Халықтың көшіп-қонуы мемлекеттің даму деңгейін көрсетеді

Халықтың көшіп-қонуы мемлекеттің даму деңгейін көрсетеді

 Тәуелсіздік ұғымының тамыры тереңде, ол ондаған жылдармен емес, ғасырлармен өлшенетін уақыт қойнауында жатыр… Рас, үш мың жылдан асып жығылар тарихы бар ұлан-байтақ даламыз басынан не кешпеді?! Қазақ – қазақ болғалы бұл кеңістік соғысты да, сойқанды да аз көрген жоқ… Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында әлемнің географиялық картасында тәуелсіз ел ретінде пайда болған Қазақстан мемлекеті, сөз жоқ, осынау Ұлы Далада өмір сүрген сол үлкенді-кішілі мемлекеттердің жалғасы!

Міне, осы тәуелсіздігіміздің алға қойған мақсаттарының бірі де бірегейі – сырттағы қандастарымызды елге қайтару болатын. Тәуелсіздікті жариялаған жылдың 31 желтоқсанында-ақ Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ радиосы арқылы алыста жүрген қандастарға арнап, «Алыстағы ағайындарға ақ тілек» атты әйгілі хатын жариялады. Бұл сөзі 1992 жылы 2 қаңтарда «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көріп, әлемнің әр түкпірінде жүрген қазақтарды дүр сілкіндіріп, ұлы көштің атажұртқа қарай бет бұруына серпін бергені де дәл кешегідей көз алдымызда.
Атажұртқа бет түзеген көшке Үкімет қолдан келген көмегін аянып қалмады, үй-жай, жер-мал берді, қаржымен қарасты, жұмысқа орналастырды, қысқасы барымен бөлісті. Бұл ұлы көш туралы Нұрсұлтан Әбішұлы: «Әлемнің әр қиырында өмір сүріп жатқан бауырларымызды атажұртқа оралту бағытында көптен ойымда жүрген арманымды орындаған сәтімді менің өз өмірімдегі ең бақытты кезеңім деп есептеймін. Бұл бір жүрекжарды қуныш, сезімге толы салтанат, азаматтық парыздың салмағын сезінудің шынайы көрінісі болды», – деп ақжарыла ақтарылғаны халқының жадында.
Көші-қон – өз тізгінін өзі қолына алған тәуелсіз ел болғанымызды шын мәнінде әйгілеген бастама болып, елімізде Көші-қон үрдістерін реттейтін тұңғыш рет 1992 жылы 26 маусымда «Көшіп келу туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданды. 1993 жылы 15 сәуірде республика президенті «Көші-қон квотасы және Иран Ислам Рес-публикасынан және басқа мемлекеттерден отандастарымыздың көшіп келуін ұйымдастыру жөніндегі шаралар туралы» қаулыға қол қойды. Ал, 1997 жылы «Халықтың көші-қоны туралы» Заңы қабылданды. Бұл шараларды мемлекет тарапынан бақылау үшін 1997 жылы 8 қарашада Көші-қон және демография жөніндегі агенттік құрылды. Бұл игі бастамалар сол кезде ТМД елдеріне үлгі болған тарихи құжат болды.
Тағы бір маңызды қадам, 1992 жылы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен Дүниежүзі қазақтары қауым-дастығы құрылды. Оның мақсаты – шетелдегі қазақтармен тығыз байланыс орнату, олармен қоян-қолтық жұмыс істеу, көші-қон мәселесі туындаса, жәрдем беру, сол тұрып жатқан елдерде өздерін еркін сезіну үшін қолдан келгенінше көмектесу.
Бұдан өзге, 1997 жылы «2000 жылға дейінгі көші-қон саясатының негізгі бағыттары» туралы қуатты құжаттар жасалды. Аталған құжаттар мен қажырлы істер қазақ көшінің кедергісіз жүруіне құқықтық мүмкіндіктер берумен бірге көші-қонға бөлінетін қаржының көлемі артып, оралмандарды баспанамен қамту мәселесі де айтарлықтай ілгерілеген болатын. Тіпті, тоқсаныншы жылдары шетел қазақтарының Қазақстанға оралуға деген құлшынысы ерекше болғаны соншалықты олар атажұртқа ағылып келіп жатты. Біздің Үкімет тарапынан да айрықша ынта-ықылас бөлінді. Мына жағы Моңғолия, сонау араб елдері мен Түркияға дейін арнайы ұшақтар жіберіп, ағайындарды жүздеп, мыңдап көшіріп әкелді. Нәтижесінде, жыл сайынғы көші-қон квотасының саны жиырма мың отбасына дейін жетті. Этностық көш осы қалпымен тоқтамай жүре бергенде қазіргі оралмандар саны біз айтып жүрген бір миллион емес, одан әлдеқайда көп болатыны анық еді.
Жалпы, соңғы деректермен салыстырып, сырттағы қазақтардың атажұртқа келуін бесжылдықтарға бөліп қарастырсақ, алғашқы бес жылда (1991-1996 ж.ж.) бүгінге дейін келген оралмандардың – 10%, 1997-2001 жылдар аралығында – 8%, 2002-2006 жылдары – 38%, 2007-2001 жылдары – 34%, 2012-2017 жылдары – 10% Қазақстанға қоныстанған екен. Ал, олардың 61,3%-ы Өзбекстаннан, 12,6%-ы ҚХР-дан, 11,5%-ы Моңғолиядан, 7,1%-ы Түркіменстаннан, 3,7%-ы Ресейден, 3,8%-ы өзге елдерден келген.
Елге оралған оралмандардың 56,3%-ы еңбекке қабілетті жаста болса, 39,8%-ы 18-ге толмағандар. Бұл көрсеткіштер сырттан келген қандастарымыздың еліміздің экономикасы мен демографиясына сүбелі үлес қосып отырғанын аңғартса керек. Десек те, соңғы жылдары сырттағы қандастарымыздың көші саябырсыды. Бұған мына көрсеткіштер дәлел бола алады: 2016 жылы – 33 754, 2017 жылы – 18 605, 2018 жылы 14 541 адам тарихи Отанына қоныс аударған.
2019 жылдың 1 сәуір айына дейінгі статистикаға сүйенсек, республика бойынша 1 576 отбасы немесе 2 970 этникалық қазақ қоныс аударып, оралман мәртебесін алған. Қазақстанға келген оралмандардың көпшілігі, яғни 57,6%-ы – Өзбекстаннан келген, сондай-ақ 21,5%-ы Қытайдан, 5,8%-ы – Моңғолиядан, 8,3%-ы Түркіменстаннан, 1,9%-ы – Ресейден және 4,9%-ы – басқа елдерден көшіп келгендерді құрайды.
Оралмандардың өңірлерге қоныстануына келетін болсақ, 24%-ы – Алматы облысына, 9%-ы – Түркістан облысына, 20%-ы – Маңғыстау облысына және Шымкент қаласына – 1,1%-ы қоныстанған. Елге оралған қандастарымыздың 61%-ы – еңбекке қабілетті жастағылар болса, 18 жасқа дейінгілері – 28,5%-ды, зейнеткерлер – 10,5%-ды құрап отыр.
Еңбекке жарамды оралмандардың 16,3%-ның жоғарғы білімі бар болса, 25,2%-ында арнаулы орта білім бар, 53,3%-ның жалпы орта білімі бар азаматтар, ал 5,2%-ның білімі жоқ.
Жалпы, оралман көшінің тоқырауының басты себебі – «Халықтың көші-қоны туралы» заң шеңберінде қабылдануы тиіс, осы бағыттағы жұмыстарды жүргізудің жүйеленген бағдарламасы жоқ. Осыған орай таяуда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбековтің: «Шеттегі қазақтардың саны төрт-бес миллион деп жүрміз. Біз барлығын аралап шықтық. Бір миллион адам елге келеміз деп отыр» дей келіп, бұл орайда тиімді жобалар қолға алынатынын мәлімдеуі көпшіліктің көңіліне жылулық ұялатқандай.
1993 жылдан бері оралмандарға беріліп келе жатқан квота мен қаржылай көмектің 2012-2015 жылдар аралығында тоқтатылуын көштің саябырсуының негізгі себептерінің бірі деп айтқанымыз жөн шығар. Ал, 2015 жылдың қараша айында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойылғаннан кейін жағдай жақсы жағына қарай өзгерді. Осы заң шетелдегі қандастарымыздың елге оралып, Қазақстан азаматтығын алуына жол ашты, көптеген жеңілдіктер жасалды.
Бір сөзбен айтқанда, оралмандар үшін оңтайлы нормалар қарастырылды. Мәселен, этностық қазақтарға қоныстанған өңіріне қарамастан, оралман мәртебесі беріледі және заң бойынша тұрақты тұруға рұқсат алғаннан кейін оралмандарға бірден азаматтық алуға өтініш білдіру құқығы енгізілді. Бүгінде оралмандар Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген түрде, яғни өтініш жазған күнінен бастап үш ай ішінде ала алады. Сонымен бірге, Үкімет айқындаған өңірлерде оралмандарды қоныстандырудың өңірлік квотасы белгіленеді. Квотаға енген оралмандар халықты жұмыспен қамту туралы заңға сәйкес, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушыларға көзделген мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етіледі. Бұрын мұндай қолдау жоқ болатын.
Бүгінгі таңда жеті аймаққа оралмандар мен ішкі көшіп келушілерге квота берілді: Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыс-тары көшіп келушілерді «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қабылдауда. Дәл қазір солтүстік аймақтарға қоныс аударғандарға толық жағдай жасалуда. Мәселен, Қазақстанның азаматтығы, пәтер, квота, мамандығы бойынша қызмет беріледі. Ал тиісті мамандығы болмаса, Үкімет есебінен оқып, қосымша мамандық алуға мүмкіндігі бар және де сол өңірде бес жыл бойы тұратын болса, онда баспананы жекешелендіріп алуына әбден болады.
Бұрын қарастырылмаған мәселенің бірі, яғни қазір оралмандар бейімдеу, уақытша орналастыру орталықтарында бір жылға дейінгі мерзімге тіркеле алады. Және қазір оралмандар визалардың санатына қарамастан тұрақты тұруға рұқсат ала алады. Ал бұрын тұрақты тұруға рұқсат алу үшін этностық қазақтардың тұрақты тұруға көшіп барады деген визасы болу керек болатын немесе шыққан елінің құзырлы органының басқа елде тұруына қарсылығы жоқтығы туралы анықтамасы болу керек еді. Осы тізбектегі түйінін тапқан шешімдердің бәрі де жоғарыдағы аталған Заңның аясында қарастырылған. Демек, аталмыш Заңда оралмандар көшінің маңыздылығы мен қажеттілігі жан-жақты ашылып көрсетілген сыңайлы. Қазір дамыған елдердің қатарына жетуді бірден бір мақсат етіп отырмыз. Соның бір саласы – демография. Бүгінде еліміз тұрғындары он сегіз миллионнан асып, он тоғыз миллонға бет алдық. Бұл демографиялық өсіміміз көршілес елдермен салыстырғанда өте төмен. Егер біздің демографиялық жағдайымыз осы қалпынан өзгермесе, бұл фактор барлық саланың дамуына кері әсерін тигізері сөзсіз. Еліміздегі демографиялық ахуалды жақсартып, халқымыздың санын көбейтуге үлес қосатын – осы оралмандар көші, яғни халықтың көшіп-қонуы мемлекеттің даму деңгейін көрсетеді. Көші-қонның қоғамдағы рөлі ерекше орында. Ол қазақ халқының қалыптасуына, мәдениетіне, тіліне үлкен әсер етеді. Сондықтан да мемлекетіміз бұл процеске үлкен мән беріп келеді.
Қазақстан Республикасының көші-қон саясатының мақсаты – еліміздің ұлттық бірегейлігі мен қауіпсіздігін сақтау және дамыту шеңберінде заңсыз көші-қонды қысқарту мен сұрыптаушылық көші-қонды қалыптастыру жолымен көші-қон процестерінің келеңсіз салдарын азайту болып табылады.
Қалай болғанда да, тарихи Отанына келуді аңсап, армандап жүрген қандастарымыздың санының әлі де көптігі бізді ойлантады. Оларды елге қабылдап, қоғамға кіріктіруіміз керек-ақ. Оралман деген атаудан шошынуымыздың еш себебі жоқ.
Көштің тоқтамайтыны, жалғастығы туралы әлем қазақтарының Нұр-Сұлтанда өткен соңғы құрылтайында Елбасы бұл жөнінде тиісті орындарға нақты тапсырмалар берген болатын.
Құрылтай барысында қаралған басты мәселенің бірі – латын әліпбиіне көшу. Жергілікті қазақ пен шеттен келген қазақ бір тілде түсінікті сөйлегенімен, бір-бірінің жазбасын түсінбеуі, оқи алмауы, яғни әліпби, жазу мәселесі еді. Бүгінгі таңда бұл да оң шешімін тапты.
Міне, тәуелсіздігіміздің таңы атқалы бері Алатау мен Сарыарқаны бетке алған Қазақ көші толастаған емес. Тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бұл жетістікті «Біз бір миллион ағайынды елге қайтардық!» деп үнемі мақтанышпен айтып келеді. Бүгінде сол қандастарымыз өсіп-өніп, ұрпағымен 1,5 миллионнан асып кетті. Тәуелсіздік алғанға дейін Қазақстанда қазақтардың саны 40 пайызға жетер-жетпес болса, қазір 70 пайызға тақады. Соның бір бөлігі, әрине, шеттен келген ағайынның үлесінде.
Көші-қон дегенде ең алдымен ауызға түсетін бір қасиетті сөз барын жоғарыда айтып өттік. Ол – Тәуелсіздік! Ендеше, тәуелсіздігімізбен басталған көш легі тоқтамасын! Елімізге – ел, жұртымызға – жұрт қосылса, қазақтың қарасы көбейері сөзсіз.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста