Көші-қон және демография

Алматы – кәсіпкерлер қаласы

  • Алматы – кәсіпкерлер қаласы

    Алматы – кәсіпкерлер қаласы

 Алматы қаласында жыл сайын кәсіпкерлер форумы ұйымдастырылып тұрады. Биылғы жылғы кезекті форумда бизнеске «бір терезе» қағидатымен қызмет көрсетуге басымдық беру қажеттігі айтылды. Жиынға «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, сонымен қатар мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастықтық өкілдері қатысып, кәсіпкерліктің төңірегіндегі мезгіл мәселелерін талқылады.


«Алматы – ел бизнесінің талбесігі. Мұнда бизнес өзін қалай сезінсе, ел бойынша сондай жағдай қалыптасады», – деді Тимур Құлыбаев. Оның айтуынша, Алматы «кәсіпкерлер қаласы» деген мәртебеге ие. Себебі мұнда шағын және орта бизнеске ең қолайлы жағдай жасалған. Басқосу барысында Қазақстандағы шағын және орта бизнес өкілдері өндіретін өнімнің 26 пайызы Алматы қаласына тиесілі екені жарияланды. Сонымен қатар биыл Алматыдағы шағын және орта бизнес субъектілері 7,4 пайызға, ал ішкі нарықтағы өсім көрсеткіші 11,7 пайызға ұлғайған. «Орталықтан бастап, әр ауданда кәсіпкерлер үшін ыңғайлы сервис құру керек. Онда кеңес беру ғана емес, монополист компаниялар ұсынатын қызмет түрлері мен жер учаскелерін бөлуге қатысты қызмет көрсету қамтылуы тиіс. Сонда кәсіпкерлер уақыттан, жол шығынынан құтылып, қызмет түрлерін тұрғылықты жерден алу мүмкіндігіне ие болады», – деді Тимур Құлыбаев.


 Өз кезегінде шаһар басшысы Бауыржан Байбек Алматыда кәсіпкерліктің аясын кеңейту бағытындағы жұмыстар үздіксіз жалғаса беретінін баяндап: «Мемлекеттің бизнес, экономика және ел дамуына қатысты кез келген маңызды шешімі «Атамекен» ҚР ҰКП қолдауынсыз іске қосылмайды. Қызу талқылаулар мен пікірталас туып жатады, дегенмен ортақ шешімге келуге тырысамыз, өйткені бұл бизнестің қарқынды дамуына әсер етеді», – деді. Бауыржан Байбектің пікірінше, қала әкімдігі «Атамекен» ҰКП-пен бірнеше бағыт бойынша бірлескен жұмыс атқарып келеді. «Ерекше тоқтала кеткім келетіні, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау және қаланың жаңа шағын аудандарында сауда орындарын құру мақсатында көше саудасын реттеуге басымдық берілуде. «Атамекен» мұндай сауда нүктелердің жалға алу мерзімін 1 жылдан 5 жылға дейін ұзартып, оларды аукцион арқылы жалға беруді ұсынып отыр», – деді қала әкімі. Конференция кезінде Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Бағдат Телебай тасымалдаушы-компаниялар жеке автопарктерді субсидиялау мәселесін жиі көтеретінін айтып: «Палата тиісті жұмыс атқарып, мемлекет субсидиялайтын маршруттардың санын 66-дан 89-ға жеткізді. Мақсатқа жету үшін жергілікті бюджеттен 20 млрд теңге бөлінді», – деді ол. Директордың мәлімдеуінше, қалада заңсыз автотұрақтармен ымырасыз күрес жүргізіліп отыр. Олардың орнына көпдеңгейлі автопаркинг салу көзделген. Жиында сөз сөйлеген машина жасаушылар комитетінің мүшесі Павел Беклемишев алдағы 5 жылда машина жасау саласына серпін беру қажеттігін ұсынды. Бұл сұраққа жауап берген «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов мәселе жақын арада шешілетінін, арнайы жұмыс тобы ізденіп жатқанын жеткізді. Жиында ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытып, оған ауыл тұрғындарын, оның ішінде қыз-келіншектерді тарту мәселесі сөз болды. «Алматы қаласы мен облысы үшін бұл маңызды мәселе. Себебі бұл жерде шағын үлес өте көп, сондықтан кооперацияға басымдық беру қажет. Кооперация жұмыспен қамтуға ғана емес, сапалы өнім өндірісіне, нарыққа кедергісіз шығуға, делдалдарсыз жұмыс істеуге мүмкіндік береді», – деді «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы.


«Алматы-2020»: 7 бағытқа басымдық береді


Алматы қаласын дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын жүзеге асыруға соңғы 2 жылда триллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл жоспарланғаннан 17 пайыз артық көрсеткіш.


Қаланың ресми сайтында жарық көрген есепте 2017 жылға 459,4 миллиард теңге бөлінгені баяндалып, іс жүзінде 538,7 млрд теңге жұмсалғаны жазылды. Неге бұлай деген сұраққа «кейбір іс-шаралар алдағы есептік кезеңнің қаржысына жасалды» деп жауап берілді. Сондай-ақ, осы жерде: «Қаржыландырудың жобасы алдын ала есептеу негізінде құрылды. Сондықтан жұмсалып жатқан қаражат іс барысында дәлме-дәл келмеуі мүмкін» деп нақтыланды. Алайда бұл шығын көлемі әу баста белгіленген қаражаттан асып кетеді деген сөз емес.


Айта кетейік, жобаға қажетті қаржының 523,2 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 573,3 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен, қалған 436,9 млрд теңгесі инвестиция есебінен өтелуі тиіс. 2017 жылы жоспар бойынша бағдарлама 83 мақсатты индикаторды қарастырды. Нәтижесінде 60 мақсатты индикатор бойынша оң нәтижеге қол жеткізілді. Төрт бағыт бойынша жоспар жүзеге аспай қалды. Қалған 16 индикаторға қатысты әзірге нақты мәлімет жоқ.


Алматы – Қазақстанның ірі экономикалық орталығы. Ол аумалы-төкпелі жағдайға қарамастан, бизнес-бастамалар үшін қолайлы орта саналады. Қазіргі таңда Алматы еліміздегі ЖІӨ-нің 20,9 пайызын, салық және салықтық емес түсімнің 32 пайызын және барлық сауда операцияларының 41 пайызын қамтып отыр. Бұған қоса Алматы Батыс Еуропа – Батыс Қытай тасжолындағы ірі логистикалық хаб саналады. Қала елдің сыртқы сауда айналымының шамамен 20 пайызын игереді.


Бізді Алматының 2020 жылғы экономикалық жағдайы қатты қызықтырды. Сондықтан осы мәселеге ерекше назар аудардық. Жоспар бойынша, межелі мерзімде Алматының ЖІӨ 12,5 пайызға өсіп, жергілікті бюджеттегі салықтық және салықтық емес түсім көрсеткіші 26,8 пайызға жетуі тиіс екен. Өңдеуші өнеркәсіптің еңбек өнімділігі жан басына шаққанда 20,9 мың АҚШ долларын еңсеріп, өңір экспорттық үлесі 60 пайызды бағындыруы керек. Ал азық-түлік өнімдері өндірісінің негізгі капиталға салынатын инвестициясы 27,5 пайыздан асуы тиіс. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің үлесі 92 пайызды, бөлшек сауданың нақты көлемі 101,8 пайызды, ал инновациялық-белсенді кәсіпорындар үлесі 15 пайызды құрайтын болады.


«The Economist» баспасы сарапшыларының болжамынша, 2025 жылға қарай Алматы капитал, технология және білікті маман тарту бойынша әлемдегі бәсекеге қабілетті жүз қаланың құрамына енеді.


Алматы қаласын дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы кейбір олқылықтардың орнын толтыруды көздейді. Мақсатқа жету үшін жайлы қала, қауіпсіз қала, әлеуметтік қала, экономикалық тұрақты қала, бизнес пен жеке капиталға арналған қала, интеграцияланған қала, белсенді азаматтар қаласы деген 7 бағытқа басымдық берілген.


Жобаның басты міндеті – Алматыны әлемнің ең озық қалаларының қатарына қосу. Бұл бағыттағы жұмыс жоспарлы түрде жүзеге асуда. Алматыны ең қолайлы мегаполис атандыру үшін дат архитекторы Ян Гейл жобасы іске қосылды. Жоба «Алматы – тұрғындар үшін» деген ұстанымды темірқазық тұтып, сол бойынша нақты әрекетке көшпек.


Динара Мыңжасарқызы 




Көрілген: 5419    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 02.05.2018, 13:50

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31