Қазақстанға мигранттар неге құмар?

Қазақстанға мигранттар неге құмар?

 Кейінгі кезде Орта Азия елдерінің мигранттары Қазақстанға жиі тұрақтайтын болған. Ресей Федерациясы Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан азаматтарының ел аумағына кіруіне тыйым салғаннан кейін олар көбіне Қазақстанда қалғанды жөн көреді. Елімізге шетел азаматтарының көптеп келуінің екінші жағы да бар. Бұл – еліміздегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық. Соңғы үш жылдың ішінде ішкі істер органдары шетелдік еңбек мигранттарына Қазақстанда еңбек етуге 1,5 миллион рұқсатнама беріп, оны ұзартқан. Көші-қон қызметі орталықтарының қызметі бүгінде «бір терезе» қағидасымен ұсынылады.

Халықаралық Көші-қон ұйымы – БҰҰ-ның Көші-қон жөніндегі агенттігінің (ХКҚҰ) мәліметтері бойынша, жыл сайын 2 млн-нан астам шетелдік Қазақстанға жұмыс істеуге, оқуға және басқа да себептермен келеді. Олардың 75 пайызы – Өзбекстан, 14 пайызы – Қырғызстан, 11 пайызы – Тәжікстан азаматтары. Сондай-ақ жыл сайын 3 млн-нан аса шетелдік Қазақстан арқылы (2017 жылы – 3.055.316, 2018 жылы – 676 803 адам) басқа елдерге аттанады.
Еңбек мигранттары әлеуметтік жағынан осал жандар болғандықтан олардың интеграция­сы және реинтеграциясы мәселелерін шешу қазіргі заманның талабы, Осы түйіткілді мәселеге орай таяуда Аматыда «Аймақтық және жаһандық сын-қатерлерді ескере отырып, Орталық Азиядағы адам саудасына қарсы күресті күшейту және осал мигранттарды қорғау» аймақтық жобасы аясында семинар өтті. Бұл басқосуға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстанның үкіметтік емес ұйымдарының (ҮЕҰ) өкілдері, ХКҚҰ-ның Венадағы аймақтық кеңсесінің мүшелері, Орталық Азия елдеріндегі және Қазақстан қалаларындағы мамандар, журналистер қатысты.

Халықаралық Көші-қон ұйымы Венадағы өңірлік кеңсесінің еңбек мобильділігі және адами даму жөніндегі бас маманы Майкл Ньюсон келтірген дерекке сәйкес, ғаламшардағы әрбір 7-ші адам мигрант. Жердегі 7 млрд адамның 1 млрд-қа жуығы көшіп-қонып өмір сүреді екен. Олар, негізінен, ішкі қөші-қонға жатады. Халықаралық мигранттардың саны – 278 млн адам. Маманның айтуынша, әсіресе, Азиядағы урбандалу үдерісі деңгейінің күрт өсуі есебінен мигранттардың ағыны күшейе түсуде. Негізінен, адамдар ауылдардан қалаларға көшіп жатыр.
«Қазір әлемдегі мигранттардың ең үлкен ағыны Қытайда байқалады. Қытайлар ауыл шаруашылығы аймақтарынан өнеркәсіптік аймақтарға көшуде. Атап айтатыным, адамдар кедей елдерден бай елдерге көшіп жатыр деген пікір ескірді. Бүгінгі таңда әлем халқының 38 пайызға жуығы дамушы елдерден дамыған елдерге, 35 пайызы дамушы елдерден өзге дамушы елдерге, 23 пайызы дамыған елдерден өзге дамыған елдерге, 6 пайызы дамыған елдерден дамушы елдерге қоныс аударуда. Мигранттардың негізгі бөлігі өзге қалалар мен елдерге жұмыс істеу мен өмір сүруге қолайлы жағдай іздеп аттанады. Азияда 63 млн мигрант бар, олар негізінен Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азияда көшіп-қонып жүр. Мигранттардың 48 пайызы – әйелдер, олар ерлермен қатар өзінің отбасын асырау үшін табыс табады» деді Майкл Ньюсон.
Халықаралық сарапшының пайымдауынша, қай мемлекет болса да миграциядан айналып өте алмайды, белгілі бір жағдайларда миграция да қажет. – Мәселен, Еуропада 2050 жылдарға қарай халықтың қартаюы есебінен 50 млн иммигранттарға деген жұмыс күшінің тапшылығы қатты сезілетін болады. Қазір дамыған елдерде халықтың қартаюы ең басты мәселеге айналды. Сол себептен, жұмыс күшінің тапшылығын мигранттар есебінен толтыруға мүмкіндік зор. Мысалы, Польшада 1 млн-нан аса мигранттар жұмыс істейді. Алайда кез келген елге жұмыс істеуге келген адамның ортаға бейімделуі, сондай-ақ жергілікті қоғамға интеграциялануы аса маңызды мәселе болып табылады. ХКҚҰ интеграцияны екі жақты үдеріс ретінде қарастырады. Ең бастысы, сол елге келген мигрант та, оны қабылдаған қоғам да әлеуметтенуі керек, – деп түсіндірді мәселені М.Ньюсон.
Соңғы жылдары Орталық Азия аймағында осал мигранттарға көмек көрсетуде ХКҚҰ аса маңызды рөл атқарып отыр. Бұған делел, ХКҚҰ-ның Орталық Азиядағы жобалары шеңберінде бүгінге дейін 12 мың адам көмек алған. Әсіресе, ҮЕҰ-лар адам саудасының құрбандары мен осал мигранттарға әртүрлі қызмет көрсетуде айтарлықтай үлес қосыпты. Аталған қызмет түрлеріне: құқықтық мәселелер, мемлекеттік қызмет түрлеріне қолжетімділік, жұмысқа орналасу мәселелері бойынша кеңес беру, тіл үйренетін курстарға тіркелу және кәсіби дайындықтан өтуге, жабдық алуға немесе бизнесті жоспарлау­ға көмек беру, азаматтық және құқықтық мәдениетті нығайтуға, мигранттардың балаларын мектепке орналастыруға, медициналық қызмет алуға жәрдемдесу және т.б. жатады.

ХКҚҰ-ның Венадағы өңірлік кеңсесінің еңбек мобильділігі (ұтқырлығы) және адами даму жөніндегі бас маманы Қытайдан Орта Азия елдеріне көші-қонның артуына күллі әлемнің назар аударып отырғанын айтады. «Бұл – әрі алаңдатарлық, әрі саяси елеулі мәселе. Біз барлық жерде Қытайдың басқа елдерге инвестициялары мен сауда-саттығының өскенін көріп отырмыз. Соның есебінен көші-қонның қарқыны ұлғая түсуде. Жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру нәтижесінде жаңа экономикалық орталықтар, сауда желілері құрылуда. Әрине, жаңа орталықтар жұмыссыздарды, табыс көзін молайтқысы келетіндерді магнитше тартатыны белгілі» деді ХКҚҰ-ның сарапшысы.
Оның пікірінше, мигранттар ағыны күшейген кезде адамның еңбегін қанау, күштеп жыныстық қатынас­қа мәжбүрлеуден басқа да қауіп-қатерлер пайда болады. Күрделі мәселенің бірі – мигранттардың әлеуметтік бірігуі немесе қоғаммен топтасуы. – Миграцияның көбінесе жаңа қоғамда болатынын ескере отырып, егер оны дұрыс басқармасақ, онда мигранттар мен жергілікті қоғам арасындағы шиеленістің өсуіне жол береміз. Бұл – Үкімет, жергілікті ҮЕҰ-лармен бірлесіп шешетін үлкен мәселе, – дейді ол. ХКҚҰ-ның мамандары мигранттардың интеграция­сын үш кезеңге бөліп қарас­тырады: кеткенге дейінгі, келген кезі және орналасуы. Қабылдаған қоғамда әлеуметтік наразылық туындамауы үшін, екінші кезеңде Үкімет, ҮЕҰ-лар 6 санат (жұмысқа орналасу, баспана, білім алу, медициналық қызмет, әкімшілік қызмет, құқығын қорғау) бойынша қорғансыз мигранттарға көмек көрсетуі керек.
ХКҚҰ-ның Бішкектегі кеңсесінің басшысы Бермет Молдобаева Орта Азия елдерінде адам саудасының құрбандары мен осал мигранттарға көмек көрсететін мемлекеттік механизмдердің негізі жаңадан қаланып жатқанын айтады. Алайда ортаазиялық мемлекеттердің заңдарына сәйкес, қиын жағдайға тап болған еңбек мигранттары әлеуметтік жағынан әлсіз азаматтардың санатына кірмейді. Яғни, мемлекеттен көмек ала алмайды деген сөз. Бұл адамдар өз құқықтарын қорғай алмағандықтан, ҮЕҰ-лардың көмегіне зәру. ХКҚҰ-ның статистикасына сүйенсек, қиын жағдайға ұшыраған мигранттардың 80 пайызы ресми билікке сенбей, ҮЕҰ-лардың қызметкерлерінің көмегіне жүгінеді. Ол өз сөзінде шетелде жұмыс істейтін азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғайтын Өзбекстанда құрылған қордың тәжірибесін мысалға келтірді. ХКҚҰ-ның сарапшыларының пікірінше, біріншіден, Қазақстандағы интеграциялық қызметтер, ең алдымен, ішкі мигранттар мен өзге елдерден көшіп келген этникалық қазақтарға бағытталған. Өйткені көбінесе оралмандар жергілікті қоғамға интеграциялануға мұқтаж.

ХКҚҰ-ның сарапшыларының бағалауынша, соңғы жылдарда Орталық Азия аймағындағы көші-қонның динамикасы барынша күрделене түсті. Бүгінге дейін Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстаннан шыққан жүз мыңдаған мигранттардың тұрақтайтын елі болып келген Ресейдегі экономикалық құлдырау мен әкімшілік шектеулердің салдарынан, олардың Қазақстанға қарай ағылуы екі есеге ұлғайды. Көші-қонның динамикасына шетелдік мигранттарға Ресей Федерациясының аумағына кіруге тыйым салу ықпал етті. Үш-бес жылдың ішінде Ресейге жақсы жұмысы үшін оралуға мүмкіндігі болмаған мигранттар Қазақстанды таңдауда.
ХКҚҰ-ның Астанадағы кеңсесінің ұлттық бағдарламалар үйлестірушісі Светлана Жасымбекова жыл сайын елімізге 2 млн-нан астам шетелдіктер әртүрлі мақсатпен (білім алуға, жұмыс іздеуге және т.б.) келетінін айтады. Мәселен, 2018 жылы ішкі істер органдарына тіркелген 1 927 742 шетел азаматының 1 453 648-і – Өзбекстан, 55 110-ы – Қырғызстан, 59 404-і Тәжікстан азаматтары екен. «Елімізде қолға алынған заңдық, құқықтық іс-шараларға қарамастан, мигранттардың дені заңмен реттелмеген кеңістікте қалып отыр. Жыл сайын 110 мыңнан аса шетел азаматтары әкімшілік жауапкершілікке тартылады, олардың 10 мыңнан астамы ел аумағынан шығарылады. Мысалы, 2018 жылы көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 52 696 Өзбекстан азаматы әкімшілік жазаға тартылған, соның ішінде 7690-ы – елден қуылған. 917 Қырғызстан азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, соның ішінде 163-і – елден шығарылған. Заңмен реттелмеген кеңістікте қалған 2525 Тәжікстан азаматының 533-і ел аумағынан қуылған» деді Светлана Жасымбекова.
Басқосуда ХКҚҰ-ның сарапшыларына: «Қазақстан болашақта иммигранттар еліне айналуы мүмкін бе? Осыған орай, БҰҰ-ның қандай да бір болжамдары бар ма? Оқуын бітірген соң шетелде қалып қоятын қазақтардың саны артуда. Бұдан мемлекет зиян шеге ме, әлде, пайда көре ме?» деген сауалдар қойылды. ХКҚҰ-ның Венадағы өңірлік кеңсесінің еңбек мобильділігі (ұтқырлығы) және адами даму жөніндегі бас маманы Майкл Ньюсон: «Қазақстаннан шетелдерге кетіп жатқандар білім алуға, тәжірибе жинауға барады. Екі түрлі жағдайда олардың елге тигізетін пайдасы зор. Біріншіден, шетелде алған білімін, машығын өз Отанында қолдана алады. Екіншіден, шетелдерде тұратын қазақтармен білім, сауда, инвестиция алмасып, жаңа қарым-қатынас желілерін құрады. Демек, Қазақстандағы миграцияға жоғары білікті тұлғалар тартылған» деп жауап берді. Ол екінші сауалды ХКҚҰ-ы проблема ретінде қарастырмайтынын айтты. «Шетелде қалған азаматтарынан пайда көретін елдер де бар. Мысалы, Үндістан мен қытайлық Тайвань провинциясын алайық. Осы екі мемлекет АҚШ-та тұратын азаматтарының білімін, білігін, машығын тиімді пайдалануға кірісті. Осылайша, олар Силикон жазығында компания құрып, бизнес ашып, белгілі бір жетістіктерге жеткен азаматтарына үлкен үміт артып отыр. Өйткені, үнділер мен тайваньдықтар құрған бизнес желісі өз елінде жоғары технологиялық индустрияны өркендетуді ынталандырады. Яғни, шетелде тұрып та, өз еліңе пайда тигізуге болады» деді М.Ньюсон.

Мигранттар жаңа қоғамға келгенде әртүрлі мәселелерге тап болып, интеграцияның алуан түрлі кезеңдерінде қажеттіліктерге мұқтаждық туындайды. Қажеттіліктерге негізінен: тілдік және мәдени кедергілер, отбасының жоқтығы, кемсіту мен әлеуметтік оқшаулау, құқықтар және қолжетімді қызметтер туралы ақпараттың жеткіліксіздігі, елден қуудағы қорқыныш, қаржылық қиындықтар жатады. ХКҚҰ-ның мамандары өз елінен жат елге аттанатын мигранттарға 6 нәрсені қаперде ұстауды ұсынады: шешім қабылдау үдерісіндегі нақтылық, қиыншылық туғызатын мәселелерге дайын болу, баратын ел туралы толыққанды, дұрыс ақпарат жинау, мигранттың құқықтары мен міндеттемелерін білу, барған мемлекеттегі қызмет түрлері мен оларға қолжетімділікті білу, қаржылық жоспар жасау. Мысалы, интеграциялық қызметтерді үкіметтік емес ұйымдармен (құқық, қызмет түрлері ақпарат таратады, тіл үйрену курстарын жүргізеді, заңдық қызмет көрсетеді, мигранттарға анықтама беретін орталық рөлін атқарады, мигранттардың құқықтарын қорғап, жергілікті билікпен өзара іс-қимыл жасайды) алуға болады. Бір сөзбен айтқанда, басқосудың мақсаты орындалды. Себебі онда мигранттардың интеграциясы мен реинтеграция­сының құралдары және мигранттарға көрсетілетін қызмет түрлерінің тиімділігі талқыланды. Семинарға қатысушылар әлемдегі үздік мысалдарды үйреніп қана қоймай, әртүрлі бағыттар бойынша өз тәжірибесімен бөлісті.

on.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста