Көші-қон және демография

Елордадан Екібастұзға көшкендер баспаналы болды

  • Елордадан Екібастұзға көшкендер баспаналы болды

    Елордадан Екібастұзға көшкендер баспаналы болды

Бүгіне Елорданың тұрғын үй қоры «Бақытты отбасы», «Нұрлы Ертіс» және «Еңбек» қолжетімді тұрғын үй бағдарламаларын жүзеге асыруда. Соның ішінде «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуға мыңнан астам көпбалалы және аз қамтылған отбасы өтініш берген.Бағдарлама бо­­­­йынша тұрғын үй алуға жол­дама алу үшін өтініштер қа­былдау жалғасып жатыр.

 
«Мамыр айынан бері бас қаладан Екібастұзға 54 көпбалалы отбасы, барлығы 337 адам көшті. Оларға үш бөлмелі пәтерлер берілді. Бүгін тағы 10 отбасыны, отбасылар мүшелерін барлығын қосқанда 59 адамды қабылдап, аттанғалы отырмыз. Олар да пəтермен қамтылады. Бұл отбасылардың жұмысқа жарамды азаматтарына жұмыс ұсынылады. Бала-шағасы балабақшалар мен мектептерге орналастырылып, тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Балалар мен отбасының бір ересек мүшесі қоғамдық көлікте тегін жүреді. Балалар спорттық секциялар, əртүрлі үйірмелерге тегін қатыса алады» – деді Екібастұз қаласының Жұмыспен қамту орталығының маманы Айгүл Шабекова.
Бағдарламаға қатысушылар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен 20 жылға дейін жылдық 2 па­йыздық мөлшермен несие ала алады. Несиенің ең жоғары сомасы – 15 млн теңге. Оған мүгедек балаларын тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы немесе толық емес отбасылар қатыса алады. Жоғарыда көрсетілген санаттардың бірі бойынша үміткерлерді елордада тұрғын үй кезегіне қою да міндетті шарт болып табылады. Отбасының бір мүшесінің табысы 42500 теңгеден аспауы тиіс.
Бағдарламаның аясында қазірге дейін Нұр-Сұлтаннан Екібастұз қаласына 105-тен астам астаналық отбасы немесе 500-ден аса адам көшірілді. Оған 3 және одан да көп бала тәрбиелеп отыр­ған отбасылар қатыса алады. Қатысушыларға Екібастұз қаласында айлық төлемі шаршы метріне 99 теңге болатын екі және үш бөлмелі пәтерлер беріледі. Бағдарлама орташа еңбекақысы 120 мың теңгені құрайтын жұмыспен қамтуды көздеп отыр. «Еңбек» бағдарламасына екі және одан да көп балалары бар отбасылар қатыса алады. Оған қатысушылардың тракторшы, бас бухгалтер, механизатор, «Кам­АЗ» жүргізушісі, комбайншы, дәнекерлеуші, аудармашы, малшы, ветеринарлық дәрігер, психолог, сауыншы, зоотехник, нефролог-дәрігер, кардиолог, отоларинголог, онколог, маммолог, зертханашы, медбике, мұғалім мен тәрбиеші мамандықтары бойынша дипломы болуы тиіс. Мұндай білімдері болмаған жағдайда тегін оқу мүмкіндіктері қарастырылған. Бағдарлама Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов атындағы, Мағжан Жұмабаев атындағы, Мамлют аудандарында тұрғын үйлерді ұсынады. Тұрғын үйдің 70-тен 150 шаршы метрге дейінгі көлеміне байланысты жалға алу ақысы 7000 теңгеден 14850 теңгеге дейін өзгереді. Бұған қоса, қоныс аударушыларға отбасының әрбір мүшесіне 88374 теңгеден бір реттік әлеуметтік көмек беріледі.
Астана – еліміздегі ең дамыған қала. Әсемдігімен қоса, әлеуметтік-экономикалық жағдайы да басқа қалалардан көш ілгері екені айтпаса да түсінікті.
1997 жылы елордамыз Ақмолаға көшкенде қазіргі Астананың жан саны үш жүз мыңға жетпейтін, қаланың аумағы да шағын болатын. Ал қазір Арқаның ару қаласына айналған Астананың жан саны бір миллионнан асып түсті. Бұл көрсеткіш Астана қаласының бас жоспарын жасаған жапондық сәулетші Кисе Курокава жетекшілік ететін агенттіктің «Елорда тұрғындарының саны 2010 жылы 490 мың адамға, 2030 жылға қарай 800 мыңға жетеді» деген межесін де шаң қаптырып кетті.
Астананы көшіру стратегия­лық жобасы атқарылғаннан кейін жаңа елорданың барлық саласын дамытуға саяси, экономикалық жағынан басымдық берілді. Әр саланы дамытуға қыр­уар қаржы бөлінді. Бұл Астана тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартып, қаланы өркендетіп қана қоймай, еліміздегі дарындылардың, кәсіпкерлердің, кәсіпке ұмтылған жастардың Астананы бетке алуына басты себеп болды. Халық баса назар аударатын оқу-ағарту, денсаулық сақтау салаларының дамуы да келешегін ойлайтын жастарды, денсау­лығына алаңдайтын қарттарды да елордаға келуге итермеледі.
Жаңадан көркейген қалада кәсіп те көп болатыны белгілі. Әсіресе, жан санының қысқа уақыт ішінде қауырт өсуі Астанадағы сауда сарайлары, асхана, ойын-сауық орындары сияқты салалардың керегесін кеңейтіп, тынысын аша түсті. Сонымен ауылда жұмыссыз жүрген жастар ақша табу үшін елордаға ағылды.

Жалпы Қазақстанда өңірлердің дамуы әрқалай. Қазір қай елде болсын, жаһандану үрдісінің үдеуіне сай, ауыл-қыстақ, елді мекендер иен қалып, қалаға қарай ағылу процесі үзілмейді. Оған мұрындық болған басты нәрсе де адамдардың осы заманғы тұрмыс қолайлылығынан игіліктену қажетінің артқандығы деп айтуға болады.
Нұр-Сұлтан Қазақстанның дамуының басты көрсеткіші іспетті. Ел еңсесі елордадан бастап көтерілетіні де көпке мәлім. Алайда тұрғындар санының күрт көбеюі қаланың инфрақұрылымдарына түсетін салмақты арттырды.
ҚР Ұлттық экономика минис­трлігі Статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, 2018 жылы Астанаға 114354 адам көшіп келген, бұдан көшіп кеткен 91649 адамды шегерсек, бір жыл ішіндегі көші-қон айырмасы 22705 адамды құрайды. Бұған жыл сайын бас қаламызда дүниеге келетін 30 мыңға жуық сәбиді қоссақ, тек өткен жылдың өзінде Астана тұрғындары 50 мың адамға көбейген. Бұл – даму үстіндегі жас қала үшін үлкен салмақ. Мәселен, қала әкімдігінің дерегі бойынша, соңғы 7 жылда елордада оқушы саны 2 есеге көбейіп, жыл са­йын мектепке баратын оқушылар саны орташа есеппен 15-18 мыңнан асқан. Қазір астанада 100-ге жуық балабақша, мемлекеттік жалпы орта білім беру және дербес білім беру ұйымдарын, жеке меншік мектептерін қоса есептегенде 100-ден аса мектеп бар. Қала басшылығы білім беру, денсаулық сақтау саласына басымдық беріп, мектеп, балабақша, емханаларды жыл сайын көбейткенімен (2018 жылы 4 мектеп салынған), әлі де жетіспей жатыр. Жаңа оқу маусымы басталған кезде, мектепке бала сыймай, ұстаздар әбігерге түссе, ата-­аналардың баласын мектепке кіргізе алмай дал болуы – соның дәлелі. Адам көбейген сайын жазатайым туатын істер де молайып, қауіпсіздік мәселесі де алға шықты. Жан басы артып, түтін саны көбейгеннен кейін қала ауасының тазалығына да өз әсерін көрсетіп жатыр.

Кең-байтақ Қазақстан үшін жан басының өскені, қалаларының іргесі кеңейе бергені жақсы. Алайда ірі қалалардағы жан санының қауырт өсуі жоғарыдағыдай мәселелерді де туындатып жатыр. Оған да басты себеп, аудан, ауылдарды дамытуға, елді мекендерді өркендетуге көңіл бөлінбеді. Жұмыссыздық мәселесін шешуге, жас мамандардың кенттерге, ауылдарға барып қызмет істеуі­не жағдай жасалмауы да ауыл әл-ауқатының артқа шегінуіне мұрындық болып отыр. «Нұр Отан» партиясының съезінде бұл мәселелерге де баса назар аударылып, ауыл жағдайын жақсартудың жаңа жобасы жасалды.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысының тапсырмасымен, 7,5 млн ауыл халқының әл-­ауқатын жақсарту мақсатында болашағы бар ауылдардың әлеу­меттік саласын дамытуға ден қойылып, интернаттар құрылмақ. «Біз ауылдарымызды өсім мен орнықты дамудың ошағына айналдыруымыз қажет» деген Елбасы ауылда халық тұтынатын тауарлар өндірісі бойынша бизнесті дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге күш салып, ауылдарда тұрғын үйлер, жолдар салып, коммуникациялар жүргізуге, әлеуметтік нысандар тұрғызуға, шағын және орта бизнесті дамытуға тапсырма берді. Осыған орай, үкіметке «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыру бойынша ұсыныс әзірлеп, оны 2019-2021 жылдары 90 млрд теңге көлемінде қаржыландыруды баса айтты.
Елбасының бұл тапсырмасы отандастарымызға үлкен үміт сыйлады. Әсіресе, кетеуі кеткен ауыл тұрғындары бұл тапсырманы елді мекендерге жаңа тыныс, үлкен өзгеріс әкелетін игі бастама деп бағаласа, «Ауыл – ел бесігі» жобасы жастардың ауылда орнығып қалуына көмектесетін келелі шешім деп біледі.
Сонымен қатар съезде ауылдардан көшкен тұрғындардың үлкен қалалар төңірегіне топтасып, бейберекет құрылыс салып, қаланың төңірегін ығы-жығы үйлермен толтырып тастайтын жағдайды да оңтайландыру жобасы жасалды. Нақтырақ айтқанда, Елбасының тапсырмасымен Астана, Алматы және Шымкент сияқты ірі қалалардың шет аумақтарында қалыптасқан мәселелерді шешу үшін 2019-2021 жылдары қосымша 90 млрд теңге бөлінетін болды. Бұл жоба аталған қалалар іргесінде үздіксіз кеңейіп бара жатқан «лашықтар» шоғырын азайтып, қала төңірегіндегі түйткілді тү­йіндердің үйлесімді шешілуіне оң серпін береді. Астана төңірегіндегі тұрғындар тұрағында кездейсоқ болатын өрт апаты сияқты қауіпсіздік мәселесіне саятын жағдайлардың да азаятыны анық.

Алаш айнасы




Көрілген: 508    Пікірлер: 0

сейсенбі, 30.07.2019, 00:20

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31