Көші-қон және демография

Екібастұзға қоныс аударған 203 отбасы баспаналы болды

  • Екібастұзға  қоныс аударған 203 отбасы баспаналы болды

    Екібастұзға қоныс аударған 203 отбасы баспаналы болды

 Ең алғаш еліміздің астанасы Алматыдан Сарыарқа төсіне көшкенде елордаға еліміздің түкпір түкпірінен қоныс аударушылар да көбейген еді. Өйткені жаңа астанада жұмыс орындары көптеп ашылды, қала кеңейіп, күннен күнге көркейді, халық саны өсті. Қала тұрғындарының саны әлі де күн санап көбеюде. Осы уақытқа дейін еліміздегі жұмыс күші артық қалалардың тізімінде Алматы облысы, Түркістан облысы, Маңғыстау, Жамбыл, Қызылорда облыстары болған еді. Биыл аталған өңірлердің қатарын Нұр-Сұлтан қаласы толықтырды. Осы орайда мемлекет «Нұрлы Ертіс» пилоттық жобасын қолға алып, мамыр айынан бастап Елордадан Павлодар облысына ерікті түрде қоныс аударғысы келетіндерді көшіре бастады.


Осыдан 10 жылдай бұрын жаңадан отбасын құрған Қайрат пен Әлия Сағымбаевтар да Шығыс Қазақстаннан бұрынғы Астана, қазірі Нұр-Сұлтан қаласына қоныс аударған болатын. Қайраттың мамандығы балалар дәрігері, ал Әлия сән саласында жұмыс істейді. Олар осы уақытқа дейін жалдамалы пәтерде тұрды. Үш балалы отбасы «Нұрлы Ертіс» жобасы аясында жақында ғана Екібастұзға қоныс аударды. Көшіп барысымен оларға жалдамалы тұрғын үй, яғни 3 бөлмелі пәтер берілді. Отағасы бірден жергілікті ауруханаға жұмысқа орналастырылды. Ал Әлия болашақта сән саласында өзінің кіші-гірім кәсібін бастауға ниеттеніп отыр. Ең маңыздысы Сағымбаевтардың мектеп жасындағы екі баласы бірден мектепке қабылданды, олардың мектепте тамақтануы, қоғамдық көлікте жүру тегін. 2 жастағы кіші балалары бала-бақшаға орналастырылды. Жаңа орынға қоныс тепкен отбасының айтуынша, Павлодар облысында көшіп келушілерге жайлы өмір сүруге барынша жағдай жасалған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2019 жылдың мамыр айынан бүгінгі күнге дейін Нұр-Сұлтаннан Екібастұзға 203 отбасы немесе 1 мың 169 адам көшіп барған. Ел астанасынан Екібастұзға қоныс аударған 203 отбасының 122-сі - 3 бөлмелі пәтерге, 69 отбасы - 2 бөлмелі пәтерге, 12 отбасы - 1 бөлмелі пәтерге жайғастырылды.
Елімізде өңірлердің дамуы әрқалай екенін ескерсек, бұл бағдарламаның маңыздылығын түсінеміз. Сондай-ақ қазіргі жаһандану заманында жұрттың бәрі жайлы өмір мен қолайлы жұмыс іздеп, ауыл-аймақты иен тастап, қалаға қарай ағылып жатқанда ішкі көші-қонды реттеу, көшті қажетті бағытқа бұру аса маңызды.
Елордамыздың еңсесі көтерілгені, көркейгені жақсы, әрине. Өйткені Нұр-Сұлтан Қазақстанның бет-бейнесі деуге болады. Алайда астана тұрғындарының тым көбеюі қаланың инфрақұрылымына ауыр салмақ дейді мамандар. ҚР Ұлттық экономика минис¬трлігі Статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, 2018 жылы Астанаға 114354 адам көшіп келген, ал көшіп кеткендер саны – 91649 адам, бір жылдағы көші-қон айырмасы 22705 адам. Бас қалада жыл сайын 30 мыңға жуық сәби дүниеге келеді екен. Өткен жылдың өзінде Астана тұрғындары 50 мың адамға көбейген. Қала әкімдігінің дерегі бойынша, соңғы 7 жылда елордада оқушы саны 2 есеге көбейіп, жыл са¬йын мектепке баратын оқушылар саны орташа есеппен 15-18 мыңнан асқан. Қазір астанада 100-ге жуық балабақша, 100-ден аса мектеп бар. Қала басшылығы білім беру, денсаулық сақтау саласына басымдық беріп, мектеп, балабақша, емханаларды жыл сайын көбейткенімен (2018 жылы 4 мектеп салынған), әлі де жетіспей жатыр. Жаңа оқу маусымы басталған кезде, мектепке бала сыймай, ұстаздар әбігерге түссе, ата-¬аналардың баласын мектепке кіргізе алмай дал болуы – соның дәлелі.

«Нұрлы-Ертіс» жобасы нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Бұл бағдарлама азаматтарды жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге көшіруді көздейді.

Бағдарламаны жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан келесі шарттар орындалады: қоныс аударушыға 35 АЕК немесе отбасының әрбір мүшесіне 88 мың теңге мөлшерінде ай сайынғы субсидия төленеді; қалалық аудандарда тұрғын үйді жалға алу шығыны өтеледі (75 мың теңгеге) дейін (30 АЕК) және ауылдық жерлерде отбасы мүшелерінің санына байланысты 53 мың теңге жәрдемақы (21 АЕК) беріледі; кемінде 5 адамның жұмысқа орналасуына ықпал еткен жұмыс берушілерге 450 АЕК немесе 1 млн 136 мың теңге көлемінде субсидия беріледі; мемлекеттік бағдарламаның қатысушыларына жаңа бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін, қажетті құралдары мен техникасын, малдары мен құстарын сатып алуы үшін 200 АЕК-ке дейін қаражат бөлінеді; арнайы білімі жоқ қоныс аударушылар өз қалауы бойынша техникалық және кәсіптік білім алуына жағдай жасалып, олар қысқа мерзімді курстарды тегін оқи алады. Арнайы курстан өткендердің жұмысқа орналасуына көмек беріледі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігінің жұмыспен қамту департаментінің басқарма басшысы Айжан Жапалбаеваның айтуынша, халық көп шоғырланған аймақтардан азаматтарды ерікті түрде қоныс аударуға ынталандырудағы мақсат - жұмыс күші тапшы өңірлерді қажетті мамандармен қамтамасыз ету. Сонымен қатар өңірлік сәйкессіздіктерді реттеп, демографиялық теңгерімсіздікті жою. Солтүстік өңірлерге, нақтырақ айтқанда СҚО, ШҚО, Павлодар және Қостанай облыстарына ерікті түрде қоныс аударуға Қызылорда, Маңғыстау, Алматы, Түркістан, Жамбыл, облыстарының және Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларының тұрғындары қатысуына болады.
Министрлік келтірген дерекке сәйкес, 2019 жылдың 8 айында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында еңбек күші тапшы аймақтардан 1 мың 650 отбасы немесе 5 мың 918 адам Солтүстік өңірлерге қоныс аударған.

Алаш айнасы




Көрілген: 968    Пікірлер: 0

бейсенбі, 22.08.2019, 22:44

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31