Ұлы Отан соғысының кейбір құпиялары

Ұлы Отан соғысының кейбір құпиялары

Ұлы Отан соғысы деп аталған қызыл қырғынның ашылмаған құпиялары әлі де көп. Ұлы Отан соғысының кейбір құпиялары Ұлы Отан соғысы деп аталған қызыл қырғынның ашылмаған құпиялары әлі де көп. 1940-шы жылдардың басында әлемдегі ең үздік соғыс қаруы және техникасымен қаруланған, әскері оқ-дәрімен, киіммен, тамақпен, басқа да тұрмыстық қажеттілікпен толық қамтамасыз етілген, соғысқа дайындығы жағынан ең жетілген жойқын армияны дайындығы мүлде жоқ, кеше ғана бухгалтер, мұғалім, журналист болып жүрген интеллигенция өкілдері және мал бағып, жайлауда есінеп жүрген, за­уытта сегіз сағат бойы аяғынан тік тұрып, үйіне тез жетуді ғана армандаған ауыл мен қала жұмысшылары қалай жеңді деген сұрақ күні бүгінге дейін қойыла беретіні заңды. Соның біршамасы орыс тілін де түсінбеген, берілген бұйрықты теріс ұғып, артқа кетудің орнына алға барып жатқандары да болмай қалмаған. Ал дайындығы біршама жоғары болып, Батыстағы шекараға жайғас­ты­рылған кәсіби қызыл әскер соғыстың алғашқы айларында-ақ жаудың жойқын күшіне төтеп бере алмай қырылды немесе миллиондап тұтқынға түсті. «Олар бізге жолдастар емес» деген еңбегінде неміс зерттеушісі К.Штрайт фашистердің «Солтүстік», «Орталық» және «Оңтүстік» топтары 1941 жылдың 5 тамызынан 16 қарашаға дейінгі үш айда ғана 2 465 000 кеңес әскерін тұт­қын­дағанын айтады. (Штрайт К., «Они нам не товарищи», М., «Русская панорама», 2009, с.87). 

Ал қаза болғандары қанша екенін ешкім әлі нақты айта алған жоқ. Кеңестік зерттеушілердің есебі бойынша алғашқы төрт айда тұтқынға түскендердің саны бұдан да артық. Мәселен, жазушы-публицист, соғыс тарихын зерттеуші Александр Осокин өзінің «Великая тайна Великой Отечественной» деген еңбегінде тұтқынға түскен кеңес әскерилерінің саны 3,8 млн.-ға жеткенін айтады (Ал ресми тарих тұтқынға түскендер санын 3,9 млн. деп көрсеткен). Осы автор 2008 жылы шыққан аталмыш кітабында КСРО мен Германия 1940 жылы Берлинде Ұлыбританияға қарсы бірігіп соғысу туралы құпия келісімге қол қойғанын айтып біраз шулатты. Сталиннің ең басты мақсаты – Гитлердің көмегімен өзінің армиясын Солтүстік теңіздің жағасына алып шығу болды, содан кейін ағылшындармен бірге Германияны немесе немістермен бірге ағылшындарды ұруды жоспарлаған еді, дейді ол. Осыған ұқсас әңгімені бұдан бұрын атышулы «Ледоколдың» авторы, бұрынғы КГБ қызметкері Виктор Суворов та айтқан болатын. Ол да Сталиннің қорғаныстағы әскер емес, шабуылдайтын армия ғана жасақтағанын және түпкі мақсаты Германияға алдымен басып кіру екенін дәлелдеп баққан. Әрине, Сталиннің соғыс басталмай тұрғанда қандай қитұрқылықты басшылыққа алғанын тап басып айту қиын. Ал енді одақтас болып 4 жыл бірге соғысқан АҚШ-тың Вашингтондағы ІІ Дүниежүзілік соғысқа арналған музейінде оның бірде-бір суреті жоқ. Керісінше, ортақ жау болған Гитлердің 2-3 суреті бар… Төрт жыл бойғы қанды қырғында бірге болып, қуаттылығы орасан жауға қарсы бірге айқасып тұрып, соғыс біткен бойда «қырғи-қабақ соғыстың» басталуы да тегін емес. Осыдан-ақ кеңес жағының айнымалы-толқымалы, болжалсыз сая­саты одақтастарға да жақпағанын көруге болады. Әрине, олардың социализм елдері басымдық алып кетуі кәдік деп қауіптенгені де жасырын емес. Десек те, соның ішінде КСРО-ның 1945 жылы, жеңіске қол жеткен соң өзімен тікелей соғыспаған Түркия мен Иранның біраз жерін басып алуды көздегенін агрессия ниеті емес деп айта алмайсың. Одақтасы гитлерлік Германияның шығыстан басып кіру туралы қысымына шыдап, КСРО-мен 1941 жылдың сәуірінде жасаған бейтараптық туралы келісімін бұзбай, шабуыл жасамаған Жапонияға 1945 жылдың 9 тамызында басып кіруін де адал саясат деу қиын. Оның үстіне дәл осы күні Жапонияға АҚШ тарапынан екінші ядролық соққы берілген еді… Кеңес өкіметінің ең жақсы жарақ­талған, моральдық-патриоттық рухы жо­ғары, саяси көзқарасы әбден пісіп-жетілген әскері әлеуетті қарсылық көр­сете алмай, негізінен тұтқынға беріліп немесе қырылып, айналасы 4 айдың ішінде 3 млн. шаршы шақырымдай жерден айырылып қалғаны әлі күнге көптеген сұрақтар тудырады. Бізге «күтпеген жерден шабуыл жасалды», «алғашында әскерге атуға бұйрық берілмеді» деген сылтаулар көп айтылды. Ең басында, маусым айында сондай болған-ақ шығар, алайда Қызыл армия одан кейінгі айларда да қарсыласына қауқарлы қарсылық көрсете алмады емес пе?! Гитлер нақ осы, кәсіби әскерді қан-жоса қылып жеңсем, ар жағында қарсы тұратын қауқарлы күш бола алмайды деп есептеген. Және ол КСРО-ның ең жақсы дайындықтағы әскери күші батыс бағытқа шоғырланғанын да біліп отырған. Іс жүзінде Гитлер өзінің стратегиялық мақсатына қол жеткізді де. Кәсіби әскерді толығымен талқандады, КСРО-ның еуропалық бөлігін тұтасқа жуық басып алды. Алайда, ол әскерде ешқашан болып көрмеген, көбісі тірі адам түгілі аң атуды да білмеген қарапайым еңбек адамдарының қан-жоса болып қырылғанына қарамастан, орасан қайсарлықпен зор қарсылық көрсететінін болжай алмаған. Кеңес деректеріне қарағанда, Вермахтың тұмсығын тасқа тигізген Мәскеуді қорғау бағытында құрылған Батыс, Резерв, Брянск, Калинин майдандарында 1 250 000 адам гитлершілерге қарсы тұрған. «Википедия» энциклопедиясында да солай айтылады. Ал енді мына қызыққа қараңыз… Сол энциклопедия Мәскеу үшін шайқастағы КСРО жағының шығыны 1 млн. 806 мың адам екені көрсетіледі. Демек, шығынның өзі қару ұстап қарсы тұрғандардан 600 мыңға жуық артық… Сонда барлық қарсыласқандар қанша болғаны? Ал немістер жағының барлық шығыны – 457 мың адам. Бұл жердегі мәселе жау шығынының 4 есеге жуық аздығында да емес, адамдардың шы­бындай қырылғандығында. Бір қала үшін 2 млн.-ға жуық адам құрбан бол­ған. Қалай десек те, мұны әскер басшы­ларының үздік тактикасы деп еш айта алмайсың. Бізге жеңісті бұрын қолына қару ұстап көрмесе де қандай қатал бұйрық болса да орындаудан бас тарта алмаған көнбіс жандар өздерінің қанымен алып берді. Әйтпесе кеңестік генералитеттің ешқандай да артық қабілеті болмаған секілді. Қызыл армия жауды тек адамның көптігінің және оны еш аямай, қырғынға қынадай қыра отырып салғанының нәтижесінде ғана жеңе алды. Сонымен бірге, құрамалардағы жеке командирлер мен қолбасшылардың дарындылығы мен тапқырлығы, «Кеңес өкіметі ғана қара халықтың жоғын жоқтайды» деп саналарға ұзақ жылдар бойы көбінесе қорқытумен, күшпен әбден сіңірілген кеңестік насихаттың күштілігінің арқасында туған көзсіз ерлік қана жау­ды тоқтатуға мүмкіндік берді. Бұл туралы қазір әділетті зерттеушілер мен мамандар тегіс айтып жатыр. Кеңес Одағының соғыстағы барлық шығынын 1988-1993 жылдары академик Григорий Кривошеев бастаған тарихшылар ұжымы есептеп 27 млн. адамға жеткізді. Бірақ бұл сандарды да аз деушілер көп, өйткені, Г.Кривошеевтің ұжымы барлық құпия құжаттарды қарау құқығын жалғыз өздері ғана иеленіп, «монополиялық үстемдік» жасаған. Сондықтан олардың барлық шындықты айтқанына күдіктенушілер көп. Осы ұжым Германия мен оның одақтастарының барлық шығыны 11,8 млн. адам екенін айтады. Ал Кеңес Одағының жалғыз өзінің шығыны 30 млн.-ға жуық болғанымен, мұның ішінде соғыстан жараланып келіп өлгендердің, «Бәрі де майдан үшін!» деген ұранмен қолындағының бәрін өкіметке өткізіп, өздері аштықтан, түрлі аурулардан, ауыр жұмыстан бұралып өлген тылдағы адамдардың шығыны ескерілмегені хақ. Кейбір зерттеушілер және осы тақырыпқа қалам тартқан жазушылар (И.Курганов, Б.Соколов және т.б.) КСРО-ның адам шығыны 43-44 млн.-ға жеткенін айтады. Егер тылдағы «қырғынды» ескерсе, олардың айтқаны да дұрыс шығатын секілді. 1937 жылғы халық санағына (Сталин оның деректерін «ақаулы» деп тауып, жасырып тастаған) қарағанда, КСРО-ның барлық халқы 156 млн. адам болған. Демек, халықтың үштен біріне жуығы қырылған және оның негізгі бөлігі қару ұстауға, жұмыс істеуге қабілетті адамдар екені даусыз. Осынша адам шығынының арқасында қол жеткізілген жеңіс бұрын-соңды адамзат тарихында болмаған. Барлық патшалықтар, корольдіктер, демократиялық жүйе бас­қаратын қоғамдар мұндайда жеңілгенін мойындап, контрибуция төлейтінін айтып, келісімге келіп жататын. Ал большевиктер өкіметі жеңілгенін ешқашан мойындай алмайтын, өйткені, ондай жағдайда билік басынан мәңгіге кет­кенімен қоймай, қанды қасаппен құрған жүйелері толығымен жойылатын және ұзақ жылғы қырғындары үшін тарих алдында, халық алдында жауап беруге тура келетін еді. Сондықтан олар барлық халықтың үштен бірінің қырылғаны түгілі соңғы жауынгер қалғанша соғыс жүр­гіземіз деген сертті ұстаған болуы керек. Міне, бұл қырғынның осындай да сыры бар. * * * Большевиктік насихат құралдары фашистерді қаншама құбыжық етіп көрсетсе де, олардың істегендері қызылдардың қырғынынан артық емес-ті. Егер басып алынған жерлердегі бейбіт тұрғындарды қырса, деревняларын өртесе, тұрғындардың Кеңес өкіметінің талабымен партизандық соғыстар жүргізіп, адамдарын өлтіріп, жолдарын жарып, үйлерін өрттегендігіне орай жасаған істері. Әрине, фашистерді еш ақтауға болмайды. Олардың идеологиясы да адамзатқа жат, Алла әртүрлі етіп жаратқанына қарамай, ұлтшылдықты ту етіп, өздерін өзгеден артық санауға бағытталған. Басқа жұрттың бәрін олар өздерінен кем көрген. Кейбір халықтарды, тіпті, адамша еркін өмір сүруге құқы жоқ (мысалы, еврейлер, сығандар) деп санаған. Енді осы фашистер басып алған аймақтардағы көп адам біле бермейтін бір оқыс оқиға туралы айта кетелік. Басып алған кеңес аумағында немістер өздерінің билігін жүргізіп, жаңа өкімет құрған. Мәселен, Украинада 1941 жылдың 22 тамызынан 1944 жылдың 10 қарашасына дейін Рейхскомиссариат атты билік орталығын құрған. Бұл биліктің «мемлекеттік тілдері» неміс және украин болған. «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген сияқты большевиктердің ұранының орнына барлық жерге «Гитлердің жасағы – халықтардың досы!» деген ұран ілінген. «Халық деген ақ қағаз, оған кез келген нәрсені жазуға болады» деген екен шығыстың бір ойшылы. Сол айтпақшы, фашистерді «құтқарушы» деп дәріптеп, ал коммунистерді жағы талмай жамандап жатқан насихат құралдары да өздеріне керек нәтижелерге тез арада қол жеткізеді. Сондықтан да фашистердің орнатқан өкіметіне кешегі Кеңес өкіметі жәбірлеген, жазықсыз зардап шектірген адамдар түгілі, жай қарапайым халықтың бәрі де аунап түсіп, қызмет ете бастайды. Ішінара партизандық қарсылық көрсетулер болғанымен, негізгі тұрғындар немістерді жат көрмейді. Тіпті, олар еркіндік әкеледі, бостандыққа қол жеткізеді дегенге сенгендер де көп болған. Немістерге қызмет еткені үшін Сталин мен Берия украиндарды да депортацияға ұшыратқысы келген еді, бірақ олар тым көп болғандықтан ғана шамалары келмей қалды, деген Н.Хрущевтің бір сөзінің жаны бар. Неміс идеологиясының қулығына құрық бойламаған ғой. Ол КСРО жеңілгеннен кейін РКСФР-дің Орлов, Тамбов, Саратов облыстарын да Ук­раи­наға қосамыз деп емексітіп қой­ған. Болашақтағы мұндай «олжа» украин­дықтардың Рейхскомиссариатқа қыз­мет етуге деген құлшынысын арттыра түс­кені сөзсіз. Әрине, соғыстан кейін кеңес­тік идеология украиндықтардың неміс оккупациясына соншалық өш­пен­ділікпен қарамағанын жасырып бақты, керісінше, партизандық қозғалысты барынша дәріптеп көрсетті. Сондай-ақ, КСРО-ның Балтық рес­публикалары мен Белоруссия жерінде «Остланд» атты, ал басып алынған Ресей жерінде «Московия» атты германиялық билік жұмыс істеген. Ресей жерінде де немістерге қызмет еткендер миллиондап саналады.   Ал енді мына қызыққа қараңыз. Немістер өздері басып алған Ук­раи­на, Белоруссия және Ресей Федера­циясындағы аумақтарға орналасқан балалар үйлеріндегі 13-14 жасар жас­өс­пірімдерден КСРО-ның тылына тас­тауға диверсанттар даярлаған. Оларды диверсант деп ешкім де күдіктенбейді ғой. Соны білген немістің қу мүйіздері елеусіз диверсанттардың пайдасы көп екенін бірден болжаған. Бұл бала­лардың көбінің ата-аналарын НКВД репрессияға ұшыратқандар екен, сон­дық­тан олар немістерге қызмет етіп, кеңеске қарсы қастандық жасауға өз еріктерімен жазылған. Әкесін 1937-38 жылдары «халық жауы» деп атып тастап, ал шешесін лагерьге әкеткенде 8-9 жаста қалған бала бәрін де біледі емес пе? Оның үстіне әке-шешеңнен бас тарт, басқа фамилияны ал, сөйтсең ғана пионер қатарына аламыз, комсомолға кіргіземіз деп өзінің ең жақын адамдарын құбыжық етіп отырған кеңестік тәрбиешілер мен олардың режіміне деген өшпенділік баланың жас жүрегіне қан болып қатқан ғой. Кеңес өкіметінің әділетсіздігін, жауыздығын үлкендер айтуға қорық­қанымен, мұндай балалар өзара кеңес­кенде бір-біріне сыбырлап айтып отырғаны да анық. Басқаның бәрін жапса да, баланың ауызын жабу қиын. «Жа­маншылыққа үйретеді» дейтін болуы керек, кеңестік балаларды бағу жүйесі олардың үлкен аға-апаларын кішкентай туыстарынан міндетті түрде айырып, бөлек-бөлек әкеткен. Тек тым кішкентайлары ғана өзара бірге болған. Қарындары біршама тоқ болғанымен, жақындарын сағынғанда жүректері қан жылайтын есі кіріп қалған балалар өзара сырласпады, мұңдарын бір-біріне шақпады дейсіз бе? Енді немістер келіп, жылы сөйлеп, жазықсыз әкеңді құртқан, шешеңнен, туыстарыңнан айырған Кеңес өкіметіне қарсы күресуге мүмкіндік береміз дегенде, ондай балалардың алақандарына түкіріп шыға келгені анық. Белгілі деректерге қарағанда, Аб­вердің (немістің әскери барлаушылық қызметі) жас диверсанттарды даярлайтын арнаулы мектебі орталық Германиядағы Кассель қаласынан 70 шақырым жерде, қалың орманның ішіндегі Гемфурт деген мекенде болады. Осында орыс, украин, белорус және т.б. халықтар өкілдерінен жүзден артық баланы КСРО-ның тылында жарылыс­тар жасап, халықты қырып, қорқыту, шошыту, әбігерге салу істерін жасауға дайындайды. Неміс тілін білмейтін балаларға сабақты Юрий Евтухович деген кеңестік сатқын офицер берген. Не нәрсені болсын мұқият жасайтын немістер балалардың жолдорбасына салатын жарылғыш заттарды да көмірдің кесегі тәріздес, қатты, жылтыр қара түсті етіп жасаған. Сондықтан кеңестік жауынгерлер диверсантты ұстап алса да жолдорбадан күдікті ешнәрсе таба алмайтын. Ал көмір кесегін кез келген бала ол уақытта отын ретінде жинап жүретіні анық. Оның үстіне дорбадағы 2-3 кесек тас көмірге бола күдіктеніп, баланы тұтқындау ешкімнің ойына келмеген. Диверсанттар «көмір кесектерін» паровозға салатын тас көмірдің арасына қосып кетуге немесе рельстердің, үйлердің астына тығуға тиісті екен. Көзге ілінбейтін жібін тартып кетсе болды, бала ұзағаннан кейін «көмір» сұрапыл жарылыс жасайды. Осындай диверсанттардың болғаны туралы деректер соңғы жылдары ға­на жариялана бастады. Оған дейін бұ­лар­ға қатысты қылмысты істердің құпия­лық белгісі алынбаған еді. 2007 жы­лы Ресейдің орталық арнасынан «Ди­вер­сант балалар» атты деректі фильм көр­сетілді. Әрине, ресейлік киношылар фи­льмді КСРО-ның мүддесіне сай етіп жасаған. Онда фашистердің жас балаларды да соғыс ісіне жегіп, тағылық әрекетке барғаны жария етіледі. Дерекке сүйеніп жасалған осы фильм бойынша 1943 жылы Ржев, Тула, Курск бағыттарына тасталған алғашқы 25 диверсанттың бірі де немістердің тапсырмасын орындамағаны айтылады. Бұған нану қиын, керісінше, НКВД оларды ұстай алмаған болуы мүмкін. Егер ұстаған болса, КГБ-нің архивінде деректер болар еді. Ал үш бала НКВД-ға өз еркімен берілген. Осы үшеуінің айтуымен ғана СМЕРШ (барлауға қарсы ұйым, атауы орыстың «смерть шпионам» деген сөзінен алынған) Абвердің жас диверсанттарды даярлайтын арнаулы мектебі барын біледі. Жас диверсанттардың 10 адамнан тұратын екінші тобы фашистердің тапсырмасын толығымен орындайды. Солардың арасынан 1928 жылы туған Анатолий Якубов деген ұсталып, 25 жылға сотталған. Бұлардан басқа Украина, Смоленск облысы және Белоруссия жерлеріне барлығы 48 диверсант тасталып, соның 25-і ғана ұсталады. Гемфурт мектебі СМЕРШ жіберген А.Скоробогатов есімді кеңестік жан­сыз­дың күш салуымен 1945 жылы ға­на жойылған. Әрине, бұл уақытта май­дан шебі Германия шекарасынан өткен болатын, сондықтан да мек­тептің қызметкерлері мен түлектері қарсылық көрсетуді қаламаған болулары керек. Алайда, өз еркімен берілген олардың бәрі де кеңестік құрсаудың азабынан құтылмаған. Соның ішінде Ю.Евтухович ату жазасына кесілген. Тіпті, кеңес жеріне келген соң өз еркімен НКВД-ға берілген В.Яковлев секілді жас диверсанттар да 4-5 жылдан арнаулы лагерьлерде болған. Аталмыш фильмді жасаушылардың айтуына қарағанда, диверсанттар өздері туралы соңғы уақыттарға дейін жан адамға тіс жарып айтпаған екен. Осы оқиға белгілі болғаннан кейін ресейліктер олардың сатқындығына шамданып, біршама өрекпіді. Баспасөз беттерінде олардың тірі қалғандарын құрту керек деген әңгімелер де айтылды. Алайда, 13-14 жасар балалардың мұндай қылмысқа не үшін барғандығы туралы бір ауыз сөз жоқ. Міне, мұны да Ұлы Отан соғысының соңғы кезге дейін белгісіз болып келген бір құпиясы деуіміз керек. Жақсыбай САМРАТ,

egemen.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста