мен нәтижелерін қайта қарап жатқанда, біз, тарихшылар, Ұлы Отан соғысы мәселелеріне бұрынғыдан да көп көңіл бөлуіміз керек, – деп ойлаймын. Сол сұрапыл соғыста құрбан болған 600 мыңнан астам отандастарымыз бен аман-есен қалғандары қайтып, адал қызмет істеп, көбісі қазір көз жұмған ағаларымыздың аруағы алдында және қазір қатары сирегенмен ортамызда жүрген ардагерлерге бас иеміз, құрмет көрсетеміз. Бұл біздің борышымыз, елдігімізді білдіретін міндетіміз. Сондықтан да әлі де немерелері соғыста қайтыс болған аталарын іздеп жүр. Бірақ профессор Б.Ғ. Аяғанның Ұлы Отан соғысына берген бағасына қарап, Кеңес Одағы да Германиядай болған деп, ізденістерін тоқтата қояр ма екен?! Менің өзім де 1944 ж. 12 ақпанда Белоруссиядағы Битебск қаласы түбіндегі Шалуры деген елдімекендегі шайқаста қайтыс болған әкем – Асылбеков Қантемірдің 67 жылдан кейін, көп ізденістің нәтижесінде, жерленген жерін таптым, 2011 ж. жазда ең кіші інім – Амантай – Қажы (ол әкеміз соғысқа аттанғанда бір жасар – емузілі бала еді) және отбасы мүшелерімізбен кезектесіп, алдымен – мен, онан кейін – ол, әкеміз жерленген бауырластар  қабіріне барып, құран оқып, ас беріп қайттық. «Битебск қазанында» қайтыс болған бауырластар қабірінде 22 мың адам жатыр, оның біразы – қазақтар. Осы жағдайға байланысты мемлекеттік хатшының «өткен күнге обьективті қарауымыз керек, аға буынның наным-сенімдеріне құрметпен қарап қана қоймай, тарихта тек қара мен ақ түстің ғана болмайтынын ұғынуымыз керек», – деген сөзі орынды-ақ болып тұр. Екінші дүниежүзілік соғыстың, әсіресе Ұлы Отан соғысының  тарихы күрделі, дүниежүзілік және Кеңес Одағына байланысты халықаралық деңгейдегі мәселелері негізінде шешілген. Жаңа деректер тауып, жаңа тұжырым жасауға, әрине, болады. Бірақ көптен белгілі, шынайы тарихи көзқарастан алыс, сенімсіз деректерге негізделген жоғарыдағы «пайымдауларды» қайталамаған жөн. Оның орнына Ұлы Отан соғысы кезіндегі Қазақстан тарихына терең зерттеу жүргізген жөн.
8. Тарихымызды жаңаша зерделеуде төрт ғылыми зерттеу институттары мен университеттердегі тарих кафедраларының жауапкершілігін күшейту қажет. Әсіресе Астанадағы «Мемлекет тарихы институтының» орны бөлек, оның билікке жақындығы да, қаражат пен кадр молшылығы да осы бетбұрыс жағдайда үлкен рольге ие етеді. «Кімге көп беріледі – содан көп сұралады», – деген орыс мақалы бар. Қазіргі мемлекетіміздің күнтізбесін, құжаттар жинағын шығарып, үгіт-насихат негізін салып, едәуір жұмыс істеп жатқаны да белгілі, бірақ Қазақстан мемлекеттігі тарихы проблемаларына арналған монографиялар әзірше тым аз. Ұлы Отан соғысына арналған «тарихи – құжаттық зерттеудің» кейбір кемшіліктері жөнінде ғана жоғарыда қысқаша болса да айттық. Тікелей мемлекеттік тарихи проблемаларға қатысы жоқ мәселелермен айналысу орынына, Институттың ғылыми бағытын әлі де болса нақтылай түскен, мемлекеттік күрделі проблемаларды кеңінен зерттегені жөн. Яғни, аталмыш институтқа қазіргі негізгі тірлігімен – әртүрлі күнтізбелер мен құжаттар жинағын шығарумен ғана шектеліп қалуға болмайды. Бұл Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Н. Ә. Назарбаевтің тікелей бастамасымен құрылған институттың ғылыми-зерттеу қауқарын көпе-көрнеу шектеу деуге болады. Бұл біздің сол Институтқа деген ізгі тілегіміз, әйтпесе алты – аласымыз, бес – бересіміз жоқ, ешкімнің айтуынсыз, «жасырын ойынсыз», өздігімізден осы мәселені тура және дәлелдермен айтуға ұмтылдық. Алдағы кезде Мемлекет тарихы институты жұмысының табысты болуына тілектеспіз. Осынау айтылған сыни пікірді профессор Б.Аяган мен оның қызметкерлері дұрыс қабылдайды ғой деп сенемін.

М.Х.Асылбек
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және
этнология институтының Бас ғылыми қызметкері,
Тарих ғылымдарының докторы,
профессор, ҚР ҰҒА академигі

www.iie.kz/

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста