Ашаршылық болмағанда санымыз 50 миллион болар ма еді?

Ашаршылық болмағанда санымыз 50 миллион болар ма еді?

 Ағымдағы жылдың маусым айында Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Алматы қалалық әкімдігінің ұйымдастыруымен Р.Бердібаев атындағы халық университетінде кезекті дәріс өтті. Бұл жолы дәрісті жазушы, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубаев оқыды. Жазушының «Нәубет жылдар шежіресі: тарих және көркем шындық» тақырыбындағы дәрісінде өзі ұзақ жылдар бойы зерттеп келе жатқан тақырыбы ашаршылық жайлы ой қозғады.Ашаршылық қазақтың басына нәубет әкелгені, ашаршылықтың салдырынан қанша қазақ қырылып, қаншасы шекара асып, басқа жаққа ауып кеткені көпшілкке мәлім. «Ашаршылық – демографиялық апат» дейді жазушы. Осы орайда төменде Смағұл Елубаевтың дерек көздерін сөйлете отырып, қазақтың ашаршылыққа дейінгі және кейінгі жағдайы туралы ойларын, қазіргі кездегі демографиялық ахуалға қатысты пікірілерін қаз қалпында беруді ұйғардық.

– 1897 жылы Ресей империясының халық санағы болды. Сол жерде қазақтың саны тайға таңба басқандай 4 миллион 84 мың адам деп көрсетілген. Тәжік, түркімен, қырғыздардың саны 300 мыңнан төмен болды. Кейбіреуі – 200 мыңдай. Өзбектің саны – 700 мың. Сонда бір қазақтың өзі бүкіл Орта Азия халықтарының тең жартысындай болған. Содан кейінгі деректі тарихшы Александр Чулошников 1921 жылы Орынборда шыққан «Очерки по истории Казак-киргизского народа» деген еңбегінде келтіреді. Кітап – менің қолымда. Автор бұл кітабының алғашқы бетінде-ақ 1911 жылғы статистикаға сүйеніп қазақтың саны 8 миллионнан асатынын жазады. Азамат соғысы жылдарында жарты миллиондай қазақтан айырылдық деген деректер айтылып жүр. Мен оған сенемін. Өйткені 1916 жылы басталып азамат соғысына ұласқан 3-4 жыл қазаққа апат алып келгені белгілі. Қазақтың малын біресе қызылдар, біресе ақтар, одан қалғанын үкіметтің өзі тартып алып отырды. Үкіметтің тартып алғаны – қала халқын, зауыттарды аман сақтау керек болды. Ол жылдары большевиктердің қазаққа жаны ашымады. Социализмге сай емес қазақ қырылса қырыла берсін дегендер болды. Салдарынан 1921-1922 жылдары Ұлы даланы алапат ашаршылық жайлады. 1922 жылы алашордашылар мен Үкіметті басқарып отырған қазақ азаматтарының біріккен үлкен жиыны болды. Осы жиында Мұхтар Әуезов баяндама жасады. Ол «Алашорда партиясының деректері бойынша қырылған қазақтың саны 1 миллион 700 мың, оның 700 мыңы – балалар» деп мәлімдеді. Ол дерек бізге ГПУ хаттамасы арқылы жетті. Содан кейін, өздеріңізге белгілі, қазақты біржола жоюға бағытталған нәубет қазақтың басына 1931-1933 жылдары орнады. 1992 жылы құрыл¬ған комиссия бұл жылдары 2 миллион 300 мың қазақ қырылды деген қорытындыға келді. Енді оған 1921-1922 жылдары қырылған 1 миллион 700 мың кісіні қоссақ, 4 миллион шығады. Азамат соғысы жылдарындағы жарты миллионды қоссаңыз, 4 миллион 500 мың деген нақты дерекке негізделген сұмдық цифр шығады. Осы үш ашаршылық салдарынан жарты халық қырылды. Осындай қиямет-қайым көпірінен өткен халық көзі көрген сұмдықты айтпай тұра алмады. Ал ашаршылық коммунистердің ең сорақы қыл¬мысы болғандықтан, айтқандардың бәрін атып отырды. 25 мың қазақтың атылу себебі содан деп білемін. Соның бәрі сатқындық құрбаны деу халыққа обал. Бүкіл халықты сатқын қылып көрсетуді доғару керек. Одан да сол атылған 25 мың кісі ащы шындықты айтып құрбан болғандар деген дұрыс. Әрине, Голощекинге қызмет істеген Құрамысов сияқтылар да болды. Бірақ түгел қазақ бірін-бірі сатқан жоқ. Ол – қазақ тәрізді текті халыққа жабыл¬ған жала. 1937-1938 жылдары адамды ату үшін ашаршылық туралы бірауыз сөз жеткілікті болатын. Халықтың жартысы қы¬рылған трагедияны көрген көзі ашық адамдар неге үнсіз отыруға тиіс? Олар айтты. Айтамыз деп атылды. Ұсталып, атылғандар басқа республикаларда неге аз болды? Себебі, оларда қазақ сияқты халқының жартысы қырылған жоқ. Халық боп қырылмағаннан кейін оларда қызылдарға деген жалпыхалықтық наразылық та болған жоқ. Ал бізде репрессияның үлкен болуы қарсылық үлкен болуынан. Қолға қару алып зұлымдыққа қарсы шыққан 80 мың адам, яғни 370 көтерілістің болуынан. Сол себепті, тоталитарлық режим қазақтың қаймағын сыпырды. Өйткені ашаршылық тарих алдында компартияны қарабет қылған ең ауыр қылмыс еді. Оны айтқызбауға, жазғызбауға бұл режимнің жан салуы содан еді. Сұрапыл апаттың саяси салдары Ашаршылық атты апаттың саяси салдары да сұмдық болды. Орталық Азиядағы ең көп халық – қазақтар ең аз халыққа айналды. 1937 жылғы санақтың нәтижесін жасырды. Оны жасаған адам¬дарды ұстап, атты, репрессияға ұшыратты. 1939 жылы қайта санақ жасалып, қазақ 2 миллион 300 мың деген дерек келтірді, бірақ 400 мың адамның қолдан қосылғанын тарихшылар айтып отыр. Ендеше, 1937 жылғы қазақ саны 1 миллион 900 мың адам болғаны көрініп тұр. Осы деректі бір құжатта өз көзіммен көргенім бар. Сөйтіп, Қазақстандағы қазақ саны тың игеруден кейін 29 пайызға түсті. Бұған қызыл империя керемет қуанды. Олардың бір өкініші – қазақ деген халықты біржола құрта алмағаны. Мақсат жою болған. Неге десеңіз, Ресей империясы сонау І Петр заманынан бастап Орталық Азияны, ары қарай Үндістанды жаулап алуды армандады. Империяның сол арманына Орталық Азияда қазақтар қару ұстап қарсы тұрды. Олар орыс басқыншыларын қазақ даласына жібермеді. Әбілхайыр хан күллі ғұмырын ат жалында өткізді. Сол үшін империя қазаққа өшікті. Сол өшпенділікті іске асырған Қызыл империя болды. Әйтпесе, 1953-1954 жылдардағы тың иегеру кезінде неге сыртта жүрген 1 миллион қазақты Қазақстанға шақырмады? Керісінше 2 миллион славян халықтары өкілдерін шақырды. Бұл Хрущев басқарған компартияның шовинистік саясаты деп білеміз. Қазақ санын көбейтпей, бұл халықты біржолата тұқырту, үлкен билікке араластырмай, тілін, дінін, санасын тұқырту керек болды. Халықтың өзін жоя алмағаннан кейін, оның рухын жою керек болды. Рухын жою үшін олардың санын көбейтпеу керек еді. Оның мектебін, балабақшасын, оқу жүйесін қыспаққа алды. 1990 жылдарға таман Қызыл империя осы мақсатына жетуге таяған. Демографиялық апаттың саяси салдарының бірі мынадан көрінді. Автономия құрылған 1920 жыл мен 1960 жылдар аралығындағы 40 жыл ішінде Қазақстанды он бес басшы басқарыпты. Соның жалғыз Шаяхметовтен басқа он төрті Кремльдің қызыл комиссарлары болды. Өйткені қазаққа сенбеді. Алматыда қазақтың санын 17 пайыздан асырмау керек деген жасырын нұсқау болды деп айтады, рас болар, ол кезде өз астанамыз өзіміз үшін жабық қала болатын. Көбейсе күшейіп кетеді деген болуы керек, қазақтарды тіркеуге тұрғызбайтын. Хрущев қазақтың жерін тар¬тып алуға кірісті. Ол Маңғыстауды – Түркіменстанға, бес облысты – Ресейге, Оңтүстік Қазақстанның мақталы аудандарын Өзбекстанға беріп, Қазақстанды біржола географиялық картадан өшіруді көздеді. Өйткені көзі ашық, рухы биік қазақтар империя үшін қауіпті болды. Қараңыз, қазақтар бірінші болып Қазақстанда 1918 жылы Алашорда автономиясын жариялады. Бірінші болып Орталық Азияда – Қоқанда автономия құрған да – қазақ зиялылары. Сондықтан империя қазақ зиялыларымен есеп айырғысы келді. Оларды 1937-1938 жылдары тізіп қойып атқаны – қазақтың мықтылығынан. Олар мықты болғаны үшін оққа байланды. Орталық Азияға 300 жыл бойы Ресейді жібермей ұстап тұрғаны үшін де қазақтарды ақыры 20-30 жылдары Қызыл империя қырып тынды. Хрущев өзі басқарған сегіз-тоғыз жыл ішінде Қазақстанды тарата алмай қалды. Мақсатына жете алмай қалды. Біз Дінмұхамед Қонаев, Жұмабек Тәшенов сияқты жанкешті азаматтардың арқасында аман қалдық. Ол кісілерді ұлықтау ешқашан тоқ¬тамауы керек! Әсіресе, Тәшенов отқа түсті, ажалға қарсы шапты. Оның артында Қонаев тұрды. Осы екі тұлға Қазақстанды бөлшектетпей, 1962 жылға дейін аман алып келді. Мінеки, ашаршылықтың, яғни Қазақстанда қазақтың азшылыққа айналуының саяси салдарлары дегенде осы оқиғалар еске түседі. Кеңес Одағы өз саясатының құрбаны болды Алматыда қазақтың санын 17 пайыздан асырмау керек деген жасырын нұсқау болды деп ай-тады, рас болар, ол кезде өз астанамыз өзіміз үшін жабық қала болатын. Көбейсе күшейіп кетеді деген болуы керек, қазақтарды тіркеуге тұрғызбайтын. Қазақ зия-лылары империяны қатты шошытса керек. Қазақта, расында, патшалық Ресей кезінде жауынгер, ал кеңестік империя уағында мықты интеллигенция болды. «Бір күн аш болған адамнан қырық күн ақыл сұрама» деген сөз бар. Ал бір жыл аш болған халықтың жайы қалай болмақ? Демек, 1932-1933 жылдардағы ашаршылық қазақтың санасын 40 жылға шегерді деп білеміз. Ашаршылық тек қана демогра-фиялық емес, психологиялық та апат ала келді. Ең қиыны осы еді. Тірі қалған 1 миллион 900 мың қазақтың енді халық болып қалуы қиындады. Өйткені ұлт санасы психологиялық апатқа ұшыраған еді. Біздің әке-шешелеріміз «Дастарқанда нан тұрса болды» деп, шүкіршілікпен өмірін өткізді. Өйткені біз адамның етін адам жеген сұмдықты көрген, адам тышқан теріп кеткен заманды көрген халық болдық. Халықтың тілі, діні, тарихи санасы, со¬лардың салдарынан ең қиыны ұлттық намысы жоғала бастады. Қазақ орыстана бастады. Халық ретінде жойылуға беттеді. «Тоқтаңдар, қайда барасыңдар?» дейтін адам болмады. «Жас тұлпар» айтып еді, оны тобықтан қағып омақастырды. Қалғанымыз тәуелсіздік, азаттық туралы жұмған ауызымызды ашпадық. Керісінше, қазақтың тілін құртып орыстілді кеңес халқы боламыз деп компартияның сойылын соғып ұрандатумен болдық. Кеңес Одағы осындай екіжүзді саясат жүргізді. Бүкіл халықтардың тілін жойып, түгел орыс қылу саясатын жүргізді. Егер Кеңес үкіметі әр республиканың, әр ұлттың тілін, дінін сақтауға күш салса, қудаламаса, Кеңес Одағы өмір сүре беруі мүмкін еді. Ол өзінің империялық саясатының құрбаны болды. Көші-қон министрлігі қажет


Ашаршылық әкелген демографиялық апат салдарынан енді аман шығудың жолы қандай?


Соның орнын қалай толтырамыз? Біріншіден, шетелдегі 5 миллион қазақты елге қайтаруға күш салу керек. Көші-қон саясаты ерекше серпін алуға тиіс. Тікелей осы мәселемен айналысатын Көші-қон министрлігі керек. Шетелден Қазақстанға қандастарымызды жеке ақшасына көшіріп әкелетін кәсіпкерлерге берілетін «Нұрлы көш» атты алтын орден тағайындау керек. Ондай көші-қонмен айналысатын кәсіпкерлерге жеңілдік жасау керек. Қазіргі «Отандастар» қоры мен Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы барлық шетелдегі қазақтардың тізімін жасап, мекенжайын анық¬тап, солармен тікелей байланыс орнатып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл бір үлкен мемлекеттік бағдарламаға ұласуы тиіс. Біз сияқты бір ғасырда жарты халқынан айырылған халық әлемде жоқ. Ендеше көші-қон саясатымыз да соған лайықты болуы шарт. Сыртта жүрген қандастарымызды қайтармасақ, мынау азғантай халықпен әлемдегі 9-орын алатын кең жерді ұстап тұру қиын болады. Қандастарымызды атамекенге қайтару – Қазақстан үшін тікелей ұлттық қауіпсіздік мәселесі, тәуелсіздік тағдыры. Халқың аз болса үлкен саяси ойындарда ұтыласың да отырасың. Демек, қандастарымызды елге қайтару бірінші кезектегі мемлекеттік саясат болуы керек. Қазақ жастары қазірдің өзінде қытайланып, орыстанып, өзбектеніп жатыр. Олар өз ана тілін ұмытып жатыр. Солармен тікелей байланысқа шығу керек.

Демографиялық апаттың орнын толтырудың тағы бір жолы – көпбалалы аналарды қолдау. Бұл бәрімізге белгілі жайт. Бірақ осы мәселені кешегі бес бала отқа оранып өлгенше қолға алмадық. Бұл – біздің үкіметтің шалалығы. Әйелдер үшін бала туу проблема болмауы керек еді. Бала туса жағдайы жақсаратынына кез келген әйел сенімді болуы керек еді. Алматыда тұрған біз кезінде екі баладан артық бала өсіре алмадық. Өйткені асырай алмаймыз деп қорықтық. Көбейгіміз келсе, осындай қорқыныш ендігі жерде жас ата-аналар арасында болмауы керек. Ол үшін мемлекет әрбір балаға қамқорлық тәртібін реттеуі керек. Үкімет әлеуметтік қолдауды бүгінде жақсы қарқынмен қолға алды. Бұған да шүкір. Бірақ бұл үдеріс бәсеңсіп қалмауы керек. Керісінше үдей түсуі керек. Біріккен Араб Әмірлігінде әрбір туған баланың есепшотына 15 мың доллар аударылады. Жеткізе білсек, біздің байлығымыз жетеді. Ендеше, Қазақстанда әрбір өмірге келген бала алтынмен бағалануы керек. Егер мемлекет қамқорлығына шындап алатын болса, онда әрбір жас ата-ана өмірге келетін екінші, үшінші, төртінші балалар үшін қорықпас еді. Қазақстан тәрізді жері кең, елі аз мемлекет, керек десеңіз, бала тууға бәйге жариялауы керек деп білемін. Әлеуметтік мәселе түбегейлі шешілмей, бала туу саны артпасы анық.

Тарихта қазақтардың патриотығы, жауынгерлігі жойқын болды. Рухани тұрғыдан да мықты болды. Осыны байқаған ХХ ғасырдың ұлы тарихшысы Арнольд Тойнби әйгілі «Постижение истории» кітабында «Орта ғасырларда, яғни Бабыр заманында өркениеттің бүлкілдеген күретамыры Орталық Азия болды. Күндердің күнінде осы Орталық Азияның теріскей бетіне сол дәуірлеу қайтып келеді» деген ой айтып кетті. Бұл ойды ағылшын тарихшысы айтқан кезде – өткен ғасырдың 60-жылдары әлем картасында Қазақстан атты мемлекет жоқ болатын, Кеңес Одағы гүрілдеп тұрған кез еді. Ендеше, бұл сәуегейлікті данышпан неге сүйеніп айтқаны бір Аллаға аян. Кемең¬гердің айтқаны келіп Орталық Азия теріскейінде, яғни Қазақстанда дәуірлеу басталғай деп тілейік! Таяуда Қазақстан бәсекелестік рейтингі жөнінен әлемдегі 200 ел ішінен 34-орынға көтерілді. Ресей мен Түркия артта қалды. Қазақстанның алдында үш-төрт рейтингі жоғары Жапония мен Франция тұр. Бұл да болса, бүгінгі күн шындығы. Шүкір деуге лайықты шындық. Өткен ғасырда жаһаннамды көрген қазақ, жаңа ғасырда жәннатты көрсе несі айып? Қазақ соған лайықты халық дегіміз келеді. Қазірдің өзінде қазақ жастары әлем көгін¬де қазақтың жұлдызын жаға бастады. Әсіресе, мәдениет пен спорт майданында. Қазақтың тектілігі емей не?! Өз басым қазақ деген халықтың болашағына сенемін. Қазақстанның болашағына сенемін. Біз бақытты өмір сүруге, ендігі жерде түсіп кеткен еңсемізді көтеріп жүруге лайықты халықпыз, ағайын! Біз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Орталық Азия барысы болуға ұмылдық. Ол меже бүгінде артта қалғандай. Ендігі жерде бізге Азия жолбарысы болуға ұмтылу керек, ағайын!

on.kz

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста