Көші-қон және демография

Бәсекеге қабілеттілік кәсіпкерліктің дамуымен өлшенеді

  • Бәсекеге қабілеттілік кәсіпкерліктің дамуымен өлшенеді

    Бәсекеге қабілеттілік кәсіпкерліктің дамуымен өлшенеді

 Кәсіпкерлік ел дамуына салмақты үлес қосатын күшке айналғанда ел экономикасының өркендейтіні анық. Дамыған, өркендеген Батыс мемлекеттерінде бизнес экономиканың 70-80 пайызын құрайды. Яғни, бұл саладан түскен табыс та қомақты, жұмыспен қамтылушылар саны да біршама жоғары. Бүгінде елімізде кәсіпкерліктің тынысын кеңейту бағытында түрлі бағдарлама қабылданып, тиімді жобалар жүзеге асуда. Олардың нәтижесі де жоқ емес. Мәліметтерге сүйенсек, кәсіпкерлік нысандарының саны бұрнағы жылдармен салыстырғанда едәуір көбейген. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында тәуекелге бел буып, өз ісін ашып жатқандар саны артқан. Ал олар көбінесе «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының тиімділігін пайдалануда.


ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтың айтуынша, осы жылдың алты айында 37 мың кәсіпкерге қызмет көрсетілген. «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы кәсіпкерлікке ден қойып жатқан азаматтар санының өсіп, қаржыландыру тетіктері іске қосылып, кәсіп бастаған немесе іс басындағы кәсіпкерлердің біліктілігі жетіле түскен.


«2014 жылдан бастап «Атамекен» ҰКП «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 4-ші бағытының операторы болып мемлекеттік тапсырыс арқылы тағайындалды. Осы жылдар ішінде 200 мыңнан астам жұмысын жаңадан бастаған және іс басындағы кәсіпкерлер тиісті деңгейде ақпараттық көмек алды. 12 мың адам «Іскерлік байланыс» және «Бизнес-мектеп» жобасы бойынша білім алды. Тағы сегіз бағыт бойынша 61 тегін қызмет көрсетілді. 11 шетелдік маман өндіріс ошақтарында тікелей консультациялар жүргізді», – деді А.Мырзахметов.


Нақты айтсақ, 7600 жаңа кәсіпорын ашылып, 11 мыңға жуық жобаның аяққа тұруына осы 4-ші бағдарлама арқылы қолдау көрсетілген. Әрине бұл бағдарламаның кәсіпкерлерге керектігін, оның әлеуетінің қуаттылығын көрсетеді. Бір қуантарлығы, бизнес-процесті оңтайландыру үшін онлай-тұғырнама іске қосылды. Осы жаңа жүйенің арқасында 1 мыңнан астам кәсіпкер қызмет түрін үйінде немесе кеңседе отырып пайдаланып келеді.


«15 маусымнан бастап Астана толықтай автоматтандырылып, онлайнға көшті. Сонымен қатар, біз аймақтарда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды ескеріп, кәсіпкерлердің өтініші бойынша автоматтандыруды онлайн түрінде алу мүмкіндігін қарастырдық. Оның үстіне жоғарыда айтылған 8 бағыттың үшеуін келіп алса, бесеуін онлайн жүйесінде ала алады. Қазір барлық облыстар тізім бойынша интернетпен қамтамасыз етіліп жатқандықтан облыс орталықтарындағы кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталықтары онлайнға көшеді, 1 қаңтардан бастап аудан орталықтары мен моноқалалардағы 189 кәсіпкерлікті қолдау орталықтарымен интернет арқылы байланыс орнатылады», – деп тәптіштеді ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов.


Осылайша, «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы өз нәтижесін көрсетіп отыр. Еліміздегі 12 мыңға жуық кәсіпкер осы бағдарламаның қаржылай және ақпараттық қолдауына ие. Алайда бағдарламаның жүзеге асуына қолбайлау болатын түйткілдер де жеткілікті. Соның бірі – несие алу жүйесі. 2017 жылдан бастап қаражат бөлу 3 жылдық жоба аясында қарастырылуда. Кейбір өңірде сұраныстың көптігінен қаржы тапшылығы байқалып отыр. 14 облыстың 11-і жергілікті мәслихаттар арқылы мәселені реттеп, кәсіпкерлерге қолдау білдірсе, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақмола облыстарында бұл мәселе кешеуілдеп келеді. Әрине, бұған жергілікті облыс әкімдіктері көңіл бөлгені абзал.


Бағдарламада өзгеріс бар


Үкіметтің қаулысымен «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті дамыту мен қолдаудың бірыңғай бағдарламасына өзгерістер енгізілгені мәлім. Бұл өзгерістер мемлекеттің қолдауына қол жеткізе алатын кәсіпкерлер санын арттыра түспек. Осылайша, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында және өңірлердегі бизнесті дамытуға бюджет қаржысының жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін Бағдарламадан ірі кәсіпкерлік субъектілері алынып тасталды.


Бұдан былай шағын жобалардың несиесіне субсидия беруде шешімді «Даму» қоры қабылдайды. 180 млн теңгеден аспайтын несиелерді Қор 5 жұмыс күні ішінде қарастырса, 180 млн теңгеден астам несиелер бойынша шешімді бірыңғай бағдарламаның Өңірлік үйлестірушісі 21 жұмыс күні ішінде қабылдайды. Кепілдендіру құралы бойынша қолданылып келген дәл осындай әдіс шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсетуде өте тиімді екенін көрсетті.


Кепілдікті тоқтату шарттарына қойылатын талаптар да жеңілдеді. Ол бойынша енді несие 100 пайыз мақсатты түрде жұмсалмаған жағдайда ғана кепілдік беру тоқтайды. Сондай-ақ, бір кәсіпкердің қолына тиетін несие субсидиясының сомасына да өзгеріс енді. Ол 4,5 млрд теңгеден 2,5 млрд теңгеге дейін азайды. Дегенмен, несие мөлшерлемесін субсидиялау мерзімі бұрын үш жыл болса, қазір ұзартусыз бес жылға өзгерді. Берілетін кепілдеменің мерзіміне шек қойылмайтын болғандықтан, енді кепілдік мерзімі несие мерзімінен аспайды.


Сонымен қатар, бағдарлама бойынша субсидияланатын немесе кепілдік берілетін несиенің тұрақты бекітілген максималды мөлшерлемесінің орнына өзгермелі мөлшерлеме енгізілді. Субсидия Қазақстан Ұлттық банкі бекіткен базалық сыйақы мөлшерлемесінен аспайтын және 5 пайызға ұлғайтылған номиналды сыйақы мөлшерлерлемесі бар несиелерге беріледі. Оның 30-50 пайызын үкімет саласына қарай субсидиялайды, айырмасын кәсіпкер өзі төлейді. Кепілдік шарт бойынша өзгермелі сыйақы мөлшерлемесі бұрынғы кесте бойынша, яғни ҚР ҰБ базалық ставкасы + 5% деп есептеледі.


Бюджетке төленетін салық көлемінің артуымен байланыстырылатын тиімділік критериі де алынып тасталды. Бірыңғай бағдарламаға қатысу шартына сәйкес, кірісті арттыру мен жаңа жұмыс орнын ашу талаптарына сай келсе болғаны. Бағдарламаның бұрынғы редакциясында жоғарыда аталған талаптармен қатар, оң шешім алғаннан соң екі жыл өткен соң салық түсімін 10 пайызға арттыру да талап етілетін. Бұл – көп кәсіпкер үшін кедергі еді. Бір айта кетерлігі, айналым қаражатын толықтыруға бағытталған несиелерге тиімділік критериі талап етілмейді.


Қонақ үй немесе қонақ үй кешендерін сатып алу бағытында жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын талаптар да ыңғайлы бола түсті. Бұл қызмет түрі жобаларды субсидиялауды және несиеге кепілдік беруді мақұлдау кезінде Бағдарламаның шектеу қойылатын критерийлері тізімінен алынып тасталды. 2017 жылы 2 287 жоба субсидияланып, төленген субсидия 36,13 млрд теңгені құрады. 1 065 кәсіпкер 38 млрд теңгенің несиесі бойынша кепілдік алды. Кепілдіктің жалпы көлемі – 15 млрд теңге.


Бір айта кетерлігі, мемлекеттік бағдарламада экономиканы әртараптандыру мен бәсекеге қабілеттілікті арттыру көзделген. Бұл ретте экономиканың экспортқа бағдарланған дәстүрлі секторларындағы ұлттық холдингтер, отын-энергетика кешенінің және металлургия өнеркәсібінің жүйе құраушы компаниялары ірі инвестициялық жобаларды іске асырады.


Ата Заңға сай, әркімнің кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне, өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға құқығы бар. Осының негізінде әрбір азамат өзінің бизнесін кез келген уақытта ашып, мемлекет қолдауына ие бола алады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасына» бөлінген 20 млрд теңгенің 14 млрды ауылдарға беріледі. Осының өзі ауылдықтар үшін зор көмек. Елбасы тапсырмасына орай, Үкімет «нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын» қарқынды іске асыруда. Қазірдің өзінде қай ауылда болсын «Бастау Бизнес» бағдарламасымен бір ай ақысыз оқып, несие алғандар және кәсібінің нәсібін көріп жатқандардың қатары көбеюде. Бәсекеге қабілеттілік негізі кәсіпкерліктің дамуымен өлшенетіні белгілі. Өйткені экономиканың басты қозғаушы күші – шағын және орта кәсіпкерлік.


Шағын және орта кәсіпкерлік халық шаруашылығын дамытуға, әлеуметтік түйткілдерді шешуге, жұмыспен қамтылған қызметкерлер санын ұлғайтуға айтарлықтай әсер етеді. Жұмыс істейтіндердің саны бойынша, өндірілетін және сатылатын тауарлардың, орындалатын жұмыстар мен қызметтердің көлемі бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жекелеген облыстарда жетекші рөл атқарады. Сондықтан кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мәселесі қазіргі уақытта өте өзекті болып табылады. Қалыптасқан жағдайда мемлекет пен бизнестің әріптестігі негізінде кәсіпкерлік қаржылай және қаржылай емес қолдаудың экономиканың экспортқа бағдарланған шикізат емес секторларын дамытуды ынталандыруға бағытталған саясатын қайта қарау талап етіледі.


Әлемдік тәжірибе қандай?


Әлемдік тәжірибе нарықтық экономикасы дамыған елдерде шағын және орта кәсіпкерлікке мемлекеттің барынша қолдау жасайтынын айғақтайды. Германияда кредит берудің мынадай жеңілдікті шарттары көзделген: төмен пайыздық ставка (әдетте, кредит берудің бүкіл мерзіміне); кредит берудің ұзақ мерзімі (көбінесе 10 жыл, оның үстіне кәсіпорын кем дегенде алғашқы екі жылда кез келген төлемдерден босатылады); алынған сомаларды кез келген уақытта қайтару мүмкіндігі (көпшілік жағдайда қосымша төлемдерсіз);


үлестік қаржыландыру. Мысалы, мемлекет қаражаты есебінен инвестициялық жобаның белгілі бір бөлігіне ғана қолданылады, мысалы 50 пайыз. Қалған жағдайда жоба инвестордың өз қаражаты немесе басқа қарыз қаражаты есебінен қаржыландырылуы тиіс.


«Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл осындай шешімді 6 қостанайлық кәсіпкер қабылдады. Олардың барлығы жаңа байланыс орнатып, шетелдік серіктес табу мақсатында шетелден тегін тағылымдамадан өтуге мүмкіндігі бар. Жоба екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – сала бойынша оқыту, екінші кезең – іскерлік байланысты орнату үшін шетелден тағылымдамадан өтуді көздейді.


Шағын және орта кәсіпорындарды қолдау үшін Сингапурда бүкіл елге ортақ Sprind агенттігі құрылған. Ол кәсіпкерлерге көмек көрсетудің 100-ге жуық әртүрлі бағдарламасын жүзеге асырады. Өз бизнесін жаңа бастап жатқан шағын және орта кәсіпорындарға ғана ерекше жеңілдіктер беріледі. Сингапурда шағын және орта бизнес кәсіпорындарына жеңілдікпен кредит берудің әртүрлі бағдарламалары әзірленіп, енгізілген. Бұл арнайы қарыздар беру, кредиттерді сақтандыру және субсидиялар бөлу.


 


Мамандар елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін оңтайландыру керек деп есептейді. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналға мемлекеттік бағдарламасы» аясында кәсіпорындар жанынан оқу орталықтарын ашып, қысқа мерзімді оқыту тәжірибесін ұйымдастыру қолға алынуда. Ол үшін мемлекеттік тапсырыс аясында мамандар дайындауға жыл сайын 107 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаржы діттеген мақсатына жетіп, кәсіп көзін ашам дегендерге көмегін тигізсе, құба-құп.



Айым Нұр


Көрілген: 1052    Пікірлер: 0

сейсенбі, 25.09.2018, 10:26

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30